Қазақ онкология және радиология институтына Моңғол делегациясы тәжірибе алмасуға келді

Қазақ онкология және радиология институтына Моңғол делегациясы  тәжірибе алмасуға келді

Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтына Моңғолияның Ұлттық онкология орталығының делегациясы келді. Олардың бұл сапарының басты мақсаты қазақстандық скринингтік бағдарламаларды Моңғолияда жүзеге асыру жолдарын қарастырып, біздің онкологтардың тәжірибесін үйрену, жалпы скрининг бағдарламаларын іске қосудың тетіктерін қарастыру болды.

Қазіргі таңда елімізде 6 скринингтік бағдарлама жүзеге асырылуда. Ал Моңғолияда тек 2 бағытта қана – сүт безі мен бауыр қатерлі ісігіне қарсы скрининг жүргізіледі екен. Атап айтарлығы, екі мемлекет арасында айырмашылық та көп. Мәселен, бізде 17 миллион тұрғын болса, оларда 2 миллион халық бар. Халықтың орналасу тығыздығы өте төмен. Тұрғындардың жартысына жуығы көшпелі өмір салтын ұстанады. Сол себепті олар қазақстандық мамандар жұмысын өз көздерімен көріп, онкология қызметінің моделімен танысып, оны Моңғолияда жүзеге асыру мүмкіндіктерін қарастырды.

3 апта бұрын қазақстандық 2 хирург Моңғолияға барып, бауыр қатерлі ісігіне жасалатын операцияға қатысып, білім жетілдіріп қайтқан болатын. Моңғолия дәл осы бауыр қатерлі ісігін емдеуде озық тұр. Себебі, ол елде бауыр қатерлі ісігі алғашқы орында. Халықтың 30%-дан астамы осы дерттен зардап шегеді.

Үш күнге созылған іссапар барысында моңғол делегациясы тек институт жұмысымен ғана танысып қойған жоқ, сонымен қатар, Алматыдағы қалалық емханаларды да аралап шықты. Бұдан соң «Әріптестіктің дамуы: Моңғолияда скринингтік бағдарламаларды жүзеге асыру жолдары» деген тақырыпта дөңгелек үстел өткізілді. Мамандар пікір алмасып, болашақ жоспарларды талқылады.

Қуаныш Нұрғазиев, Қазақ онкология және радиология ҒЗИ директоры:

- Бұл – достық әріптестік, тәжірибемізбен бөліскеніміз үшін ешқандай ақша сұрамаймыз. Өзгелер бізге үйренуге келіп жатыр, демек біздің онкология қызметі даму үстінде.

Дәулет Байпеисов, Қазақ онкология және радиология ҒЗИ әлеуметтік даму бойынша директор орынбасары:

- Моңғол делегациясы Қазақстан онкоқызметіндегі скринингтік бағдарламаларды жүзеге асыру үшін біздің тәжірибемізді үйренуге келген алғашқы мамандар. Бұл отандық онкология саласының жетістігі деп қарастыру керек. Жалпы ТМД елдері бойынша салыстырсақ, онкоқызметтің дамуы бойынша еліміз алғашқы үштікке еніп тұр.

Дайындаған: Қарлыға Бүйенбай

Сурет: www.sorrywatch.com

Қ. Бүйенбай