Мектептегі бір күнім: Әсерлі кеш! (Байқау)
жеке
блог

Мектептегі бір күнім: Әсерлі кеш! (Байқау)

Мен тәлім алатын Кенбай орта мектебінде еңбек ардагерін құрметтеу мақсатында қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Клара Қойтанқызының ұйымдастырумен «Ұстаз ұлағаты» атты сұхбаттасу кеші болып өткен. Бұл кештің басты қонағы өзіндік бітім-болмысы, ерекше қасиеттерімен есте жүретін, ұстаздарымыздың ұстазы Бердіғұлова Алтын ұстазымыз болды. Аяулы ұстаздың тәлімі мен тәрбиесі жайлы, сіңірген еңбегі, қиындығы мен қуанышы жетерлік ұстаздық өмірі туралы естеліктер айтылады.

Кешке Темірболатов Жайық, Қарабалина Ақбөпе, Нұрғалиева Айша, Қаламбаева Раушан, Темірболатова Айнагүл сынды ардақты ұстаздарымыз да қатысты. Білім нәрімен сусындатқан шығармашыл шәкірттерінен келген құттықтауларды көріп, Алтын апай бір қуанып қалды. Апайымыз әр шәкіртінің алған асуына, шыққан биігіне, өзін ешқашан ұмытпайтынына риза болды.Темірболатова Айнагүл апай орындаған Б.Бабаштың «Фариза апа» әні, Қайратқызы Зәмзәмнің қобыз аспабында ойнаған әдемі күйі және оқушылардың оқыған көркемсөздері шараның ажарын аша түскендей.Келесі бөлім үшін Алтын апай қараңғы бөлмеге шақырылды. «Адамның адамнан айырмашылығы?», «Адамзат баласы жаратушыдан не сұрауы керек?», «Бақыт деген сіздің пайымыңызша не?», «Ұлы дәрежеге қандай адамдар жетеді?», «Өмірде не өзгертер едіңіз, егер мүмкіндігіңіз болса?» т.б сұрақтарға шынайы әрі нақты жауап ала алдық.

Бұл кештен оқушылар да тәлім алары сөзсіз.Барлық мектептерде осындай әсерлі кештер өтетін болса, оқушылар да өткен шақтардың балғын бейнеге толы парақтарына үңіле түсер еді! Қызықты жылдардың басты тұлғасы болып саналатын ұстаздарға әрқашан мықты денсаулық, қажырлы қайрат, толағай табыстар тілейміз!