Ақиқат пен аңыз романына пікір

Ақиқат пен аңыз романына пікір
жеке
блог

Сәлем, құрметті массагет оқырмандары! Мен әрдайым әдеби кітаптар оқимын. Бірақ бұл, әдетте, бос уақытымда ғана жүзеге асатын. Ал жазғы демалыста кітап оқу – бос уақытта емес, күнделікті айналысатын міндетті ісіме айналды. Өткен жазбамда мен мақсаттарымның бірі ретінде кітап оқу, үздік үзінділер алу және рецензия жазу деп айтқан болатынмын. Бүгінгі блогым соған арналады. Қолма түскен кезекті кітабым Әзілхан Нұршайықовтың "Ақиқат пен аңыз".

Шығарманың басты ерекшелігі сұхбат-естелік, қаһарман мен автордың толғаныс-тебіреністері, өзара әңгімелері түрінде жазылған. Бастапқыда автор "Жұлдыз" журналының тапсырмасы бойынша Кеңес одағының батыры Бауыржан Момышұлынан сұхбат алмақ болады. Алайда, әңгіме жай сұхбат емес, көркем-әдеби тілде баяндалады. "Ақиқат пен аңыз" роман-диалогі осылай дүниеге келеді. Туындының бас қаһарманы – Бауыржан Момышұлы.

Онда Бауыржан Момышұлының соғысқа дейінгі жылдары, әскерге баруы, соғыстағы жылдары, шені, соғыстан кейінгі өмірі және жазушылық жолға түсуі жайында айтылған. Кітаптан Б.Момышұлының мынадай нақыл сөздерін кездестіре аламыз: – Өз халқын құрметтеп, сүймеген адам – опасыз, оңбаған адам; – Ел намысы ер намысы деп білдім. Арманым халқымның намысына дақ түсірмеу болды; – Бақаның бағынан, сұңқардың соры артық. Автор Момышұлы туралы былай дейді: "Мен қиын күндерде пір тұтқан адамым болғандықтан, оған деген сонау солдат кезімнің ыстық сезімін суытпай сақтап жүрдім.

Оның үстіне Момышұлының "Біздің семья", "Жауынгердің тұлғасы", "Москва үшін шайқас" атты кітаптары бірінің соңынан бірі шығып, менің оған деген сүйіспеншілігімді арттыра түсті. Момышұлын бұрын командир ретінде құрметтесем, енді жазушы ретінде және жақсы көре түстім. Кітап көркемдік дәрежеде, жоғары деңгейде жазылған. Мен осыған дейін Ұлы Отан соғысы туралы аз білсем де, немқұрайлы көзқараста едім. Ал, шығарманы оқыған соң соғыс жылдары жайында білуге және Б.Момышұлының өмірі мен туындыларына қызыға бастадым. Сіз де оқып көріңіз, құрметті оқырман! Кітап көңіліңізден шығатынына сенімдімін!Достарыңызбен де бөлісуді ұмытпаңыз!