Дауысыңды естідім (байқау)
жеке
блог

Дауысыңды естідім (байқау)

Дауысыңды естідім... Кімнің дауысын естіді?! Кім естіді?! 

Кітапханашы апай маған кітап сөрелерін көрсетіп:

– Қалаған, таңдаған кітабыңды ал, - деді. Кітап сөрелерін аралап жүріп көзім "Дауысыңды естідім " деп жазылған кітапқа түсті. Қатты қызықтым. Кітапты бірден қолыма алдым. Авторы Рахымжан Отарбаев екен. Бұл жазушыны жалпы танитынмын. Жазушы Атырау облысы Құрманғазы ауданында туған. Шығармалары бірнеше шетел тілдеріне аударылған. Пьесалары қазақ, қырғыз сахналарында қойылып жүр. Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері. Бірақ шығармашылығымен алғаш танысуым. Бұл кітапта жазушының соңғы жылдары жазған әңгімелері мен хикаяттары енген екен. 

Кітаптың алғашқы бетін ашсам "Қара сөздің ерікті тұтқыны" деген Дулат Исабековтің алғы сөзі жазылыпты. Оқыдым. Дулат Исабековтің : "Өлген сөзді тірілтіп, ұмытылған тіркестерге жан бітіріп, ескірген оралымдарды пісірген киіздей қайта жаңғыртып, таптаурын жолды айналып өтіп, өзінше сүрлеу салатын Рахымжан "Сөз өнері дертпен тең" деген айықпас азапқа басын біржола байлап берген жазушы. 

Яғни, қазақ қара сөзінің ерікті тұтқыны.

Ақырмаштың кезінде қуаң тарқан даладай қазақ сөзінен сән кете бастаған осындай кезеңде Рахымжанның "Дауысыңды естідім" деген жаңа жинағы сол далаға сән беріп, тіл жұтаңдығынан көңіліңді торлай бастаған уайым тұманын сейілтіп,  қазақ тілінің байлығы мен құнары әлі мол екенін танытар кітап болғалы тұр. Ол үшін Рахымжан сияқты сөз азабына төзе білетін, Рахымжан сияқты қазақ сөзін ана сүтімен бойына сіңіріп, қалған өмірінде қазақ сөзінің маржандарын ерінбей тере білетін ерекше қасиет керек.

Ол қасиеттің аты – дарын. 

Осы сөзге иланғыңыз келсе, кітапты оқып шығыңыз.

Иланғыңыз келмесе, қайта оқыңыз." деген пікірінен кейін бұл кітапты оқуға деген қызығушылығым одан сайын артты. 

Бұл жинақтағы әр шығарманың өзіндік орны бар, өзіндік ойы бар. Әр шығарманы үлкен қызығушылықпен оқыдым. Жазушы өз туындыларында ащы шындықты юмор арқылы жеткізе білген, Дулат Исабеков айтқандай "Мәдениетті юмор " арқылы жеткізе білген.  Бірден оқи салғаннан түсіну мүмкін емес деп ойлаймын. Тек әр сөздің мағынасына жете бойлап  түсіне білген адам ғана сөз асылын, сөз маржанын білмек. Сіздерге де оқуға кеңес берем. 

Дауысыңды естідім... Иә, естідім! Сізде естігіңіз келе ме?!