Сіз күнделік жазасыз ба? (байқауға)

Сіз күнделік жазасыз ба? (байқауға)
жеке
блог
Көктемнің алғашқы күндерінің бірі болатын. Мен ұйқымнан әдеттегіден ертерек ояндым. Сағатқа қарасам, таңғы 4-тер шамасы. Тұрып үйдегі жалғыз ток шәугіміне су құйып жылыттым. Сол уақытта ойлана кетіппін... 
       Осы мен болашақта қандай адам болады екенмін? Мамандығым қандай болады? Жұмысқа тұрамын ба? -деп өз өзімді іштей сұраққа алып отырмын. Ой түбіне кіріп кетіп судың қалай жылып қалғанын байқамай да қалыппын. Асықпай дәретімді алып келіп, намазымды оқыдым. Намазымды оқып болғанда әдетте қайта ұйқыға кететінмін. Бүгін сергекпін. Отырып жаңағы ойымды жалғастыруды жөн көрдім...
        Биыл 10-сынып оқушысымын. Алдағы жылы мектеппен қоштасар сәтте келеді. Уақыт болса зымырап өтіп барады. Болашағымды ойлау мен үшін үйреншікті іс болып кеткендей. ҰБТ шарттары өзгертіліпті. Бұрынғысына қарағанда біршама қиындаған секілді. Не де болса нәтежиесін биылғы жылғы түлектерден көреміз. Ал жалпы өзіме келер болсам келесі жылғы тестілеуімде Әдебиет пәнін таңдасам деп шештім. Жалпы мамандығым журналист болу. Алла қаласа әрине. Армансыз адам қанатсыз құспен тең демейме. Осылай армандап қоямыз арасында. Журналист болып теледидардан бір орынды ойсам деп отырмын. Әншілермен, Актерлермен байланыс жасағым келеді. Олармен сұхбаттасып, ойын біліп, көкейімдегі сан мыңдаған сұрақтарыма жауап алғым келеді. Осы арманның жетегінде болашағымды құрамақпын. Өзімде кішкене де болса ақындық қабілетім бар. Қазіргі таңда бұл дарынымды да жандандыру үстіндемін. Облыстық одан қалса Республикалық жарыстарға барып бағымды сынап жүрмін. Болашақта үлкен ақын болу ойда бар. Яғни Мұхтар Шаханов атамыз, Абай Құнанбаев, Мұқағали Мақатаеа бабаларымыз секілді, Тарихта атым қалса деймін. 
     Таңды осылай ойлап атырдым. Біраз ой үстінде отырып кеткендіктен уақытты білгім келді. Мектепке баратын уақытқа таяп қалыпты. Анамның таңғы сиырдан сауған ыстық сүтін сіміріп алып, сары майын бұралақта жеп, киінген күйде мектепке қарай тарттым. Дәл уақытында бардым. Мен есіктен кіргенде қоңырау үні естілді. Абырой болғанда кешікпедім. Бірінші сабақ Математика. Математика - мен үшін бас қатырмайтын сабақ. Маған салса бұл пәнді мектеп бағдарламасынан алып тастар едім. Әрине егер есепті жілікше шағар болсам бұлай айтпайтын шығармын. 45 минутты зорға дегенде өткізіп болып, сыртқа атылып шықтым. Әдетте математика сабағында тынысым тарылып кетеді.   Үзіліс аяқталды. Келесі сабақ Әдебиет. О бұл менің сүйкті пәнім. Мен үшін мектептегі күнделікті 6 пәнді Әдебиет қылып қойса да артық болмас еді. Әттең 45 минут бұл сабақта өте жылдам өтеді. Әне міне дегенше үйге қайтар уақыт та келді. Қоңырау естіле сала бәрі үйіне қайтуға асығатын. Үйге жетіп, киімімді ауыстырып, тамаққа отырдым. Бүгін анам түскі асқа өте дәмді палауын әзірлеп қойыпты. Анамның дайындаған асын әрқашанда сүйсіне жеймін.
     Сағат 4-тер шамасы. Үйге достарым келіп мені ерте кетті. Біздің бірлігіміз жарасқан, үнемі бас қосып бір дүниелерді тындырып жүреміз. Бүгін күн райы өте тамаша болғандықтан балалар доп ойнауға шешіпті. Өзіміз 7 баламыз. Қарсыластарда сол балаларды жинап келіпті. Ойын басталды. Қызу, тартысқа толы ойын болғалы тұр. Өкінішке орай бірінші доп біздің қақпаға кірді. Бірақ бұған налып қалған біз жоқ. Тез арада ес жиып алуды ойластырдық. Қақпашымыз допты тепті, арғарата пас алмасып қарсыластар қақпасына таяп келеміз. Және есеп теңесті. Қуанышта шек жоқ. Талас тартысқа толы ойын тең аяқталды. Не де болса достық жеңді деген оймен тарқастық. Үйге келіп шаршау басып анамның ыстық шәйіне отыра кеттім. Осы арада намазымды оқып келіп. Кітап оқуға кірістім. Бірер күн бұрын Абай жолы романын бастаған едім. Сол кітабымды оқуға кірістім. Кітап оқып отырып тап бір ішінде жүргендей болып кететінім бар еді. Бұл жолы да солай. Қайғырып жүрген Абайды қатты аяп өзімше жұбатып қоямын. 
          Уақыт зымырап кеш болып қалыпты. Кешке жұрт абыр-сабыр болып жатады. Мал өрістен қайтып, жұртшылық өз малдарына еге болатын уақыт. Біздің сиырлар ақылды, өрістен өздері келеді. Әрине мені әурелеп қайтеді. Мұнысы бір жағынан дұрыс. Анам сиырды сауып болып, мен бұзауларын еміздіріп бөліп алдым. Осы уақыт әдеттегідей турникке біраз асылатын кезім. Күндегідей бір-екі тартынып үйге кіріп кеттім. Үйге кіріп жуынып, теледидарды сәл уақытқа ғана көрдім. Себебі анамның тамағы дайын болған еді. Кешкі асты ішіп болып бір сәтке таза ауа жұту үшін сыртта жүрдім. Күн біршама суытып қалыпты. Ішке қарай қайта кіріп кеттім. Ертеңгі сабағымды оқып қойып, әдеттегідей өлең жазуға уақыт бөлдім. Бүгінгі күн маған махаббат жайында шығар деп тұрғандай. Жаза бастадым...
 
О махаббат жанымды түсінбейсің,
Түсінбейтін бейне бір мүсіндейсің.
Тұрақтамай сезімнің ауылында,
Көшіп қонып жүретін кісімдейсің.
 
О махаббат екеудің арман(ы) едің,
Көп жандар бара бермес орман едің.
Өртеніп жоғалдыңба ғайып болып,
Кеше ғана құламас қорған едің.
 
О махаббат сен мені күңірентпе,
Сезімім сенсіз анау жүр түнекте.
Қашанғы жатырқайды жаным сенен?,
Жақындаса әлі де үркімек пе?
 
О махаббат жазылмаған әнім едің,
Түсінбедің жанымды әлі менің.
Қашаннан айналаңды торуылдап,
Қашаннан сен үшін мен әбігермін.
 
О махаббат бесінші мұхитымдай,
Ақылым жүрегімді оқитындай.
Махаббат жат болдыма мына маған,
Жолап кетсем жанына шошитындай.
 
О махаббат асқар таудан биік педің?
Мен үшін аласармай биіктедің.
Шыңға жетем қашан мен ұға алмадым,
Жанымды кім түсінер сүйіп менің.?
 
Шабытымның аяғы осы болды. Түн ортасы. Ойланып отырмын. Ой үстінде бар әлемді шарлап шығыппын. Осылай ұйқыға кеттім......  
 
(15.03.2017 жыл күнделіктен) 
 
 
АВТОР: Арапханұлы РЫСБЕК