Чемпиондар лигасы. Месси Роналдуды қуып жетті

Чемпиондар лигасы. Месси Роналдуды қуып жетті

Футболдан Еуропаның басты бәсекелерінің бірі – Чемпиондар лигасының үшінші тур ойындарының бірінші күніндегі кездесулер мәресіне жетті. Назарларыңызға ойындарға шолуымызды ұсынамыз.

«Манчестер Сити» Мәскеуде ертерек босаңдық танытты

Мануэль Пеллегрини жаттықтыратын ағылшындық клуб Мәскеуде ұпай жоғалтты. Ал «ЦСКА» болса топтағы алғашқы ұпайларын еншіледі. Бірінші таймда екі рет алаң иелерінің осал тұсын тауып кеткен Серхио Агуэро мен Джеймс Милнер голдары қонақтар көңіліне ертерек сенімділік орнатып қойған секілді сезінді. Екінші таймда Сейду Думбия есепті қысқартса, 86 минутта Натхо пенальтиді сәтті орындай білды. Нәтижесінде Леонид Слуцкий командасы соңғы орында қалмау үшін аз да болса үміт жалғады.

«Рома» өз тарихындағы ең ірі жеңілісін қайталады

Римдік клубтың «Бавария» адуынын қайтаруға мүлде қауқарлары жетпеді. Алғашқы минуттардан атой саламын деп, қонақтардың күтпеген қарсылығына тап болды. «Рома» ойыншыларының жиі қателік жіберуі мюнхендік команда футболшыларының гол соғуына жағдай жасады. Бірінші таймның өзінде-ақ Морган де Санктис өз қақпасынан бес рет допты алып шығуға мәжбүр болды. Арьен Роббен дубль авторы атанса, Томас Мюллер, Марио Гетце, Роберт Левандовски мен екінші таймда алаңға шыққан Франк Рибери мен Джердан Шакири де гол соқпай қайтпады. Үзілістен кейін алаң иелері қатарынан Жервинью есепті қысқартқанмен, көмегі көп тимеді. Тек Мануэль Нойердің гол жібермей келе жатқан минуттарына нүкте қойды. Осылайша «Рома» өз тарихындағы осы додадағы ең ірі жеңілісін қайталады. Естеріңізде болса, 2007 жылы Лучано Спалетти жаттықтырып жүргенде римдік клуб «Олд Траффордта» «қызыл сойқандардан» дәл осындай ірі есеппен жеңілген болатын.

 "E" тобы     Ойын         Жеңіс         Тең         Жеңліс         Голдар         Ұпай    
1.     Бавария 3 3 0 0 9:1 9
2.     Рома 3 1 1 1 7:9 4
3.     Манчестер Сити     3 0 2 1 3:4 2
4.     ЦСКА 3 0 1 2 3:8 1

Жалғыз гол соғылған кездесу

Бүгін өткен 8 ойында барлығы 40 гол соғылды. Соның ішінде бір гол ғана осы кездесуде тіркелді. Ал голдардың көп соғылуын рекордтық көрсеткіш деп те қарауға болады. Кипрлік клуб соңына дейін «ПСЖ»-мен талас жүргізе білді. Тек соңғы сәттерде ғана Эдинсон Кавани командасына үш ұпай сыйлаған голды соғып кетті.

Месси бапкер шешіміне құлақ асты

Каталондық «Барселона» өз алаңында «Аяксты» 3:1 есебімен ұтты. Кездесуде Неймар есеп ашса, Лионель Месси есепті еселей түсіп, Чемпиондар лигасының сұрмергендер көшінде Роналдумен теңесті. Енді әлемнің екі үздік футболшысында да 69 голдан бар. Үш гол соқса Рауль рекордын жаңартатын болады. Сонымен қатар, аргентиналық сұрмерген мен Неймарды Луис Энрике уақытынан бұрын ойынды аяқтатты. Бұл жолы Месси бапкер шешіміне құлақ асты. Естеріңізде болса, ла-лиганың соңғы турында футболшы өз орнын босатуды құп көрмеген еді. Әрине, каталондық клуб бапкерінің өз ойлағаны бары сөзсіз. Өйткені, алда «Эль-Класико» күтіп тұр...

"F" тобы     Ойын         Жеңіс         Тең         Жеңіліс         Голдар         Ұпай    
1.     ПСЖ 3 2 1 0 5:3 7
2.     Барселона     3 2 0 1 6:4 6
3.     Аякс 3 0 2 1 3:5 2
4.     АПОЭЛ 3 0 1 2 1:3 1

Ди Маттео аяқ алысы жаман емес

Жақында ғана гелзенкирхендік клубтың бас бапкері болып келген Роберто Ди Маттео екінші ойынын да жеңіспен аяқтады. Өз алаңында лиссабондық «Спортингты» қабылдаған «Шальке» 4:3 есебімен жеңіске жетті. Қонақтар сапынан Маурисио қызыл қағаз алмағанда ойын нәтижесі басқаша өрбуі де ғажап емес еді. Бірақ, бір ойыншы басымдығын байқатқан алаң иелері соңғы сәтте ғана үш ұпайды өз еншілерінде қалдыруға мүмкіндік алды.

Қайта оралған Дрогба гол соқты

«Ақсүйектер» өз алаңында словениялық «Мариборды» ойсырата ұтты. Эден Азар дубль авторы атанса, Джон Терри мен Адиль Реми бір-бір доптан еншілеріне жазды. Бір голды қонақтардың өз ойыншылары соқса, командаға қайта оралған Дидье Дрогба «Челси» жейдесінде соққан голдарының санын тағы біреуге арттыра білді. 6:1 есебі тіркелер ме еді... Бірақ «Марибор» ойыншысы Агим Ибраими пенальтиден қақпа бағанын көздеді.

"G" тобы     Ойын         Жеңіс         Тең         Жеңіліс         Голдар         Ұпай    
1.     Челси 3 2 1 0 8:1 7
2.     Шальке-04     3 1 2 0 6:5 5
3.     Марибор 3 0 2 1 2:8 2
4.     Спортинг 3 0 1 2 4:6 1

Луис Адриано Месси жетістігін қайталады

Донецкілік «Шахтер» түзде беларустың «БАТЭ» командасын ірі есеппен жеңді. Ойында Луис Адриано джокер авторы атанып (5 гол соққан) Чемпиондар лигасындағы Лионель Месси жетістігін қайталады. Ал команда болса сырт алаңда бірінші таймда ең көп гол соққан ұжым ретінде рекорд тіркеді. Олар бірінші таймда алаң иелері қақпасына алты доп тоғытқан болатын. Екінші орынға бүгін «Рома» қақпасына бірінші таймда 5 гол соққан «Бавария» жайғасты. Тағы бір айта кететіні, Луис Адриано «Шахтер» тарихындағы ең көп гол соққан ойыншы атағына да қол жеткізді.

«Порту» «Атлетикті» ауыздықтай алды

Бұл кездесуде португалдық клуб фаворит саналған. Бірінші болып есеп ашқанмен, испандық клуб таразы басын теңестіріп кетті. Рикарду Куарежманың алаңға шығуымен «Портудың» шабуыл шебіне қайта жан кірді. Нәтижесі де көп күттірмеді. Клубтың үздік сұрмергені 75 минутта жеңіс голын соғып, «Драгаудағы» жанкүйерлерін қуантты. Ал «Атлетик» болса соңғы тоғыз ойынында жеңіс дегенді ұмытты.

"H" тобы     Ойын         Жеңіс         Тең         Жеңіліс         Голдар         Ұпай    
1.     Порту 3 2 1 0 10:3 7
2.     Шахтер Дн     3 1 2 0 9:2 5
3.     БАТЭ 3 1 0 2 2:14 3
4.     Атлетик Б 3 0 1 2 2:4 1

Сурет:Getty Images, AFP

О. Сансызбай