ЖАЛПЫҒА ОРТАҚ ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕГІ ДУАЛДЫ-ӘЛІПБИЛІК ЖАҢҒЫРУ ЖАҒДАЙЫНДАҒЫ КЕЛЕЛІ МӘСЕЛЕ

ЖАЛПЫҒА ОРТАҚ ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕГІ ДУАЛДЫ-ӘЛІПБИЛІК  ЖАҢҒЫРУ ЖАҒДАЙЫНДАҒЫ КЕЛЕЛІ МӘСЕЛЕ
жеке
блог

Кіріспе.  Бұл мәселені талқылауды 1991-де бастап, он үш жылдай уақыт өткен соң доғарып қойған едік. Бұл іске әрқилы салалардың мамандары атсалысты. Бүкіл еліміздің жер-жерінде басталып, Алматыда шиырыла түскен бұл үрдіс жаңа елорда Астанада заңды жалғасын тапты. Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-да 2001-2004 жылдары аралығында жаңа латын харпіне негізделген әліпбиді таңдауға бағытталған мамандардың бірнеше алқалы жиындары өтті, солардың ішінен университетте ұйымдастырылған екі бірдей "Дөңгелек үстелді" бөле-жара айтуға болады. Оның бірі 4.03.2001 күні өтсе, екіншісі 14.02.2002 күні өткізілді. Бұл шараларға Ақселеу Сейдімбек, Рымғали Нұрғали сынды халқымыздың аяулы азаматтары қатысқан еді. Тіптен, Рымғали-ағаның «сендер басқа әріптермен не істесеңдер де – өздерің білесіңдер, бірақ “Қ” әрпін һәм дыбысын орнынан қозғамаңдар!» – деп, ақыл қосқан еді. Солардың арасында тағы да сол университетімізде 2001 жылдың 18-19 мамырында өткен ҚР 10-жылдығына арналған халықаралық "Байырғы түркі мәдениеті: жазба ескерткіштер" ғылыми-теориялық конференциясында М. Өтелбаев пен Д. Әубәкір жасаған "Сына жазу әліпбиінің антропологиялық жаңғыруы һәм мәдени қайта түлеуі – өркениеттің үйлесті-жасампаз пәрмені" аттас баяндамасы радио арқылы бүкіл Республикамызға таратылды. Бұл баяндамада да қазақы латын әліпбиін таңдау мәселесі сөз болған еді. Сайып келгенде, төл тіліміздің мемлекеттік мәртебесін кәсіби ортада, техника мен технологияда өзіне тиесілі деңгейіне көтеру жолдарын таңдау үшін мынадай шешім қабылданған:

Қазақ әліпбиі етіп кирилдік алфавитпен қатар латын харпін қолдана бастау қажет; бес-он жыл өткенше таңдалған латын жазуын компьютерлік және техникалық байланыс жүйелерінде, алыс-жақын шетте жүрген қандастарымызбен  Іnternet, E-maіl, Mobile  жүйелері арқылы хат-хабар, ақпарат алмасуымызда, яғни елшілік жүйесіндегі мемлекеттік деңгейде және оқу, білім беру ісінде қолдана тұрған дұрыс деп табылсын!

Асыққан бұл мәселеде – жарға жығады, соның кеселін өзбектер тартып жүр емес пе – бір емес, үш мәрте қайта жаңғыртсада, осы күнге шейін латынға көше алмай сарсаңға батты.

Сондықтан да, Елбасының 2025 жылға дейін дегені әбден құптарлық шешім.

1.  Латынға негізделген қазақ әліпбиін таңдаудың талаптары

 Бұл істе таңдаумыз – екі жол болмақ:

1) Латын әліпбиіне түпкілікті көшу;

2) Кирилдік әліпбиде қалып қою.

Бұл екі жол – біздің таңдар жолдарымыздың "ең шеткілері" – деп есептей отырып, "ортаңғы" – "күре тамыр" жол іздесек қалай болар екен? Мысалға:

3) Кирилдік әліпби мен қазақша техникалық латынды қатар пайдаланайық.

Түпкілікті таңдауды болашақтың құзырына қалдырайық.

Енді осы "күре тамыр" жолды былайша тарқатып көрейік:

3-а) Компьютерде, компьютер жиі қолданылатын жүйелерде, алыс-жақын шетте жүрген қандастарымызбен Іnternet, E-maіl, Mobile жерсеріктік коммуникацияларда, теледидар, телеграф, телетайп жүйелері арқылы хат-хабар, ақпарат алмасуымызда, яғни елшілік жүйесіндегі мемлекеттік деңгейде қолдана тұрған дұрыс деп табылсын; өзіміз таңдап бекіткен ағылшын таңбаларын қазақ-латын транслитерациялық таңбалар жүйесі ретінде, яғни  "волапюк" рөлінде қолданайық.

3-ә) Мектепте төменгі сыныптардан бастап латиницаны үйретейік (ағылшын тілімен бірге). Қазақ сөздерін ағылшын әріптерімен жазуды ойын ретінде (компьютердегі ойын ретінде) үйрете бастайық.

3-б) Қазақ-латын транслитерациялық таңбалар жүйесін қазақ тілінің компьютерлік-мағлұматтық және байланыстың техникалық және мемлекеттік қызмет пен мемлекеттік басқару ісін жүргізудегі жазба таңбалары деп қабылдайық.

3-в) Басқа жағдайларда кирилицаны әзірше қолдана берейік.

Осыдан кейін "әліптің артын" бағайық. Болашақ ұрпақтарымызға өздері біржола түпкілікті таңдауын жасап алуына мүмкіндік қалдырайық.

Қазақ-латын транслитерациялық таңбалар жүйесі бола ма, әлде қабылдануға тиіс әліпбидің өзі бола ма, әйтеуір ауыстырмас бұрын терең зерттеп, мұқиат таңдауды талап етері хақ. Бірақ, әліпбиге қарағанда транслитерациялық таңбалар жүйесін таңдаудың "жарасы жеңіл" болады-ау деп пайымдаймыз, өйткені транслитерациялық таңбалар жүйесін қазірдің өзінде аса көп ойланбастан қабылдай тұрып, кейін уақыты келгенде оны әбден жетілдіріп, түрлендіріп, өзгертетін жерлері болса түзетіп, түпкілікті  әліпбиге айналдырып алуға болады ғой демекпіз. Себебі, бүгіндері қазақ тілінің дыбыстық жүйесі тыңғылықты түзілмей отыр [1], оны жүйелеу үшін уақыт қажет. Ал транслитерациялық таңбалар жүйесін мемлекеттік деңгейде стандарттап алу – уақыт күттірмейтін шараға айналатын күн туып тұр!

Енді осы транслитерациялық таңбалар жүйесін таңдау жайында біраз ой саралап көрейік.

Латын әліпбиіне көшетін болсақ, оны тиімдірек атқару үшін кем дегенде мына екі талап-қағиданы ұстану қажет деп білеміз:

І қағида: Техникалық әліпби тек қана ағылшын таңбаларынан тұруы қажет, яғни қабылданатын әліпбиде ағылшын тіліне арналған латын әліпбиінен басқа әліпбилердің таңбалары болмауға тиіс, және де әріптердің орналасу реті ағылшын тіліндегідей болуы тиіс.

ІІ қағида: Қазақ тілінде сөздер естілуімен жазылады; осыған мейлінше жақын халықаралық деңгейде орын алып отырған латын әліпбилік таңбаларын транскрипциялық оқу – ауызша айту жүйесін өз тілімізге оңтайлы етіп алуға жол ашылуы тиіс. Демек, балалар бүлдіршін жасынан бастап ағылшын әліпбиін екі тіл үшін (қазақ, ағылшын) бір ғана рет жаттап үйренгені дұрыс болар еді.

 2.  Ұсынылатын латынның XI нұсқасы

 Көп ойланып, көп толғанып, соңғы жасаған нұсқамыз  (оны  біз М. Өтелбаев пен К.О. Ерғалиева және Д.Ә. Әубәкірдің XI нұсқасы дейік: 1-кестені және де сонымен сыбайлас 1-1, 1-2, 1-3-кестелерін қараңыз, ол бұрынырақ жасалған І-X нұсқаларды ескере отырып жасалды: бұл жерде берілмей отырған X нұсқаға дейінгі қалған нұсқаларды мына жарияланымдардан тауып алып, көруге болады [2]-[4].

Кірме құрамдас дыбыстарды белгілеу үшін мына латындық қосарлы таңбалар тіркестері ұсынылады, бұнда іj, yj қосарлылықтарын жоғалтатын жағдайлар ескеріледі, мысалға, “и” дыбысы сөзде тиісінше “і” не “ы” дыбыстарынан кейін тұрса (бұл ережелер әлі де түгенделеді!): tyjyn, tijin, kyjys, xyjyn (1-2-кестені қараңыз!).       

Орыс тілінен енген кірме сөздерде бұлардан басқа дыбыстарды қолдану қажет болса, онда осы кестелерге енбеген дыбыстар үшін орыс тілінде қолданылып жүрген орыс-латын транслитерациялық таңбалар жүйесін («волапюгiн») пайдаланамыз. Егер де бұл дыбыстар қазақ тілінің дыбыстық жүйесін стандарттау кезінде тілде қалдырылатын болса, онда олар да шартты түрде "дифтонг" деп қабылданатын болсын.

 3.  Әлімхан Жүнісбек тәлімінен кейінгі жаңа нұсқа

 Белгілі тіл маманы Әлімхан ЖҮНІСБЕК ағамызбен соңғы бірер жылдай жақын танысып, ол кісінің латын графикасына төл тілімізде көшу-көшпеу туралы пайымдауларымен етене танысқаннан кейін, ұсынылып отырған нұсқамызды қайта қарамасақ болмайтын сыңайлы. Ағамыздың өзі де қазақ тіліне лайық латын графикасын жасау жолына түскенін де құлағымыз шалып қалды. Енді сонысын көрмей тұрғанда (яғни ағамыздың мысы баспай тұрғанда) біз өзіміздің бұрынырақ ұсынған X нұсқамызға біраз өзгерістер енгізіп, XI нұсқа ретінде ұсынбақпыз.

 4.  Таңдалған нұсқаның ерекшеліктері 

 4.1. XI нұсқаның ерекшеліктері (техникалық немесе түбегейлі нұсқа)

 1-ші: латынның “H/h” харіптерімен қазақ әліпбиінің “Ң/ң” әріптерін таңбалауға ұйғардық; тиісінше қазақ тілінде үш-төрт сөзде кездесетін “Һ/һ” тиісінше “Х/х” алмастырылды деп есептелетін болсын: қаһар – қахар, жауһар – жаухар, қаһарман – қахарман, жаһан – жахан, баһадүр – бахадүр, жиһаз – жихаз;

2-ші: латынның “C/c” харіптерімен қазақ әліпбиінің “Ш/ш” әріптерін таңбалауға ұйғардық; бұл өз кезегінде “Щ/щ” әріптерін орыс тіліндегідей 4 латын харпімен shsh емес екі-ақ харіппен cc деп жинақы белгілеуге жол ашады: accy, tuccy, kecce, pecci  т.с.с.;

3-ші: латынның “W/w” харіптерімен қазақ әліпбиінің “У/у” әріптерін таңбалауға ұйғардық; бұл шешімнің мәнісі арнайы негіздеуді қажет етпес;..

4-ші: фонемнің жуан айтылуын б, к, п үш дауыссыз дыбысының латыншасына латынның “h” харпiн қосақтау арқылы қамтамасыз етуді ұйғардық (1-3-кестесін қараңыз!), ал “ң” дыбысы жоғарыдағы үш дауыссыздарға ешқашан жалғаспайтынын ескердік бұл жерде;

5-ші: тіліміздегі сингармонизм заңына сәйкестікті ескеру мақсатында “и” дыбысын ұяң-жуан айтылуларына қарай екі түрлі латынша қосарлы харіптеуге ұйғардық: 1-2-Кестені қараңыз! Түбегейлі латынға көшкен жағдайда бұл дыбысты бөле-жарып айтудың қажеті болмай қалуы да ғажап емес, өйткені “j” өз нормасымен емлелік ережелерге сай қолданылатын болса, онда “и дыбысы кірме сөздерде ғана қалады да, бұл жерде кірмелік ереже күшіне енеді.

 Әлімхан ЖҮНІСБЕК ағаның төл тіліміз жәйлі зерттеулері мен айтқандары іс жүзіне асатын болса, яки осы күнге дейін стандарттауға көнбей келе жатқан қазақ тілі фонемасы мен графемасы жүйеленіп, өз стандартын алатын болса, онда солай жаңғырған төл тіліміз үшін түбегейлі латын графикасына көшу заңды түрде қолға алынар еді. Міне, осындай жағдай үшін біз XI нұсқаны ұсынбақпыз. Әлбетте, ағаның өзі де дайындаған қазақы латын әліпби нұсқасы бар болар [5], онда ештеңе етпес, - салыстыра отырып, түбінде бір шешімге келерміз. 

table1

 

6-шы: Төл тілімізде 28 (+1) дыбыс қалады - 9 дауысты: А, Ә, Ы, І, Е, Ұ, Ү, О, Ө және де 19 дауыссыз:  Б [бы], Д [ды], Г [гі], Ғ [ғы], Ж [жы], З [зы], Й [ый], Қ [қы], К [кі], Л [ыл], М [мы], Н [ны], Ң [ың], (Һ [һы]),  П [пы], Р [ыр], С [сы], Т [ты], У (w) [ұу], Ш [шы]; мұндағы дыбысталу ЖҮНІСБЕКШЕ алынды; сондықтан қазақы латын әліпбиін құрастыру - осы дыбыстарды латын графикасында өрнектеуге барып тіреледі; ағылшын латын әліпбиінде 26 таңба; олай болса 2 таңба жетіспейді; бұл проблеманы шешу жолын 1-1-кестеде көрсетіп отырмыз; мұндағы Һ [һы] дыбысын ЖҮНІСБЕК аға ескермей кеткен!

7-ші: Тілімізге жетпіс жылдай қызмет істеген 11 дыбысты 1-2-кесте мен 1-3-кестеде көрсетілгендей екі топқа бөліп, транслитерациялық таңбалар жүйесі («волапюгi») ретінде пайдалануды ұсынамыз; осында бір ескеретін жай: біз орыс-латын «волапюгiн» азғана өзгертіп алғанды жөн көріп отырмыз, оның “и” мен “щ” дыбыстарына қатысты себебін біз жоғарыда айттық; ал 1-3-кестесіндегі 3 дыбыс орыс тілінің төл дыбыстары болғандықтан оларға латынның қосарланған әріптерін өзімізге таңдауға тура келді; “ф” дыбысы ағылшын тілінде дәл осылай ph дифтонг (диграф) ретінде саналады;

8-шы: 1929 жылғы қазақ тілінде қабылданған латын әліпбиінде “Қ/қ” әріптерін латынның “Q/q” әріптерімен таңбаланған, бұл нұсқаға келісуге болар еді (“к” дыбысына “k” қалдырып!), бірақ ол сонша қағидалы шешім болмас. Өйткені .kz сайттар мен электрондық пошталарда домендік рөл атқарады және де KAZ – ұлттық валютаның белгіленуі халықаралық деңгейде әбден қалыптасып қалған (бұларды орыс тілі тұрғысынан таңбаланған деп қабылдамай, енді – төл тіліміз тұрғысынан бекітілді десек, еш оғаштығы жоқ деп білеміз!).

9-шы: 1-1-кестедегі “Ә/ә” мен “Ө/ө” әріптерін белгілеуге дәл осылай жазылатын немесе “Æ/æ тиісінше Œ/œ түрінде жазылатын халықаралық дыбыс-транскрипция таңбаларын (ДТТ) алсақ болар еді, онда 1-кестеге 27-і, 28-і екі жол қосылып, 1-1-кесте қажет болмайды. Бұл шешімнің тағы бір пайдасы латын-қазақ мәтіндері бірден “мен-мұндалар” еді.

 4.2. Енді бір XII нұсқа ұсынылады (техникалық немесе түбегейлі нұсқа)

 Академиктер Мұхтарбай Өтелбаев пен Асқар Жұмаділдаев мынадай ескертпе-ұсыныс айтқан еді: “Ә” мен “Ө” дыбыстарын белгілегендей “Ң” дыбысы да ДТТ таңбасымен әдемі жазылады, неге соны да әліпбиге енгізбеске! Иә, ондай таңба бар “Ŋ/ŋ”, оны жаңа әліпбиде қолдануға болады: 2-1-кесте. Олай етсек, 1-кестедегі “H” харпі босайды, біз оны төл тіліміздегі “Һ/һ” дыбысына 2-кестедегідей телиміз (сөйтіп, оны қалтарыста қалдырмай мәртебесін көтереміз!).

table2

 

table3

 

5. Жарлықпен бекітілген қазақ-латын әліпбиін сараптау

 2017 жылдың 27 қазанында арнайы Елбасының жарлығымен қабылданған латын харпіне негізделген қазақ әліпбиінің бірегей стандарт жобасы (Проект единого стандарта казахского алфавита на латинской графике) төменде келтіріліп отыр:

tablePrezident

 

 Осы әліпби нұсқасын талдап көрелік:

- Таза түрде мүлде қолданылмаған ағылшын-латындық таңбалар: C, W, X (?) Қазақ тіліндегі төл дыбыстар саны – 28+1, яғни оларды таңбалауға ағылшын-латындық 2+1 харіп жетпей тұрғанда – бұл мүлде түсініксіз жәйт!

- Қазақ тіліндегі төл дыбыстар болып саналмайтын И, Ф, В, Ч – төртеуі әліпбиде(!). Бұлар қалайша жаңа әліпбиден ойып тұрып орын алған, олай болса, неліктен орыс тілінен енген тағы 9 (Ь пен Ъ бірге санағанда!) харіпті неге қалдырмасқа, апостроф (диакритикалық – дәйекше таңба) тегін емес пе? Біреуден жетпей жатса, екеуден, үшеуден қойып...

- Дәйекше таңба жіңішке дыбысты таңбалау үшін қолданылушы еді, “Г” дыбысына емес, “Ғ” дыбысына қолданып – не көрінді, осы әліпби нұсқасын жасаған адамға – қисынсыз шешім!?

- “Қ дыбысын белгілеу үшін ағылшын-латындық “Q” харпі алыныпты, мойындаймыз – 1929 жылғы қазақ тілінде қабылданған латын әліпбиінде осылай қабылданған еді, ал бүгінгі күн – компьютер, IT-технологиялар заманы емес пе(?), осыны әліпби нұсқасын жасаушы да, кейбір біздің шенеуніктер мен қайраткерлер де қаперлеріне мүлде алмайтын сыңайлы! Ал, солай бола қойсын делік, сонда сайттар мен электрондық пошталардағы .kz доменін және де KZ, KAZ еліміздің қысқаша аталуын, жазылуын – логотипін тиісінше өзгерту үшін ақшаны (US$) кім төлейді? Солардың қалтасынан болса, онда келісуге болады!

 Ескертпе: Әлбетте, транслитерациялық таңбалар жүйесін - қазақ-латын “волапюгін” қабылдаған күннің өзінде, тіліміздің емлелік нормаларының кейбір тұстарын қайта қалыптастыруға тура келетіні айдан анық. Мысалға, қазақ тілінде сингармонизм заңына сүйенетінін оңтайлы пайдалану – көп ретте латын харіптерін пайдаланып жазуда жеңілдетілген ережелерге әкеліп тіреуі әбден ықтимал. Тағы бір ескеретін жәйт: қазақ-латын әліпбиі таңбаларының қазақша-ағылшынша оқылуы дәл 1, 2-кестелерде келтірілгендей болуы міндетті деп әзірге айта алмаймыз, бұндағы нұсқа – авторлық ұсыныс. Бұл өте күрделі мәселе тіл мамандары, әсіресе қазақ тілі фонетикасы, фонологиясы мамандарының құзырына қалдырылады.

 Қорытынды тұжырым. Ел Президенті Н.Ә. Назарбаев өзінің Қазақстан халықтары Ассамблеясының XII сессиясында сөйлеген сөзінде қазақ тілінде латын харпіне көшетін уақыт жеткендігін, ол үрдіске барша Қазақстан халықтары зәрулі екенін ашықтан-ашық жариялаған болатын. IT-технология, соның ішінде Internet, E-mail, Kcell-Mobile, MS-Office, Windows, UNIX, LINUX, E-commerce, E-money, 1C-бухгалтерия, Web-banking, IoT, Cisco секілді дүниелер адам өмірінің күнделікті қолданылатын кәдесіне айналуда. Осынау заманауи дүниелермен бүгінгі жоғарғы санатты техникамен байланысты мамандар болғандықтан, біздер осыдан он жеті-он сегіз жыл бұрын-ақ дабыл қағып, қазақ тілінде латынның техникалық нұсқасын стандарттауды ұсынған болатынбыз. Бірақ кейбір зиялыларымыздың жалған қорқытуларының кесірінен, яки – латынды қабылдасақ, кирилде жасалған бүкіл игіліктерімізден айырылып қаламыз – дегендей лаж айтулары осы үрдісті тығырыққа тіреп қойды. Соның нәтижесінде бүгіндері ӘДК (СИК) қазақша латындалмайтын болды, төл құжаттарымыз қазақша-латынша төте жазылмайтын болды т.с.с. келеңсіздіктер елімізді әлем алдында ұятқа соқтырып отыр. Ұят емей – немене – «Қазақстан» сөзі және басқа да әлемдік қарым-қатынас деңгейінде ағылшынша жазылып оқылуға міндетті қазақ сөздері – жер-су аттары, адам аты-жөні мен тегі осы күнге дейін орыс-латын транслитерациялық әріптік таңбалармен ағылшыншалануда. Мысалға, “Kazakhstan”, “kazakh”, “Ashshysaj”, “Khalyk bank”, “Nursultan Abishevich Nazarbayev”, “Tokhtar Aubakirov”, “Ular umit», «tor», «Tangri», «Kakharman», «zhaukhar» т.с.с. Басқасын айтпағанда, бұл егемендігімізге, ұлттық қауіпсіздігімізге зор нұқсан екенін ең алдымен сол зиялыларымыз түсінуі керек еді ғой!?

Егер жоғарыдағы XI нұсқа қабылданса, онда бұл сөздер былай жазылмақ: «Kazakstan», «kazak», «Accysaj», «Kalyk banqi», «Nursultan Æbiculy Nazarbaebh» немесе «Nursultan Әbiculy Nazarbaebh», «Toktar Æwbækirobh» немесе «Toktar Әwbәkirobh», «Ular vmit», «tœr» немесе «tөr», «Tәhir» немесе «Tæhir», «kakharman», «xawkһar»  т.с.с.

Ал, егер де жоғарыдағы XII нұсқа қабылданса, онда «баһадүр», «Тәңір», «қаһарман», «жауһар», «жиһаз» сөздері былай жазылады: «bahadvr», «Tәŋir» «kaharman», «xawһar», «xyjhaz» т.с.с.

ДСҰ құрамына енуімізге орай енді бірер жылда халықаралық деңгейде стандарттанған жеке басты куәлендіретін ID-код дегенді енгізуге тиіс болады екенбіз. Ал соны енгізгенде де орыс-латын «волапюгін» ұялмай-қызармай пайдаланамыз ба?!

Ресей нағыз егеменді ел ретінде өзіне лайық орыс-латын транслитерациялық графема жүйесін («волапюк») лезде жасап, стандарттап алды. Мәскеуде болған әр адамның оған бірден көзі жетеді, өйткені метроға бір түссең болғаны: “Krasnaya Ploshshad”, “Chernaya reka”, “Shshedrovitskaya” т.с.с. көргенде, орыс-латын «волапюгі» не екенін бірден түйсінесің. Дәл осы «волапюк» орыстарға бүкіл компьютерлік MS-DOS, MS-Windows секілді жүйелерді орысшалауда, Интернеттің алғашқы браузерлерінде орысша мәтіндерді теріп, пайдалану үшін зор рөл атқарғаны барша мамандарға мәлім.

 Қорытынды. Жоғарыдағы айтылғандарды қорыта келе, тағы да қайталаймыз: төл тілімізде қазақ-латын транслитерациялық графема жүйесін - қазақ-латын «волапюгін» ғылыми тұрғыда пісіріп-жетілдіріп, халықаралық деңгейдегі ISO стандартын бекітіп алсақ, онда түбегейлі латынға тілімізде көшпеуге де болады. Ал, егер-әки, төл тілімізде латынға көше қалатындай күн туса, онда енді біз “құр алақан” емеспіз: біздің «волапюк» емес нағыз қазақы латын әліпбиі ретінде ұсынатын нұсқамыз да, шүкіршілік, дайын - ол қазақ тілі үшін латын графикасының XI не XII нұсқасы. Қанеки, кімде-кім оған өз нұсқасын балама ретінде қоям десе - біз көріп алайық: түптің түбінде біз баршамыз бір жеңнен қол шығарып, ортақ латын әліпбиін жасақтап та алатын шығармыз. Қалай дегенде де, осы күрмеуі шиеленіскен мәселені шешпесе - болмас [6]-[11].

 

ӘДЕБИЕТТЕР:

 1. Мырзабеков С. Қазақ тілінің дыбыс жүйесі. – Алматы: Сөздік, 1999.

2. Өтелбаев М., Әубәкір Д.Ә. Сына жазу әліпбиінің антропологиялық жаңғыруы һәм мәдени қайта түлеуі – өркениеттің үйлесті-жасампаз пәрмені. // Материалдар: Қазақ Республикасының 10-жылдығына арналған халықаралық ғылыми-теориялық конференция "Байырғы түркі мәдениеті: жазба ескерткіштер" (Астана, 2001 ж., 18-19 мам.). – Алматы: Ғылым, 2001, 452-463 бб.

3. Өтелбаев М., Әубәкір Д.Ә., Ерғалиева К.О. Қазақы  латын әліпбиін таңдау және стандарттау: философиялық, этнолингвистикалық және техникалық мәселелері. // Тіл және қоғам альманахы. – Астана: 2004. – №1. – 122-130 б.

4. Алтай М.Б., Бөлеген Г.С., Төрехан Б.Н. Латын негізіндегі қазақ әліпбиі. Жобалар, Алматы: 1998

5. Әлімхан Жүнісбек. Қазақ жазуы: төл дыбыс – төл әліпби. // http://adebiportal.kz/kz/news/view/3264

6. Өтелбаев Мұхтарбай, Әубәкір Д.Ә., Ерғалиева К.О. Қазақша  техникалық  латын графикасының жай-жапсары. // Еуразияшылдық идеясы контексіндегі Қазақстан түркітануы: мәселелері мен болашағы: Халықаралық ғылыми теориялық конференциясының ғылыми теориялық мақалалар жинағы (12-13 желтоқсан, 2009 ж., Астана қ.). – Астана: «1С-Сервис» ЖШС, 2009. – 105-115 б.

7. УАТАЙ Жанбек, Қайыпов Табылды. Жазу мен емле. – 2017. // https://massaget.kz/blogs/23307/

8. Қайыпов Табылды. Қазақ тілінің Латын әріптеріне өтуі ел тағдырында «Мәңгілік ел» ұғымымен қатарлас орын алады. // https://massaget.kz/blogs/23319/

9. Әубәкір Д.Ә., Өтелбаев М., Ерғалиева К.О. Қазақы латын әліпбиі. – 2017. // https://massaget.kz/profile/84178/

10. Дәуренбек Әзенұлы ӘУБӘКІР/Daurenbek AUBAKIR, Muhtarbay Otelbaev, Kunslu Ergalieva. Казахская латиница: проблемы выбора и внедрения. – 2017. // https://massaget.kz/blogs/?&page=3

11. ӘУБӘКІР Д.Ә., Ергалиева К.О., Шарипова М.К. Латиница и кириллица как дуально-алфавитная концепция возрождения языковой общности РК. // Материалы международной научной конференции «Казахстановедение-11»: Духовное обновление как фактор политической, экономической, социально-культурной модернизации казахстанского общества», посвященной 20 летию столицы Республики Казахстан и университета «Туран-Астана». – Астана: изд-во университета «Туран-Астана», 2018. –Т.1.