«Мен саған есірткі жайлы айтып беремін...»

 «Мен саған есірткі жайлы айтып беремін...»
жеке
блог

ҚЫЗЫЛОРДА ОІІД ЕБҚКБ

ТАРАПЫНАН ЖАРИЯЛАНҒАН САЙЫСҚА

 «Мен саған есірткі жайлы айтып беремін...»

      Бүгінгі таңдағы ең өзекті мәселелердің бірі жастардың есірткіге тәуелді болуы. Негізінен есірткіні б.з.б. 3 мың жыл бұрын қытай императоры емші Шэнь-нунь есірткіні ішек,склероз,ұмытшақтық,жөтел ауруларын емдеуге ұсынған. Кейіннен адамдардың есірткіге тәуелді бола бастауы белгілі болған. Ең алғаш есірткіге перғауынның қызы тәуелді болған.

       Әлемді жайлаған нашақорлық дерті тамырын кеңге жайып, «жұқпалы ауруға» айналып барады. Бұл ауруға Қазақстан халқының  шалдыққаны да байқалады. Негізінен, есірткіні қолданушылардың басым бөлігі – мектеп оқушылары. Себебі, жасөспірімдер аса еліктегіш келеді. Бір рет қолдансам, ештеңе етпейді ғой деген оймен, оған соңында қалай тәуелді болып қалғанын сезбей де қалады. Міне, есірткіге тәуелді болу деген осы.

       Есірткі ағымының мақсаты – мемлекетті ұлттық  санасынан айырып, есірткіге тәуелді,яғни, отарға айналдыру. Есірткінің әсерінен мемлекет ішінде көптеген қылмыстар орын алуы мүмкін.Оларға:  жезөкшелік, парақорлық, құмарлық, зорлық-зомбылық,адам өлтіру,суицид және тағы басқалары жатады. Ұятсыздық,санасыздық деген жаман ағымдарды қолдайтын, әртүрлі идеология таратып, мемлекеттің менталитеттік, мәдени құндылықтардан алыстататын, жастарды топтарға бөліп, оларды бір-біріне қарсы қойып, араздастыратын, жастарды жануарлар қатарына, тіпті, одан төменгі деңгейге дейін түсіретін мәдениет – есірткі мәдениеті деп аталады.

       Қазіргі уақытта есірткі айналымына барлық елдерде шектеу қойылған. Біздің елімізде де есірткіні пайдалануға қатаң түрде тыйым салынған. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1998 жылғы 9 наурыздағы №186 қаулысымен бекітілген тізіміне медициналық мақсатта пайдалануға тыйым салынған есірткі заттардың 72 атауы көрсетілген. Оларға: гашиш, анаша, героин, кокаин, каннабис, апиын және тағы да басқа заттар жатады.

       Мектебімізде үнемі нашақорлыққа қарсы сауалнамалар, акциялар, сайыстар жүргізіліп отырады. Жыл сайын психолог-педагогтеріміз оқушылардан нарко сауалнамасын алады. Бұл тест орыстың атақты психологі Владимир Латышевтің дайындаған сауалнамасы бойынша алынады. Мектепте бұдан басқа да үнемі үлкен іс-шаралар өтіп отырады.  Солардың бірі  мектепте 2015-2016 оқу жылында 26 маусым Нашақорлыққа қарсы күніне орай үлкен іс-шара өткізілді. Бұл фестивальге мектеп оқушылары, ұстаздары, басқа да мектеп қызметкерлері  көмектерін тигізіп, фестивальді абыроймен аяқтады. Бұл өткізілген фестивальдің мақсаты жасөспірімдерді мектеп қабырғасынан бастап есірткі, темекі сынды зиянды заттардан бойларын алшақ ұстауды үйрету. Осы фестиваль арқылы оқушылардың өмірге деген көзқарастарын дұрыс пікірде қалыптастыру. Оқушыларды бос уақыттарын пайдалы іспен шұғылдануға баулып, жан-жақтылыққа үйрету.

      Фестиваль «Есірткінің қасіреті» сахналық көрінісінен, «Ертеңіңді ойласаң есірткіге жолама» және «Есірткіге жол жоқ!» тақырыптарында оқушылармен ашық тәрбие сағаттарынан, мектеп оқушылары флешмобынан, «Мен өмірді таңдаймын!» атты асфальтқа сурет салу сайысы сияқты бірнеше кезеңдерге бөлініп жүргізілді.

      Мектепте барлығы 940 оқушы білім алады. Соның 350- ден астамы қаладағы әртүрлі спорт секцияларын қатысады.Оның ішінде қалалық, облыстық, республикалық, тіпті, дүниежүзілік чемпиондар да бар. Ал, спортпен айналысқан адам  есірткі, темекі деген зиянды заттарды өздерінің қас жауындай санайды. Мектеп оқушыларымыз есірткі және басқа да зиянды заттардан өздерін алшақ ұстап, салауатты өмір салтын ұстанады деп нақ айта аламын!

      Есірткімен күресу адамзат ұрпағының бүгінгі таңдағы  көкейтесті басты мәселелерінің бірі екендігі даусыз. Сондықтан онымен күресу, одан сақтану, адамзат бойын есірткіден аулақ ұстау, салауатты өмір салтын ұстану – адамзат ұрпағының келешекке жетелейтін ұстанымы.

     Жуырда ғана өткен дәрігерлер мен провизорлардың съезінде сөйлеген сөзінде еліміздің президенті Н.Ә.Назарбаев: «Халықтың денсаулығы – ел дамуының аса маңызды тұтқасы, болашағымыздың кепілі» деп тағы да айрықша айқындап атап өтті.Елбасымыздың жолдауын тыңдап, оны дұрыс сараптай білсек, еліміз нашақорлықтан, есірткі қолданудан бас тартар еді. Есірткіден бойымызды аулақ ұстап, салауатты өмір салтын ұстанайық!

                                                       Абдусахина Жанат Аманкелдиевна

                                                       Қызылорда облысы, Байқоңыр қаласы

                                                       №273 орта мектептің 10 «Ә»сынып оқушысы