Өмірін өзгерткен қала

Өмірін өзгерткен қала
жеке
блог

 Сонау 2006 жылдың 1 тамызында қолаң шашты, құлағы қалқиған, бойы орташалау келген қазақтың қарагөз қызы ауылдан арман қала Астанаға анасымен, бауырларымен арман қуып келген еді. Жаңа мектеп, жаңа ұстаздар, жаңа сыныптастарға бірден үйрене кету ауыл қызына оңай соқпады. Алғашқы қоңырау күні  2 оқушы бала оған қарап, менсінбей мазақ еткен еді. Қыздар да онымен сөйлеспейтін. Тек Диана деген қыз ғана оған көңіл аударып, аты-жөнін сұрап, алғаш танысқан болатын. Мұның бәріне ол аса  қынжылмады. Өйткені ол жалғыздықты ұнататын...

    Ауылда жөнді білім болмай, қалаға келгенде сабақ үлгерімі де төмендеп кетті. Мұғалім өте қатал болғаны сонша, қыз тақтаға шыққанда оқып келген сабағын айта алмай қынжылатын. Күнделігі толған 2-3, жазуы адам шошырлық... Осының бәрін мұғалімі барлық оқушының көзінше қыздың бетіне бадырайып айқайлап айтып тастайтын. Ешкіммен сөйлеспейтін момын, ұялшақ қыз басы салбырап үйіне жаяу қайтатын. Үйіне келгенде ата-анасына нашар бағаларын көрсетуге қатты ұялатын. Бір күні болған оқиғалардың бәрін есіне алып, өзі үшін ұялып, намыстанып, анасымен жазуын дұрыстауға тырысып бағады. Уақыт өте келе ақырында жан-жағына көз салып, кімнен кеммін деп жігерлене, сабақты үзбей жақсы оқиды. Анасының көмегінің арқасында жазуы да сыныптағы ең әдемі жазуға айналады. Суық жүзді қатал мұғалімі оған деген ойы өзгеріп, оның осындай жетістігін өзге оқушыларға үлгі ретінде айта бастайды. Ол сол сәттен бастап, егер адам аянбай талпынса, өмірде барлығы жүзеге асатынына көзін жеткізді.

    Бір күні мұғалім "Болашақта кім болғыларың келеді?" деген сұрақ қойған еді. Барлығы дәрігер, мұғалім боламын дегенде, ол тілші боламын деп айды аспанға көтерген еді. Әлі күнге дейін ол ойын өзгертпеді. Бүгінгі таңдағы басты мақсаты - келешекте атақты жазушы атанып, қазақ әдебиетін әлемдік деңгейге көтеруге өзіндік үлес қосу.

   Қазір ол есейді. Мектеппен қоштасып, үлкен өмірге қадам басты. Әсем қала Астанаға келіп, таңдаулы да үздік мектептердің бірінде білім алғанын мақтан тұтады. Өйткені ауылдан келген кішкентай ғана қыз осы елордамызбен бірге тыныс алып, өсті, өркендеді, көп нәрсені ұқты, басынан көп қызықты шақтарды өткерді, көптеген жетістікке жетті. Жыл сайын, ай сайын, күн сайын өзгеріп жатқан Астана қаласы оған қанат бітірді, өмірге деген көзқарасын өзгертті.

    Өмірін өзгерткен ару қалада әрі қарай өз мақсаттарына жету үшін оқу оқып, еңбек етуді жоспарлап отыр. Оның Астанаға деген шексіз маxаббатын қаланың әсем ғимараттарын суретке түсіру арқылы білдіргенді ұнатады... 

Түнгі қала:


      P.S. Өзім түсірген Астананың әсем көрінісін осындай өзім жайлы әңгімем арқылы көрсеткім келді... Кейде осы қалаға келмей, ауылда қалғанда бүгінгі күнім қандай болар еді деп ойлаймын?! Әрине, қазіргідей өмірім өзгермес еді. Мен Астанамен бірге дамып, өркендеп болашаққа нық қадам басқым келеді. Шексіз сүйемін сені, Астанам!!! 

   Осылай Астананың көркем көрінісін сіздермен бөлісу менің мақсатымның бірі еді. Астанаға келіңіздер, достар!!!