Сағындым бала шағымды...
жеке
блог

Сағындым бала шағымды...

Жүрек шіркін алып ұшып, жаныңды асау сезіммен бұлқындырып жібереді екен. Кісінің жан дүниесінен шыққан "Сағыныш" атты сезім қай жанды болсын шыдатпайды. Құрғақ көзді ылғал етеді, қатты жүректі жұмсартады. Әсіресе, балалық дәуренге деген сағыныш сені тұңғиықтың тереңіне батырып жібереді. Сағыныштың тамшысы "естелік" деген үлкен сандыққа әр жыл сайын жиналып, бүктеліп отырады. Есейе келе, Барсакелмес сапарына аттанасың да кетесің.

Жыл сайын "сандар" бекетіне аялдап, бір-бір ұпай алып қуанасың. Бір жылға қартайып бара жатқаныңа шаттанасың. Өзіңнің қанша бел-белестерден асқаныңды да білмей қалады екенсің. Таусылмас тірлікте тағдыр тартқан өлшеулі ғұмырымен күн кешесің. Тағдырдың саған тартқан "балалық" атты тәп-тәтті сыйын қас пен көздің аралығындай өткеріп тастағаныңа мұңаясың кейде. Сол шақтардың иісін, сол шақтардың дәмін сезінгендей боласың.

Мен болсам сағындым... Көшеде асыр-салып, ауылдың қара домалақ балаларымен доп қуған кездерді сағындым. Атқан таңның құзырымен, батқан күннің қызығымен алаңсыз қыдырған күндерді сағындым. Сол сәттерде артымнан анамның іздеп келіп, "қайда жүрсің?, қайт үйге" деп айтқан шағында зыр жүгіріп "қайтпаймынға" басып қашатынмын. Сол кездерде, анамның артымнан қуалап жүріп сабайтын шыбығын сағындым. Зырылдап жүгіріп жүріп құлайтын сәттерді сағындым. Сол кездегі құлап қалғаннан кейін жылайтын сәттерді сағындым. Жара-жара, кір-кір болып кешкі асқа барып тұратын күндерді сағындым.

Қазір құлағаннан кейінгі жара, бала күндегідей емес... Өйткені есейген адам жүгіріп құлай алмайды, сүрініп құлайды. Жүгіру, сүріну екі ұғым емес пе?! Бірақ, бала дегенің екі формада да құлай береді-ау!.. Әттең, қазір біз құламаймыз, сүрінсек жылай да алмайтын есейген адам болдық қой... Балалық шағыңда не істемейсің? Кішкентай болып алып өзіңді "деловая" сезінесің. Үлкен іс тындырғандай шаршайтынсың. Ол бір қызық сәттер... Оның қай-қайсысын болсын майын тамызып айтқаныңмен тауысып айтып бітіре алмайсың. Тек, өзіңнің балалығың кітап бетінде болмаса да, жүрегіңде сақталады. Әрі оны өзің басқаратын ең жақсы жүрек иесі – өзің ғана оқи аласың. Шіркін, аңсайсың...

Өзімнен кіші болса да, жасына қарамай кез келген бала-шағаның бәрімен ойнай беретін күндерді сағындым! Анам айтушы еді: "Өгіз болып ойнайсың да жүресің. Ойнағың келсе, қатарластарыңмен ойнасаңшы. Жұрттың қыздарын қарашы, сызылып, майысып, ойнамай үйінде отырады. Тірлікке көмектеседі" деп құлақты ауыртатын. Ол сөз құлақтың түбін ауыртады дейін десем, түбіне бармайды-ау. Бала көңілмен бұл сөздерді қабылдамайсың да. Құдды радио қабылдағыштан шығып жатқандай. Маған ойын болса болды ғой ол кездерде. Тек, үй жақтағы өз қатарластарым ойын дегеннің не екенін білмесе, амал нешік?! Бала жүрек ойнамауға қалай шыдасын?!

– Ай, құрғыр жұрттың мінсіз  қыздары! Әр үйдің қыздарының шамына тиіп біттіңдер ғой тегі... Тез есейген жұрттың қыздарының несі жақсы?! Айтыңыздаршы?! Өз басым, ұзақ жылдар бойы ойнағаныма еш өкінбеймін. Өкініш деген маған жат нәрсе. Жақындаса да, алыстатып жіберемін сол өкінішті. Қайта кішкентай болып, ойнағым келеді менің! Балалықтың жұпары ұзақ аңқығанға не жетсін?! Сол сәттерде дара болған да, Сол сәттерді бағалаған да, сол сәттерде бала болған да біз. Көшенің ойындас ("құрбылас" деген секілді жаңа сөз :) новыйдан шыққан:)) ) қыздарымен ұзақ сырласатынбыз. Салмақты әңгімелер де жиі айтатынбыз. Ауылда өткерген бала шаққа не жетеді десеңші?! Тұнып тұрған повесть, жанып тұрған хикаят! Ауызды толтырып айтатындай көп бетті әңгіме.

Қолымызға бір-бір шелектен ұстап, су тасуға баратынбыз. Ол судың үйге де пайдасы жоқ. Тасыған суымызбен өзіміз ойнаймыз. Ешкім әкел деген де емес, қайда жарататынымыз өзімізге ғана аян. Орталық көшеде кран бар болатын. Сол көшеде тұратын ұзын құлақтарға ортақ суды қызғанып, "убирайтесь отсюда!" деп орысшаны үстімізден бүлкілдетіп айтатын бес жасар түрік қыздың мінезі ұсқынсыз көрінген еді маған. Кішкентай қызбен біз де қоймай салғыласушы едік. Үстінен талай қарғыс айтатын едік. Ол тіпті біздің қазақшамызды түсінбейтін. Айтқан сөзіміз зая ғой зая. Ал қазір сол қыздың сипаты маған әлдеқайда сүйкімдірек көрінеді. Не дегенмен бала деген балалықпен барлық мінез көрсетеді ғой. Сол түсінікті сол кезде ұқсақшы...

Баланың балалығына соңғы кездері қызыға қарайтын болыппын. Ойнап жүрген бала көрсем, ойынға қосылып кеткім де келеді. Жолдан өте бере, ойындарына қыстырылыса кетемін. Көше ойынына ынтығып кетемін, Қызығып кетемін. Күлкіге қарық қылып кетемін. Сонда да өз қатарластарыңсыз бір түрлі. "Адам заманына қарай..." деген. Құрдастарыммен солай ойнасам тіпті қатып кетеді:)

         Бала болып көшеден шие, алма ұрлайтын ғажап күндер-ай! Сол шиені пәкет-пәкет етіп үйге әкеп, тосап бастырып, шырын істетіп те алатынбыз. "Қайдан алдыңдар?" десе, Гүлизардың өзі ала бер деп еді, өйтті, бүйтті, сөйтті... Не болса да Гүлизардың бағы құтқарады бізді. Рақмет саған, Гүлизар! Өтірікті ептеп қызарып айтатынбыз. Айта алатын адам айтады да, ал біз артында өтірік әңгімелесіп, не бір нәрседен ілік іздеп тұрамыз. Не болмаса, емтихан кезегін күтіп тұрған адамдардай, айтатын адамды ішке кіргізіп жіберіп, өзіміз сыртта тосып тұратынбыз. Ақымақ болғанбыз ғой!

Не дегенмен де бұл ұрлыққа жанымыз қас болғанмен де, ауыл баласы бұдан үлкен ұрлыққа бара алмас. Тек қызығына елітіп, қарнымыз ашып та, ішіміз пысып та тертінбіз, ұрлайтынбыз. Қалтамызға тыққыштап не сол мезетте құрғыр шие шірік болса да, шіріктігі шиенің өзін алып кетсе де аузымызға лап ететінбіз. Көшенің хас жемісбандылары едік. қой! :) Көшенің кішкентай қыздарына құдды мен ойын анасындаймын. Менсіз ойын басталмайды, ойынның басы менің шымылдығыммен ашылып, аяғына жетпей, басқа ойынның шымылдығы, одан кейін басқасы, әйтеуір шымылдығын аша беремін, аша беремін. Жабылмай қалады.

Түн бата әрең дегенде қызығын енді ашып жатқанымызда, үйді-үйге тарасып кетеміз.  Мәә, күшті ойын еді, жарайды ертең жалғастырармыз дейміз де, ертеңгісі бұл ойынның құты қашып кетеді. Қайталанулар қайталанады... Көңіліңде бірге ойнаған балалардан гөрі, ойынға деген қимастық сезім болады екен-ау! Бала шақтан болашаққа алаңсыз емес, арман қанатында құлаш жайып, балалық арманмен қанатты сермеп, ақырын ғана самғап бара жатқандаймыз. Өзім ойын баласы едім, ойын анасына айналдым. Бұл орденді алғандар сирек шығар?!  Қазір "әз-Анамын" :) Балалық арманымды орындадым!!! ( дее) ( соңғы трендтегі қайталаулар сөзін жазып қойғаным артық етпес)

Әр сәттеріңді бағалаңдар достар! Енді, міне, балалықпен қимай-қимай өгіз бала болып қоштастым. Дегенмен де өгізбен денем сәйкес келмейді. Жастық шаққа аздап өткендеймін. Сезіледі... Өзім де кейде терең ойға шомып кетемін. "Қашан үлкен боламын?!" деп...  Кейде "Дп" деген сөзді әпкемнен естісем, "Вп" деген түсінікті сұрап алып, енді ондайлар өзін қалай ұстайды. Мәссаған, неткен серьёзный жаратылыс. Мен енді олай жаратылмағам дейтін едім. Құрғыр сол бір ойлар-ай!))

Тек әлі бала деген атқа лайық боламын! Мен өз ата-анамның алдында да әрдайым бала қалпымда қала беремін! Аузынан балалық дәмі әлі кетпепті ғой демессіздер.  Бұл бір бұрынғы естеліктер ғой! Әдеттегі емес, алтын естеліктер. Сәулелі естеліктер. Бала боп тек ойын қумадық. Армандадық. Қиялға да берілдік. Есейгіміз келетін. Есейдік. Енді қайтымсыз процеске қайта оралғымыз келеді. Орала алмаймыз. Бізде алдағы бағындырар бел-белестер тұр. Енді соған берілеміз. Соның қамын ойлаймыз. Бірақ, оқтай ағып өткен мына ғұмырда балалыққа жетер ештеңе жоқ шығар, сірә?! Эхх, БАЛДАУРЕН!