Мен "Мона Лиза" картинасымын
жеке
блог

Мен "Мона Лиза" картинасымын

Мен өмірге келгелі қашан... Бес ғасырдың жүзі болды. Менің өмірге келуіме басты себепкер... жоқ, себепкер емес, мені өмірге əкелген адам - Леонардо да Винчи.

Леонардо мені салу үшін бақандай төрт жыл жұмсады. Оның сондай ерен еңбегінің арқасында бүгінде менің атым бүкіл əлемге мәшһүр. 

Танымал болу қиын екен-ау! Əрдайым айналаңда алып-қашпа сөздер сұңқылдап жүріп жатады. Бүгінге дейін мен туралы қаншама сөз айтылды десеңізші! 

Біреу мені Лиза Герардинидің бейнесі десе, біреу Флоренциядан келген жібек сатушысы Франческо дель Джокондоның жұбайының кескіні деп жатады. Тіпті, бұл əйелді Леонардомен қосып қоятындығын қайтесіз? Адамдар неге мұншалық өсек-аяңға жақын? Біреудің өмірі біреуге не үшін қызық? Ал бірде мені Леонардоның əйел кейпіндегі бейнесі немесе оның анасы деп жатады. Не де болса, бəрі менің танымалдығымнан ғой. Маған енді басқалар не десе де бəрібір. 

Мен Леонардоға өкпелімін. Неге дейсіз бе? Мені əдемілеп бейнелегенінен не пайда, қасымды салмаса. Мейлі, мен басқаларға осылай ұнасам да, өзіме ұнап тұрған жоқпын. Себебі - қасым жоқ. Енді қайтемін, 21-ғасырдың қыздары сияқты татуаж жасап аламын ба? Білмеймін. 

Осы менде басқалардың не өші бар екенін түсінбеймін. Қайсыбір жылы... АҚШ-тың Вьетнамда соғысы басталып еді ғой. Иə, 1965 жылы Уго Уганца маған тас лақтырып, сол шынтағымдағы сыр бүлініп кетті. Əп-əдемі болып тұрғанымда неге құртып кетті? 

Бəрі маған көз аларта қарайды, əйтеуір. Тас лақтырады, сия жағады. Қарапайым оқулықтардың өзінде маған тыныштық жоқ. Келіп қаламсаппен көзілдірік тағып, бояндырып, ол бұлай тұрсын, мұрт та салып кетеді. Оларға не жазып қойғаным тəңірдің өзіне ғана аян. 

Көптеген зерттеулерден соң қайта өңделдім. Алайда, бастапқы нұсқада əдемі едім. 

Бірінші дүниежүзілік соғыс басталардан үш жыл бұрын, мен ол кезде 408 жаста едім, Лувр жұмысшылары мені ұрлап əкетті. Екі жыл ішінде əбден əбігерге түсіп, əрең дегенде мұражайға қайта оралдым. 

Бүгінде мен Франция астанасы Парижде, əлдекімдер махаббат қаласы деп жатады ғой, Лувр мұражайында тұрамын. Осында қауіпсіз күндерім өтіп жатыр. Менің бағам - 3 миллиард доллар. 

Алып-қашпа сөзге сенбеңіздер. Бір білерім, мен - Леонардоның ханымымын, "Мона Лизасымын".