Ағылшын тілін үйренудің үздік тәсілі (байқау)
жеке
блог

Ағылшын тілін үйренудің үздік тәсілі (байқау)

  Қайырлы күн қадірменді Массагет оқырмандары және байқауға қатысушылар! Кейбір себептерге байланысты сіздермен мақсаттарым жайлы блог жариялауға мүмкіндік болмады. Дегенмен алға қойған жоспарларым орындалуда. Қазір төртінші блогымда ағылшын тілін үйреніп жүрген керемет әдісіммен бөлісуді ұйғардым.
     «Қазақстан бүкіл әлемде халқы үш тілді пайдаланатын мәдениетті ел ретінде танылуға тиіс. Бұлар: қазақ тілі - мемлекеттік тіл, орыс тілі - ұлтаралық қатынас тілі және ағылшын тілі - жаһандық экономикаға ойдағыдай кірігу тілі»,-деп елбасымыз атап көрсеткен болатын. Шынымен де біз көпұлтты ел болумен қатар көптілді елге айналуымыз қажет. Қазіргі таңда шүкіршілік көптеген жастарымыз түрлі тілдерді меңгерген және меңгеруге талпынып жатыр. Мен өзімді меңгеру үшін талпынып жатқан жастар қатарына қосар едім. Көп тілді игеру - менің асыл арманым. Ол арман шындыққа айналып, жүзеге асарына сенемін! 
    - Ал сенің де көп тіл білгің келе ме?! Әрине кімнің білгісі келмейді дейсің. Үйренемін деп ғаламтордан әр түрлі сайттарды ақтарасың. Көп тіл білетін адамдар туралы оқып қызығасың. Ал менің олардан қай жерім кем, олар істегенді мен неге істей алмаймын деп өзіңе сұрақ қоясың. Әрекет етуге тырмысасың. Бірақ көп адамдарда айтарлықтай нәтиже шыға бермейді. Неліктен?Өйткені олар тез әрі нәтижелі үйренудің тәсілдерін біле бермейді. 
   Осы орайда өзімнің тәжірибеммен бөліскім келіп отыр. Мен мектеп бітіріп, жас түлек атандым. Өткеніме көз салсам, 11 жыл бойы не істедім, не бітірдім деген сұрақтар туындайды. Сабақты жақсы оқыдым, мектептің іс-шараларына белсене қатысып, мектеп атынан аудандық, қалалық жарыстарда бақ сынадым. Бірақ мен он бір жыл бойы ағылшын тілін игере алмадым. Қызықпадым. Сенесіз бе? Өзге оқушылар үшінші сыныптан бастап, қызығып, курсқа қатысты. Ал мен еш мән бермей жүре бердім. Өкінемін. Сол қателігімді түзеу үшін әлі де кеш емес деп ағылшын тілін меңгеруге бел байладым. 
     Қазір ағылшын тілінде еркін сөйлейтін жастар баршылық. Соларға қарап, бойымда қызығушылық артты. Жақында елордамызда болатын ЕКСПО-ға волонтер атану үшін де маған үйрену қажет болды. Астана қаласында толған ағылшын курстары. Бағасы да қымбат. Сонымен  әрі ойланып, бері ойланып, көп қаражат жұмсамай, үйден тегін ғаламтор арқылы  қалай үйренудің тиімді жолын іздедім. Көп іздедім. Әр түрлі тәсілдермен таныстым. Сонымен орыстың атақты полиглоты Дмитрий Петровтың " Английский язык за 16 часов" деген керемет әдісін таңдадым. 11 жылда үйренбегенді 16 сағатта үйрену деген ғажап емес пе деп, сол күні ютубтан көруді бастадым. Барлығын ұғымды түрде нақты, анық түсіндіреді. Бірден ұнады. Ұнағаны сонша Дмитрий Петровпен өмірде жүздесіп, қазақша әңгімелесіп, көп тіл үйрене білудің сыры неде екенін сұрағым келіп кетті. Иә, ҚАЗАҚША. Өйткені Дмиртий қазақ тілін де жақсы игерген.  
    Жоспар бойынша әр күні 2 сабақтан көріп жүрдім. Соңғы кездері кейбір мәселелерге байланысты кішкене тоқтатуға тура келді. Қазір өз қалпыма келіп, алға қойған мақсаттарымның бір бөлігі осы тілді үйренуді қайта бастадым. Әзірше 10 сабақ бітіріп, көп нәрсені ұқтым. Алдағы уақытта барлық сабақты бітіріп, жақсы нәтиже көрсеткеннен кейін осы әдіспен француз тілін үйренуді жоспарлап отырмын. Егер сен де ағылшын тілін үйреніп, сол тілде өз ойыңды еркін  білдіруді қаласаң, осы полиглотты көруді ұсынамын. Өкінбейсің!
     Адам әрдайым өз-өзін дамыту қажет.  Өзге тілді үйреніп, еркін сөйлей алу - соның бірден-бір жолы. Өркениетті қоғамда тіл - адамзаттың баға жетпес қазынасы. Қазіргі білім ғасырында қара күшіне, бос сөзіне сенген адамдардан жан-жақты дамыған,  көп тіл меңгерген сауатты, оқыған адамдар әлдеқайда биік! Еліміздің ертеңі - біздің қолымызда. Ата-бабамыз аңсаған арманының бірі - Қазақ елін әлемге таныту үшін, барлығымыз, яғни өскелең ұрпақ,  уақытымызды бос өткізбей көп тіл үйреніп, дүниетанымымызды кеңейтіп, әрқашан ізденісте болайық, өмірдің тылсым күштерін ақтару үшін білімді болайық!  Бұл - заман талабы...