Сағат трендтері

Сағат трендтері

Сағат – аксессуарлар арасындағы әмбебап, ыңғайлы әрі ең пайдалы бұйым. Жай сәнді білезік таққанша, сағат көрсетіп, күнімізді жоспарлауға көмектесетін сағат таққан дұрыс емес пе? Жыл маусымына қарамастан актуалдығы жоғалмайтын сағаттардың түр-түрі кездеседі. Классикалық стильдегі қара сағат, алтын не күміс сағаттары не түрлі-түсті сағаттар... Осы маусымда сағаттар арасында қандай трендтер бар?

Әр аруда кем дегенде бір салтанатты, кешкі отырыстар мен жиындарға тағуға болатын аксессуар, әшекей бұйым болуы керек. Бұл бұйымыңыз сағат болса, ол сәннен шықпай, кез келген кешкі киімдермен жарасатын таптырмас бұйым болады.

Дөңгелек пішінді үлкен циферблатты сағаттар күнделікті бейнелермен де, салтанатты бейнелерімен де бірдей жарасады. Алайда мұндай аксессуар үлкен әшекей таға білетін, салтанатты киім стилін таңдайтын қыздарға көбірек жарасатындығын білгеніңіз дұрыс. Қазірде осындай түрлі алтын түсті сағаттар өте сәнді саналады. Оларды үлкен металл білезіктерімен үйлестіріп тағыңыз.

Кеңселік стильдегі киімдермен жарасатын сағат іздесеңіз, жігіттердің стилінде орындалған күңгірт түсті, былғары белбеулі сағаттарға назар аударыңыз. Қазір жігіттер стилі сағат трендтерінің біріне айналды.

Романтикалық, нәзік стильді ұнататын арулар түрлі-түсті циферблатты, принттелген, өрілген, әшекейленген белбеулі сағаттар алсын. Сонымен қатар соңғы кезде тез танымалдыққа ие болған білезік-сағаттар да өздігінше ерекше көрінеді.

Түрлі-түсті сағаттар қыста да өз актуалдылығын жоғалтар емес. Күз бен қыстың біртүстілігінен шаршасаңыз, осындай көңілді сағаттар жаныңызға жылулық сыйлап, көңіліңізді көтереді.

Ақыл мен талғаммен таңдалған бір-екі сағат аксессуарларыңызды жаңарып көрсетіп, кез келген бейнеңізбен жараса алады.

Дайындаған: Сания Аринова

Сурет: dailynews.kz

С. А