Қазіргі қарияның мекені – қарттар үйі (Байқау: арнайы тапсырма)
жеке
блог

Қазіргі қарияның мекені – қарттар үйі (Байқау: арнайы тапсырма)

          Қазіргі таңда біздің салт – санамызға жат нәрселер етек алып келеді. Солардың бірі қарттар үйінің көбеюі.

        «Қарты бар үйдің қазынасы бар» деп, ежелден үлкендерді силап өскен халықпыз. Қазір немерелеріне ертегі айтар әжелер мен балаларына өсиет айтар аталарымыз жоқтың қасы. Себебі балалары  өзін мәпелеп өсірген ата-анасын қарттар үйіне өткізіп жатыр. Ғаламтор ақпараттарына сүйенсек, еліміздегі қарттар үйінің саны 87-ге жетіпті. Отыз мыңға жуық адам амалсыздан осы интернат-үйлерді паналайды екен.

         Қарияларымыздың қара шаңырықта ақыл айтып отырар шағында қарттар үйін кезіп жүргеніне кім кінәлі? Бала ма, әлде ата-ананың өзі ме?

         «Тәрбие – тал бесіктен» деген екен көнекөз аталарымыз. Қазіргі ата-аналар тым жұмысбастылыққа салынып, балаларына толықтай тәрбие бермейтін секілді. Балаларының бірі балабақшада, бірі мектепте. Оның сол мекеннен тыс не істеп жүргенінен ата-ана бейхабар. Отбасынан жылулықты, тәлім-тәрбиені көріп өспеген бала өсе келе ата-анасын қаттар үйіне тапсырмасына кім кепіл.

         Басқа қырынан қарасақ, қарттар үйінің болғаны да жөн. Себебі ешқандай ағайын-туысы, бала-шағысы жоқ қарттар сол мекенге барып орналасады. Иә, бұл өз алдына бөлек әңгіме.

        Қазіргі қоғамда саналы адамдардың өзі ата-анасын қарттар үйіне тапсыруы әбестік екені сөзсіз. Десе де, бұл қасіреттің алдын алу, жас ұрпақ, мына біздің қолымызда!