«Еуразия барысында» ел намысын кімдер қорғайды?

О Сансызбай Корреспондент
«Еуразия барысында» ел намысын кімдер қорғайды?

22 қараша күні Тараз қаласында қазақ күресінен «Еуразия барысы» халықаралық турнирі өтеді. Екінші жыл қатарынан ұйымдастырылып отырған жоба биыл қазақтың халық композиторы, ат ойынының түрлі тәсілін меңгерген өнерпазы, жауырыны жерге тимеген балуаны Балуан Шолақтың 150 жылдық мерейтойына арналып отыр.

БӨЛІСУ

Маусым айының соңында қазақ күресінің маусымын «Қазақстан барысы» секілді ірі жобасы бастап, одан кейін тұңғыш рет ұйымдастырылған «Әлем барысы» халықаралық турнирі, содан соң «Жас барыс» турнирі өтті. Ұлттық спорт түрінен екінші рет ұйымдастырылып отырған Тараз топырағындағы жарыс осы жылға жоспарланған ірі додаларды қорытындыламақ.

«Еуразия барысы» халықаралық турниріне 12 елдің атынан 60 балуан сынға түседі. Белдесулер жарыс жүйесіне сәйкес командалық сын негізінде өтеді. Жанкүйерлер 60 келі, 70 келі, 80 келі, 90 келі және 90 келіден жоғары салмақ дәрежелеріндегі балуандардың белдесулерін тамашалайтын болады. Өткен жылмен салыстырғанда, бұл жолы қатысатын елдер саны біршама артып отыр. Толығырақ айтқанда, Ресей, Қытай, Түркия, Моңғолия, Әзірбайжан, Грузия, Украина, Польша, Тәжікстан, Қырғызстан, Өзбекстан және Қазақстан елінің ең үздік балуандары «Еуразия барысы»атағын иелену үшін сынға түсетін болады.

Қазіргі таңда бұл бәсекеге қатысатын Грузия мен Әзірбайжан құрамаларының балуандары белгілі болды. Ал Қазақстанның намысын Мұхит Тұрсынов, Абзал Арыстанбеков, Қайрат Ағыбаев, Айбек Нұғымаров және Дәулетхан Жақыпов сынды балуандар қорғайды.

«Еуразия барысы» халықаралық жарысының жалпы жүлде қоры – 100 мың АҚШ доллары шамасында. Жеңімпаздармен қатар жүлдеге іліккендер және алғаш сегіздікке енген құрама командаларға ақшалай сыйақылар беріледі.

І орын – 50 мың $;

ІІ орын – 20 мың $;

ІІІ орын – 10 мың $;

ІV орын – 6 мың $;

V орын – 5 мың $;

VI орын – 4 мың $;

VII орын – 3 мың $;

VIII орын – 2 мың $;

Халықаралық турнирдің билеттері сатылымға шығып үлгерді. Билеттердің құны: 3 000, 5 000, 7 000, 10 000 және 15 000 теңге көлемінде. Билеттерді Тараз қаласындағы «Тараз-Арена» спорт сарайының кассасынан ала аласыздар. Қосымша ақпарат қажет болса 8 (7262) 450 - 514, 8 701 100 43 44 телефондарына хабарласуларыңызға болады. 

Белдесулер барысында көрермендер арасында лоторея ұйымдастырылып, бағалы сыйлықтар ойнатылмақ. Қазақ күресінің құрлықтың бәсекесін бұрынғыдай тікелей эфирден «Қазақстан» мен «KazSport» арнасы, ресейлік «Боец» және түркиялық «TRT Avaz» арналары көрсетеді.

Сурет:facebook.com