Сергелдеңге түскен сең соққан балық...

Сергелдеңге түскен сең соққан балық...
жеке
блог

       2. Бұдан бұрын Әзілхан Нұршайыховтың "Маххабат қызық мол жылдар" атты кітабына талдау жасап блог жариялаған едім. Әбдіжамал Нұрейісов"Қан мен тер", Шерхан Мұртаза "Ай мен Айша", Әзілхан Нұршайықов "Ақиқат пен аңыз" . Жетекшімнің ұсынған кітаптарын екі айда оқып, сіздермен алған әсеріммен бөлісетін боламын.



       Күн батысты бет алып, шоқтай қызара бата бастапты. Ауыл ішін әбірге салған бір топ жылқы айналаны бір сәтте көгала шаң қылды. Шаңға қарай беттеп бара жатып қалың ой құрсауынан әрең арылдым. Бар ойым ескіріп кеткен қара қаптамалы кітаптың  ішінде жасырынған сергелдеңге түскен ғұмыр.

     ҚАН мен ТЕР - бұл символдық атау. Қан - өмір, биік арман, мүдде жолындағы күрес. Тер - бұл тіршілік, үзілмес үміттің нышаны. Қазақ халқының тұрмыс-тіршілігі, қуанышы мен қиындығы, бар өмірі осы екі сөзбен анық айқандалған. Бұл роман Кеңес дәуірі кезіндегі сөз өнерінің биіктігін көрсететін бірден - бір шығарма.

       Кітаптың мазмұны қандай бағыт аларын бағамдап отырған боларсыздар. Иә, "ақ патша" билеп тұрған кезде  қала, ауыл басшыларының ым-жымы бір еді. Болашағын ойлаған би, болыстар жер -жердегі игі жақсылармен бас қосып, ертеңі үшін аянбап еді.Талай жылғы таныстықтары бірде болмаса бірде оң жамбастарына келіп қалатын. Би, болысты қоя тұрып, татар байларына жағынып жүн-жұрқа жиып сататын қарапайым қараның өзі, басына іс түскен, кезінде өзін құрметтеп қонақасы қылған өзімен қатар қара халықты менсінбей мұрнын аспанға шүйірді.

         Байлықтың иісіне масаттанып халықтың қамын ұмытқан шонжарларды орнына түсірер бір қараның шықпағанына налып едім. Қазақтың қайсарлығын танытар бір азамат болмады-ау деп күйініп едім. Сөйтсем, қателесіппін. Қазақта  "үндемегеннен үйдей пәле шығады" деуші еді. Міне, соны кері болды.  Қылған қорлықтарына шыдамай адам өлтіруге дейін жеткен қайсар Еламанға бір жағынан  қатты ырза болдым, бір жағынан әлі туылмаған ұрпағынын өміріне алаңдадым.

         Оқиға Еламанның өмірі жайында. Қанша қиындық көріп, соңғы қиындығы алдыңғысын ұмыттырып, ертеңгі күнінің жақсылығына үміт етіп өмір сүрді. Адалдықты ту етіп жүріп, жарының опасыздығына күйінді. Бір тірлікпен күй кешіп жүріп араз болған дос-жаранының күйігі жанына батты. Жалғыз інісінің денесі туған жерге бұйырмағанын ойлап шерменде болды. 

       Бір қуанып, бір жұбанып, көзімнің майын тамызып отырып қызыға оқып жүрмін. Аяғы қалай боларын тіпті болжай алар емеспін. Сөз өнерінің құдіреті сол ендігі оқиғанының қалай өрістейтіні жазушыдан бөлек Жаратушыға  ғана мәлім. 

       Ендеше, көзі қырағы оқырман, алдағы аптада сергелдеңге түскен соқтықпалы өмірден соқпақ іздеп күй кешкен Еламанның тағдырының не боларын, шығарма нендей оқиғамен тынарын байқап, сіздермен бөлісе жатармын. 

Ал сіздер қандай шығарма оқып жүрсіздер?

Кітап оқыған сәтті қандай күйде боласыздар?