Ең үздік 5 повесть (арнайы тапсырма)
жеке
блог

Ең үздік 5 повесть (арнайы тапсырма)

Повесть — эпикалық проза жанрының бір түрі. Повесть туралы түсінік әдебиет тарихында жиі өзгеріп, оны романның құрамдас бөлігі ретінде тану біраз уақыт орын алды. Қазір проза жанрының жан-жақты дамыған тұсында повесть туралы біршама тұрақталған ұғым қалыптасты. Повесть әңгіме мен романның аралығындағы прозалық жанрға жатады. Оқиғаны жан-жақты суреттеу, философия түйін жасау, қат-қабат тартыстар сияқты романда кездесетін кең тынысты тәсілдер повестьте бола бермейді. Повестьке оқиға тізбегін баяндау, хроник,  әңгімелеу тәсілі тән.

Оралхан Бөкей. «Атаукере».

Ұлттық сөз өнері зергерлеріміздің бірі, қай шығармасы болсын оқырманды бейжай қалдырмайтын қарымды қаламгер Оралхан Бөкейдің соңғы туындысы – «Атау кере» повесі атының өзі бірден елең еткізеді. Өйткені «атау кере» сөзі  ел ішінде адамдардың күнделікті қарым-қатынасында қолданыла бермейтін, сирек жағдайда, шанда бір ашынған ахуалда, болмаса шарасыздықтан айтылатын салмақты, зілді, ауыр ұғым. Шығармашылығында жеңіл мазмұн кездеспейтін Оралханның дәл осы күрделі тақырыпқа барып, әрі оны өзінің дәстүрлі шеберлігіне тән деңгейде ширатып,  ширықтыра отырып жазғаны заңдылықтай қабылданады. Романның басты үш кейіпкері Таған, Ерік, Айна - замандастар. Ерік пен Айна ерлі-зайыпты. Алайда, олардың үшеуі – шығармадағы үш негізгі арнаны құрайды, үшеуі - үш әлем, үш категория. Бұлардың барлығын тылсым тағдыр, айналып келгенде біраз уақыт бір шаңырақта өмір сүруге жолықтырған еді. Осылайша, жеңіліс пен жеңіс, түңілу мен үміт, қиянат пен қайырым, аярлық пен адамдық, марғаулық пен махаббат арасындағы тартысты күрес, өткен тарих пен бүгінгі нақтылықтың ажырамас аясындағы ұлт тағдыры мен келешегі таразыға тартылған романның кесек-кесек идеяларының түйіні кульминациялық сәтіне жетіп, ширақ та шымыр тарқатылады. Шеберлік құдыреті дегеніміздің құпиясы да осы болса керек!   

Әбіш Кекілбаев. «Шыңырау».

Қазақстан халық жазушысы Ә.Кекілбаевтың  «Шыңырау» повесі – Маңғыстаудағы әйгілі құдықшылар өмірінен жазылған шығармасы.Повесть 1982 жылы жарыққа шықты.Жазушы Маңғыстаудағы құдықтардың тереңдігіне байланысты түрліше аталатынына тоқталған: «Ұйқыдағы арудың оянуы» еңбегінде екі құлаштан асқанды құдық,ал бес құлаштан асқан құдықтарды шыңырау дейді.Құдық суын қолдап, ал шыңырау суын тек шығырмен ғана тартатынын ескерген. Повестке басты негіз болған-ел  аузындағы «Ақотты нар» аңызы. Қашаннан халқымыздың материалдық игілік көзі – тіршілік тұтқасы – су көздері болған. Шөл даладағы бірден-бір су көзі құдық, құдықшылық кәсіпке байланысты жазылған «Шыңырау» повесіне арқау болған аңыздар және «Аңыздың ақыры» романдағы кейбір аңыз ел аузынан жиналып, көркемдік шешімі тұрғысынан сөз етілген. Аңыздың бірнеше нұсқасы ел аузынан жиналып,екшеле салыстырылып, жазушының көркемдік шешімімен қорытылған. «Шыңырау» повесіндегі құдықшы Еңсептің тағдыры аса қайғылы. Бұл-өзінің тауқыметке толы қысқа ғұмыры ішінде жапан түзде талай құдық қазған, талайдың мейірін қандырған, өзіне осыншалық бейнет пен зейнет болған осыншама қауіп-қатерге толы еңбегіне ерекше қадыр-қасиетпен қараған адамның тарихы. Бірақ ол заманда Еңсеп секілді адамдардың еңбегіне көбіне еш болатын, ақыры ол да өз өмірінің ішіндегі ең терең шыңырауды қазып жүріп қазаға ұшырайды.

Қалихан Ысқақ. «Қоңыр күз еді».

Қ.Ысқақов шығармалары ішінде повесть жанрында жазылғандары көп. «Қоңыр күз еді» атты алғашқы повесі 1963 жылы жарық көреді. Бұл повесінен жазушының шығармашылық бағытындағы оң беталысты көруге болады. Мұнда жазушы қарапайым халық арасынан шыққан Қасым атты кейіпкерінің балалық шағы мен алғашқы жақсы көру сезімдерінің ұнамды жақтарын баяндауға ден қойған, басты кейіпкердің бойындағы игі қасиеттерді көрсетумен бірге жазушы оның ой-санасындағы шектелушілікті де жасырмаған. Өз кезеңіндегі өмір шындығына иек арта отырып, Қасым арқылы сол кездегі жастардың сүйіспеншілігі, бір-бірімен қарым-қатынасы, мектеп оқушыларының бастан кешкен әрқилы оқиғаларын қиюластыра бейнелеуінен жазушының реалистік қырын танимыз. Бұл повесте адам бойындағы, мінезіндегі мінді мінеу жағы басым көрінетін тұстары да бар. Мысалы, жазушы мектеп директоры Қалматай – лақап аты Маймұрын, оның әйелінің поддиректор аталуының себептері, интернат завхозының шын аты Зейнолланың – Беликов аталу себептерін түсіндіре отырып астарлы юморлық әрекетке көшеді. Оның майдақоңыр юморы ара-тұра еріксіз күлкіге үйіреді. Повестің жалпы мазмұны достық, адамгершілік жайындағы мектеп ұстаздарының өсиеттеріне, интернат ұлдары мен қыздарының балғын жүректеріндегі сезімдеріне, адам көңілінің құбылмалы сәттеріне арналған десе де болады, бір сөзбен айтқанда бұл жайларды жазушы өзінің суреткерлік шеберлігі арқылы ашып бере алған.

Мұхтар Әуезов. «Қараш-қараш».

Жазушының 20 жылдардағы шығармаларының ішінен «Қараш-қараш» повесі өзгеше мәнді орын алады. Мұның ерекшелігі шығармада кемел көркемдік пен ілгерішіл, күресшіл дүниетанымның табиғи қабысқандығы. М.Әуезовтің суреткерлік сапарындағы тың өріс осы повестен айқын көрінеді. Сондықтан «Қараш-қараш» оқиғасын жазушының белес, этаптық туындысы болады деп қарауға. Автордың бұған дейінгі шығармаларында зәбір көргендер жапа шеккендер қанаушылар қиянатына қанша ашынғанмен, оларға қарсы бел шешіп күресе алмайды. Бас кейіпкерлердің бәрі өз қарсыластарымен тіктесе алмай көбіне құлап түседі, өздерін құрбандыққа береді.

Бұларға қарағанда бір адым ілгері басып, қаналған адамның қанаушыға қарсы ашық айқасын көрсететін шығармасы – «Қараш-қараш оқиғасы». Бұл повесть идеялық-көркемдігі жағынан 20 жылдардағы Әуезов прозасының биік шоқтығы болып табылады.  Бұл повесть 1927 жылы жазылған. Бақтығұлдың інісі Тектіғұл Сәлмен деген байдың кесірінен қайтыс болады. Бақтығұл кек алмақ болып, Сәлменнің жылқысын ұрлайды. Сәлмен осы жағдайды біліп, Бақтығұлды сабайды. Кейін ол үміт етіп Жарасбайға көмек сұрап барады. Бірақ Жарасбай оны сатып кетеді. Оған шыдай алмай кегінің орнына Жарасбайды мерт қылады.

Бердібек Соқпақбаев. «Менің атым - Қожа».

Бұл повесьте кішкентай Қожаның мектеп жасындағы бастан кешкен әр түрлі қызықты оқиғалары жайлы баяндалады. Ол қанша бұзықтық жасаса да жақсы адам болуға талпынысы бар.Өзінің жасаған бұзықтығының бәрі әкесіз өскендігінен деп ойлайды. Қожа өзінің мінезін, тәртібін өзгертуге тырысады. Бұл әңгімеде Қожаның балалық махаббаты да үлкен роль ойнайды. Ол сыныбындағы үлгілі, тәртіпті әрі сабағын үздік оқитын Жанар деген қызды жақсы көреді.Ол қызға махаббатының тасығаны сонша кей кездері Жанарға арнап өлең де шығарады.Жанарды әрқашан көргісі келіп тұрады.Қожа жазушы болуды армандайды.Біздің Қожамыз мейірімді,жанашыр.1963 жылы "Қазақфильм" студиясы осы кітап бойынша жазылған киносценарийді экранға шығарды.