«Реал» жаңа стадион салуды жоспарлауда

О Сансызбай Корреспондент
«Реал» жаңа стадион салуды жоспарлауда

Бұл күнде мадридтік «Реал» командасының басшылығы жаңа стадион салу жоспарын қызу талқылап жүр. Өйткені, «Сантьяго Бернабеу» қайта жөндеу жұмыстарынан өтпейтін болды.

БӨЛІСУ

«Корольдік клуб» басшылығы осыған дейін өнер көрсетіп келе жатқан «Сантьяго Бернабеуді» толықтай қайта жөндеуден өткізетінін хабарлаған болатын. Бірақ, Мадрид қаласының тұрғындары мен лауазымды қызметкерлері сотқа шағымданып, жөндеу жұмыстарын жүргізуге рұқсат бермеді. Әйтпесе, тамыз айының соңынан бастап күрделі жөндеу жұмыстары басталады деп күтіліп отырған-ды.

Жаңа жоба қолға алынып жатса, су жаңа стадион клубтың Вальдебебас қалашығында орналасқан спорттық орталығына жақын маңға салынуы мүмкін. Егер, Абу-даби мұнай компаниясы қаржылық көмек беріп жатса, стадионның аты «Сантьяго Бернабеу – Абу-Даби» деп аталуы да мүмкін екен. Үш жыл ішінде салынып біткелі отырған жаңа стадион құрылысына 1,2 миллиард еуро жұмсалмақ. Ал «Сантьяго Бернабеудің» күрделі жөндеу жұмыстарына 0,5 миллиард еуро кетеді деп айтылған болатын.

Айта кетейік, «Сантьяго Бернабеу» 1947 жылдан бері «Реалдың» жергілікті алаңы саналады. 1964 жылы Еуропа чемпионатының финалын, 1982 жылы әлем чемпионатының финалын қабылдаған. Сонымен қатар, бұл атақты стадионда Чемпиондар лигасының шешуші ойыны төрт рет (1957, 1969, 1980 және 2010 ж) өткен. 

Дайындаған: Өмірбек Сансызбай

Сурет: galleryhip.com