ҚАЗАҚ ЕЛІНІҢ ТҮРКІЛІК ДӘУІРЛЕУІ АСТАНАҒА ЖЕТІП, МАМЫРАЖАЙ «МӘҢГІЛІК ЕЛ» ҚАЛПЫНДА ЖАҢҒЫРУЫ

ҚАЗАҚ ЕЛІНІҢ ТҮРКІЛІК ДӘУІРЛЕУІ АСТАНАҒА ЖЕТІП,  МАМЫРАЖАЙ «МӘҢГІЛІК ЕЛ» ҚАЛПЫНДА ЖАҢҒЫРУЫ
жеке
блог

Кіріспе. Скиф дәуірі, Сақ дәуірі, Ғұн дәуірі, Дешті қыпшақ қағанаты һәм Түрік қағанаты, осыларға қоса, Ұлы Моғолдар империясы, оның тікелей жалғасы Қазақ хандығы және де осы жерде аттары атаусызы бар, белгілісі бар қаншама өркениет ошақтары біздің ата-бабаларымыздың кейде өздері құрып, кейде өзгенің құрғанын мекен етіп, заманалардың талайын бастан кешіріп, Ұлы Дала өркениеттік кеңістігін біздерге – бүгінгі ұрпақтарға аманат етіп қалдырды ғой! Енді осы мәселені «Мәңгілік ел» парадигмасы тұрғысынан және де «Рухани жаңғыру» тұжырымдамасы аясында талқылап, бүгінгі һәм ертеңгі болар шақтарға сәйкестендіру, тіршілік философиясы сапасында дамыту.

 1 Ұлы дала өркениеті – баба түркілік дәуірлеуінің шарықтау шегі

1.1 Көшпелі Ұлы дала өркениетінің тұғырлары

 Философия диірменіне «Ұлы дала өркениетін» (ҰДӨ) салсақ, «өркениет ошағы» деген ұғым мынадай негізгі үш тағаннан құралады:

- өркениет ошағын (ӨО) даралап айғақтайтын материалдық жәдігерлер мен құндылықтыр;

- ӨО табиғатымен біте-қайнасқан тұрмыстық кәсіптер, тәсіл-айлалар, яки технологиялар;

- сол ӨО болмысын паш етерлік дүниетанымдық жүйе, яки пәлсапа –  философия.

ҰДӨ ұғымын Жоңғар империясымен соғысқа араласуға мәжбүр болған түріктердің біріккен қолын басқарған (23 жыл қазақ, ноғай, қарақалпақ және башқұрт жоңғарларға қарсы біріккен қолына алғашқы бас сардар болған) Толыбайсыншыұлы Қожаберген баһадүр-жыраудың өмірбаяны (1663-1763 жж.) һәм шығармашылығы тұрғысынан саралай келсек, баба рухының шарықтау биігінің біз осы ұғымның асқаралы биіктігі мен шыңырау тереңдігін бірдей шалып тұрғанын байқаймыз. Көшпенділік харекет Жоңғар имериясымен алапат соғыста түркі дүниесінің сақталып қалуының, соның ішінде жоңғарларды жеңуде қазақтардың басты рөл атқарғандығының басты сыры, негізгі себеп-салдары дер едік. Өйткені, отырықшылыққа айналған талай жұрттар өркениетін сақтамақ түгілі, өздері де жер бетінен жойылып, ошақтарының орнында күресін де қалмағаны ұзын-сонар тарихтан белгілі.

Енді Ұлы дала өркениетін жоғарыдағы сұлба бойынша талдап көрейік.

 1.2 Ұлы дала өркениетінің материалдық жәдігерлері

 Киіз үй, үйге қажет тұрмыс жабдықтары, ат әбзелдері, арба, мал ұстаудың далалық қажеттіліктері мен оны азыққа, киім-кешекке, киіз үй жабындысына, мінер-көшер көлікке жарату, қару-жарақтың бес түрі, сауыт пен дулыға, өрмек, қылыш пен мосы, мазарлар мен күмбездер, кесенелер мен қорған-төбелер, дуалдар мен қарауыл-мұнаралар, ұстындар мен мүсіндер, барықтар мен мешіттер және т.т. жәдігерлер ҰДӨ теңдессіз заттық-материалдық құндылықтарын құрады;

 1.3 Ұлы дала өркениетінің кәсіптері, тәсіл-айлалары

 Мыс пен жез, темір мен құрыш, күміс пен алтын қорытып, кәдеге жарату, асыл тастарды өңдей білу, әшекейлер жасау, тоқыма мен алаша, ши тоқу, кигіз басу, сырмақ сыру, жүн мен қайыстан арқан есу, камшы мен бишік өру, ағаштан алуан түрлі киіз үй қаңқасы мен жабдықтарын, қару-жарақтар, құрал-саймандар, ыдыс-аяқтар, бесік пен есік жасау, таяқ пен арқаннан құрық жасау, сөйтіп ағашқа “жан бітіру”, тері илеу, одан киім-кешек, ыдыс-аяқтар, ат әбзелдерін жасау, шымнан, тастан үй, қора, қорған тұрғызу, қыштан ыдыстар жасап күйдіру, саз аспаптарын жасау; қой мен ешкі, сиыр мен қодас, бие мен інген сүтінен тағамның жүздеген түрін, үй жануарлары мен құстың етінен астың көптеген  түрін, соның ішінде ұзақ уақыт көшіп-қонуда, соғыс жағдайында бүлінбейтін азық-түлік дайындау; тағыны қолға үйретіп, үй жануары ету, жабайы өсімдіктерден астық дақылдарын өндіріп пайдалану және т.б. тұрмыстық технологиялар ҰДӨ арқау болған. Тіптен, сол заманның әр кезеңі үшін кейбір тәсілдер өзіндік жаңғырмаларға сайып, инновацияға айналып отырған;

 1.4 Ұлы дала өркениетінің дүниетанымдық жүйесі – философиясы

 ҰДӨ дүниетанымдық жүйесі де өзгелерден ерек болғандығы көптеген тыңғылықты зарттеулермен дәлелденіп үлгерді. Қоршаған орта мен табиғаттың тылсымын аспан денелеріне тиесілі деп түйсінген далалықтар табынушылықтың «Күнге табыну» түрін өздерінше дамытқан, соның бір дәлелі оларды басқа жұрттардың «Күн адамдары» – «күндер» (қытайша «гүндер», «ғұндар» болып аталуы осыдан) деп атауы, яғни мұсылмандықты қабылдағанға шейін далалықтар Айға емес, Күнге табынған. Келе-келе, түркілік дәуірде Тәңір құдайының және соның діни нанымдық жүйесі бөгү дінінің ықпалына бүкіл басқа түркілермен бірге қазақтар да түскен. Бұл да сол мұсылмандыққа бетбұрыс жасағанына дейінгі біздің Ата жұртымыздың өмір сүру нышаны, тіршілік харекеті болды. Қожаберген баһадүр-жыраудың заманы мұсылмандыққа түбегейлі көшкен заман еді. Толассыз жаугершілік дүниетанымдық үрдіске де өз таңбасын салмай қоймады. Жыраудың бүкіл ой-өрісі, ел басқару, қолбасшылық ету әдіс-тәсілі, шығармашылық қарымы, өнерге, жазуға ден қоюы, өмірге көзқарасы, бар болмысы, демек – пәлсапасы  жаугершілік шырмауынан қалайда ел-жұртын алып шығу, бейбіт өмірге жеткізу болғаны аян. Осы межеге ол жанкештілікпен, абыроймен шыға білді.

 2 «Мәңгілік ел» парадигмасының нығаюы да, сақталып қалуы                                                     да заманалар легінде қазақ деген қарға баулы ұлтқа аманат

 Дала тіршілігінде «Зар-заман» деген атауға іліккен тарих тұңғиығына тап болған XVII-XVIII ғасырлар Ата жұртымызға бұрын-соңды болмаған нәубет әкелгені белгілі. Жүз жылдан артық уақытқа созылған Жоңғар империясымен жан берісіп-жан алысқан соғыс, соның үлкен бір салдары халқымызға орасан зор «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» атауымен тарихта қалған қасірет «қазақ» атаулыны дүниеден «жоқ!» қылып жіберердей оқиғалар еді. Міне, содан халқымыз қалай аман қалған? Бүгінгі егемен ел болу жолына түсуге, соған қол жеткізуге ата-бабалардың «Ұлттық идея» болуға лайық қандай ғұлама істері алғышарт болды? Ендігіде Ұлы мұрат «Мәңгілік Ел» болудың жолы, тетігі неде? дегендей сан-алуан бұрыннан келе жатқан сұрақтар бүгінгі, болашақ ұрпақтардың алдынан шыға берері хақ. «Алаш» ардақтылары өз жауаптарын кезінде беріп те баққан. Халықтың басынан өткерген сонау зар-замандар, санғилы соғыстар сабағымен құнды да шығар, бірақ олар жойқын миллиондаған құрбандықтарды ешқашан ақтай алмайды. Осынау жанкештілік табиғатпен біте-қайнасқан тұрмыс-тіршілігі болған Ата жұртымыздың болмысына ғана тән екендігіне көзіміз жетіп, марқаюдамыз.

Заманнан заман асып, осылайша ұрпақтар үндестігі жалғаса бермек. Жаңаша айтсақ, бәсекелестік үрдіске іліккен түркілер Мәңгілік Елге айналуда.

 2.1 «Мәңгілік Ел» болудың тұғырнамалық қағидаттары [1]

 Жасыратыны жоқ, «Ұлттық идея» тақырыбы кезінде әжептәуір көтеріліп, ойлы оқырман ортасында талқыға түскен еді. Өкінішке қарай, ол кезде Қожаберген бабамызды дәл бүгінгідей білген жоқпыз, сондықтан «Ұлттық идеяға» сөзімен де, ісімен де, өнер-салтымен де, тіпті жан-дүниесімен де қатысы бар ұлыларымызды ұлықтау, бабалар аманатына адалдық таныту ортақ парыз.

 

Ұлттық идеяға зер салыңыз: XVII-XVIII ғасырлардағы – Қазақ жерін Жоңғар  шапқыншылығынан азат ету (Әбілхайыр хан, Абылайхан, Қожаберген, Бұқар, Қазтуған, Доспамбет, Шалкиіз, Жиембет, Ақтамберді жыраулар, Төле, Қазыбек, Әйтеке билер, қазақ ел-жұртын азат еткен сансыз батырлар).

XVII-XVIII ғасырлардағы – Қазақ жерін һәм түркі тектес басқа да халықтардың – Татар, Башқұрт, Қарақалпақ, Ноғай, Қырғыз ел-жұрттарын Жоңғар империясының шапқыншылығынан азат етуде Қожаберген Толыбайұлы ширек ғасыр солардың қазақтармен біріккен қолдарына қолбасшы да өзі, бас сардар да өзі болды. Сөйте жүріп, Дәстем сал, Ақтамберді, Бұқар, Үмбетей, Тәтіқара, Жанкісілерді ақын-жырау етіп баулыса, Бөгенбай, Жәнібек, Бақсары, Бөкенбай Мергенұлы сынды көптеген сарбаздарды батыр-баһадүр сапына қосты. Ал, олардың ішінде өзінің бауырлары мен ұлдары да қатар жүріп, жоңғарларды түбегейлі жеңуге «Елім-айлап!» күш салды.

Мұны айтып отырғанымызда мынадай мән бар: Мәселен жоңғарды қазақ қана жеңіп, басқа түркіліктер жеңіліс тапса, онда солардың жері-елінде жоңғарлар шоңқиып отырып алар еді де, көршілеріне әңгіртаяқ ойнатуды жалғастыра берер еді ғой! Жан-жағымыз сондай болса, қазағыңа Мәңгілік Ел болу қайда? Жер бетінде халық ретінде тірі қалуының өзі бас-қайғы болып кетер ме еді, қайтер еді!?

Бұдан туындайтын тұжырым: Мәңгілік Ел болу кез келген елге бұйыра салатын немесе аспаннан салбырап түсе қалатын бақ емес, кейбіреуге ол шөл даладағы сағым тәріздес елестесе, енді біреулерге шарайнадағы сиқырлы шағылыс іспеттес ауани-қияли көрініс. Демек, бұл мәселе терең зерттеп, әлі де зерделеуді қажет ететін ұғым.

Мемлекет басшысы «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауында саннан сапаға өту мәселесін ерекше атап өтті. Озық нанотехнологиялар мен инновацияны, ғылыми жетістіктерді барынша кеңінен пайдаланып, барлық салаға енгізу, экономиканың тиімділігін арттыру мәселесіне тереңірек тоқталды.

Рас, біздің инновациялық парктеріміз, түрлі ғылыми жобаларымыз ғылымның қатысуын қажет ететін ірі мәселелердің шешімін табуға бағытталған. Міне, осыған өнеркәсіп орындары мен индустрия өкілдері келіп, өздерінің қажетін алып жатса, одан екі жақ та ұтады. Себебі, ғылым араласпаған жерде өсу де, ілгерілушілік те жоқ. Егер ғылым араласатын болса, кез келген өндірістің шығаратын өнімінің саны да, сапасы да артады.

Мемлекет басшысының алға қойып отырған басты талаптарының тағы бірі – өркениеттің көшінде бәсекелестікке қол жеткізу үшін білім мен ғылымды өндіріспен ұштастыру, отандық инновация жүйесін қалыптастыру. Ал мұның ар жағында бабалар аманатына адалдық жатқаны айдан анық.  

 Сонымен, әңгіменің басында айтып өткен «Қазақстантануға» қайта оралайық. Бұл орайда ғылыми да, біліми де және әдіснамалық тұрғыдан негіздеуді қаперге ала отырып, оның пәндік болмысын нығайту мақсатында «Мәңгілік Ел» болудың, болып қалудың һәм бола берудің қағидаттарын тұғырнамалық жағынан бекемдеген жөн.

- Біріншіден,   Мәңгілік   Ел   болмақ   бүгіннен   басталмайды:   ықылым

замандардан бастау алатын алғы кезеңдерде ол елдің салиқалы тарихы, батырлық салт-дәстүрге толы өткені мен өркениеттік болмысы болуы ләзім. 

- Екіншіден, бүгінгі делінетін өтпелі шақта, кәмелетке жеткен әр тұлға осы шаққа лайық жаңғырмалы – инновациялық технологияларды емін-еркін игеріп, солардың ішінде жас жеткіншектері заманауи ғылым-білімді кәсіби тұрғыда меңгеріп, техниканың озық түрлерінің «құлағында ойнайтындай» болуы тиіс. Сонымен қатар жұртының әр азаматы ағымдағы абсолютті демократия құзырындағы құқықтық ортада жан-жақты қорғалып, өз әлеуетін толықтай елінің игілігіне, оның Мәңгілік Ел санатында жасай беруіне, жеке тұлға ретінде өз әулетінің һәм жанұясының бақытты өмір сүруіне сарп етіп, мемлекетінің ұлттық идеологиясына, халқының ұлттық идеясына шынайы берілгендігін танытпақ.

- Үшіншіден, Мәңгілік Ел болып қалмақ дегеніміз – сол кейпінен айнымай, соған лайық жұртының жарқын болашақ мұратын баянды ете алу деген сөз. Керек десеңіз, алыс-жақын келер шақ дәуірлерде айнала мен қоршаған ортаның биосферадан ноосфераға айналатындай күн туған жағдайда ноосферойдтар кейпіне көшіп, ноосфераны түгелдей жайлап, Ғаламшардың алыс-жақын ойкумендік түкпірлерінде өз бойына дарытып алған абсолютті энергия мен абсолютті байланыс делінетін құдіретті қасиеттеріне сүйеніп, биліктерін абсолютті демократия құзырында жүргізе алатындай болашақ «ерен әлжетімді» адамзат нәсілін жасақтауға бірте-бірте дайын болу, түптің-түбінде солай қарай бетбұрыс жасау міндеті жүктеледі.

Қысқа қайырғанда, «Қазақстантану» ғылымының пәндік болмысын, зерзатын – зерттеу дүниесін ең алдымен осы «Мәңгілік Ел» ұғымы айналасында қарастырған жөн деп білеміз.

Мақаламыздың тоқ-етерінде Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы айтылған бір-екі түйінді ойларға ден қоялық: «Екі дәуір түйіскен өліара шақта Қазақстанға түбегейлі жаңғыру және жаңа идеялар арқылы болашағын баянды ете түсудің теңдессіз тарихи мүмкіндігі беріліп отыр. Мен барша қазақстандықтар, әсіресе, жас ұрпақ жаңғыру жөніндегі осынау ұсыныстардың маңы­зын терең түсінеді деп сенемін». Жоғарыдағы «Мәңгілік Ел» тұғырнамасы да осы ойды қуаттап, ұлтымызға, әсіресе жас ұрпаққа зор міндет жүктейді. Бүгінгі күні бабалар аманатын орта буын көтеріп отырса, ертең-ақ ол жастықтан есейіп, ел өміріне араласқан өскіндердің иығына жүктеледі. Осы арада Елбасының мақалада айтқан екінші ойы: «Жаңа жағдайда жаңғыруға деген ішкі ұмтылыс – біздің дамуымыздың ең басты қағидасы. Өмір сүру үшін өзгере білу керек. Оған көнбегендер тарих­тың шаңына көміліп қала береді» тіршілік тактикасы іспеттес – стратегиялық дамуға бағыт-бағдар сілтейді. Қорыта айтқанда, біздер көптен бері шұғылданып жүрген мәселе осылай ширатылды [1]-[4].

 

Әдебиеттер:

 

1. ӘУБӘКІР Д.Ә. Тарих толқынында: Бабалар аманаты.// «Mangi El» халықаралық ғылыми-көпшілік тарихи журналы. – Алматы: «Print Hause Gerona» баспаханасы, № 1 (15) 01-02 2016, 38-41 б.

2. ӘУБӘКІР Д.Ә. Зар-заман туындатқан кәсіп-нәсіп философиясы һәм жаңғырған Қазақстан тарихының бір парасы.// Қазақстантану-10. Казахстановедение-10. Kazakhstanlogy-10» атты Халықаралық ғылыми конференция материалдары. Т. 1. Астана: Тұран-Астана университеті, 2015, 385-399 б.

3. ӘУБӘКІР Д.Ә., Асхатова Ф.Е., Шарипова М.Қ. Ежелгі түркі – бұрынғы қазақ өркениет тәсілдері ұлт руханиятына қосылған баға жетпес игілік, заманауи технологияларға жетелер баспалдақ.// «Қазақ философиясы және әлеу-меттік-гуманитарлық ғылымдарды оқытудың инновациялық аспектілері»: республикалық ғылыми-практикалық конференциясының материалдары (16-17 мамыр 2014). Алматы: Абай атындағы ҚазҰПУ, 2014, 142-147 бб.

4. ӘУБӘКІР Д.Ә., Шарипова М.Қ. Мәңгілік ел межесі – ноосферойдтар мекеніне ұласпақ: ең алғашқы ноосферойд тұлғамыз – тұңғыш ғарышкеріміз Тоқтар Әубәкіров.// Материалы международной научно-практической конференции «Через науку – в Космос», посвящщённой 25-летию полёта в Космос первого казахского космонавта Аубакирова Тохтара Онгарбаевича (11.10.2016, г. Астана). Астана: Изд-во унив. «Тұран-Астана», 2016, с. 229-237.