Кітап маған тақтан да қымбат
жеке
блог

Кітап маған тақтан да қымбат

Қайырлы күн, массагеттік жас достар! Алғашқы блогтарымда, бос уақытымда әдеби кітаптар оқып, сол оқыған кітаптарды өздеріңізбен бөлісемін деген болатынмын.  Оның бірі- Ә.Нұршайықовтың "Махаббат қызық мол жылдар" романы. Әр сөзін өнімді жазатын жазушы бұл туындысын 1970 жылы жазған. Автор өз романында сұрапыл соғыстан аман оралған солдаттың өмірі мен махаббатын баяндайды. Солдаттың журналист болғысы келген арманы орындалуы, оқуға түсіп, оның 33-аудиторияға алғаш аяқ басқаны, өзін гүлге оранған бақта отырғандай сезінуі, қыздардың тастай етіп өрілген бұрымдарына көзі түсуі, қыз көйлегіне сауыттағы сияны төгіп алып, одан ұшқындаған екі жастың махаббаты – бәрі-бəрі айшықты, көркем сөзбен бейнеленіп, оқырмандарын қызықтыра түседі. Бұл керемет шығарманың басты кейіпкерлері – Ербол мен Меңтай. Екі жастың арасындағы кіршіксіз сүйіспеншілік пен мөлдір махаббаты талай оқырманның көңіліне қаяу түсіріп, көзіне еріксіз жас алғызғанын қаламы қуатты жазушыларымыз жарыса жазған болар.

Кітапты 19 маусым күні қолыма алып, алғашқы беттерін ашып, оқуға кірісе бастадым. 

Пах, шіркін! Тілінің көркемдігі мен суреттеуі, әңгімелеу шеберлігін сөзбен айтып жеткізе алман. Шығарманың көркемдігі сонша, қызықты жерін түртіп алып, қайта-қайта оқи бергім-ақ келеді. Бірақ, шығарманың қалай аяқталатынын білуге құмартып, Ерболдың Меңтайға "Қызыл көрпе" атты өлеңін тарту еткені, қос ғашықтың жалындаған махаббаты мені еліктіріп, кітапты жылдам бітіруге асығатын тәріздімін. Шығармаға қызығуымның тағы бір себебі: кейіпкеріміз Ерболдың ер жігіттік мінезі мен іс-қылығы, Меңтайдың қазақ қызына тән байсалдылығы мен әдептілігі. Бұл қасиеттер мені бей-жай қалдырмады. Қазіргі қазақ жігіттері мен қыздары осы кейіпкерлеріміз сияқты болса, нұр үстіне нұр болар еді. Әсіресе, Меңтайдың анасының күнделігінен алынған мына сөздер көңілге өзгеше ой ұялатады. 

1. Қыз көйлегінің етегі тізеден шықпауы керек. Себебі, қыздың жалаңаш жеріне көк көздің құрты түскіш келеді. 

2. Ешкіммен барқылдап ұрыспа, бағаңды жоясың. 

3. Қарқылдап күлу, тарқылдап сөйлеу – дарақылық белгісі.

4. Қызға қатты күлудің қажеті жоқ, оның жігіттерге жымиғаны да жетіп жатыр. 

5. Ешкімді жамандама, ең жаман деген адамның да өз жақсылығы болады.

Не керек... Ақыры кітабымды оқып тәмамдадым. Ақылы көркіне сай Меңтай Ерболмен отасып, перзентханада қайтыс болады. Ол ол ма,көзіме жас алып, еріксіз жылап жібергенімді жасырмаймын. Неше рет оқысаң, сонша рет жылататын шығар, сірә! Жазушы оқырмандарына мұншама әсер етіп, осы романды жазуына не түрткі болды екен? Оның себебін өзімше түйіндеп көрейін. Автор шығармасындағы Ербол мен Меңтай өмірде болғанымен, шын мәніндегі кейіпкерлер Ә.Нұршайықов пен оның жұбайы Нұрғалима болатын. Ә.Нұршайықов атамыз бен Халима апамыздың арасындағы махаббаты осы кітапты жазуына түрткі болған деседі. Қандай керемет десеңші, ғұмыр бойы берекесін бұзбай, ынтымағы жарасқан қос ғашықтың махаббаты кейінгі ұрпаққа үлгі боларлық роман болып басылып шықты. 

Қаламы қарымды жазушының жүрегі 2014 жылы 12 ақпан күні мәңгілікке тоқтайды. Бірақ, жазушының өзі: "Махаббат қадірін білмейтін адамда адамгершілік сезімі болмайды, ал адамгершілігі жоқ кісінің жүрегін махаббат мекендемейді",– дегендей Халима апамызға деген сезімі өшкен емес. Артына өлмейтұғын сөз қалдырып,көптеген шығармалары, оқырмандардың көңілінен шыққан керемет туындысы "Махаббат қызық мол жылдар" атты кітабы қалды.