Қиындықтар артта қалады (байқау)

Қиындықтар артта қалады (байқау)
жеке
блог

    Күн сайын мақсатымызға жету үшін талмай талпынып жатырмыз. Дүйсенбі күні алғашқы нәтижемізді жариялап едік. Ендігі екініш қорытындыны жариялайын.

   Байқауға қатысушы оқушылардың бірінен - бірі асып, қызықты қылып, жарыса блог жазып жатқанын көргенде менің көңілім бір толғандай болады. "Ат өнері білінбес, бәйгеге түсіп жарыспай" - демекші мен де әр блог сайын өзімше бір ерекше дүние жасауға асығудамын.

   Менің алға қойған екінші мақсатым - алғашқы аптада ҰБТ-ға дайындық Шың кітабын ағылшын тілі бойынша аяқтау еді. Нәтиже жаман емес, бірге көрелік.

   Сіздерге дәлел ретінде Шың кітабын оқып, ондағы жаттығулар мен тест жасап жатқан кезімнен сурет ұсынамын.

     Бұрын Массагетте Жолдас Өрісбай ағаның сабақ беруімен Ағылшын тілін уйрену видеосабақтары жарияланатын. Сондағы Жолдас ағаның жаңа тақырыптарды ақ тақтаға маркермен жазып түсіндіретінін көретінмін. Содан кейін жазғы жоспарымда өзіме сондай тақта сатып алып, сөйлемдерді талдап жаттықсам деп ойлайтынмын. Ендігі соның сәті туды. Шың кітабындағы жаңа тақырыптарды игеру барысында, сөйлем талдауда тақтаны қолдандым.

    Әр тақырыпты аяқтап, жаттығулар жасап, соңында тест орындадым. Тесттің соңында дұрыс сұрақтар санын жазып, өз көңіл күйімді түрлі смайл арқылы қағазға түсірдім.

    Кітапты аяқтай келе өз үйренгендерімнен қандай дәлел көрсетсем екен деп ойладым. Сөйтіп, тақтама Массагетке тілек жазуды ұйғардым.

    Негізі ағылшын тілін үйрену басында аздап қиын болғанымен, уақыт өте келе оған деген қызығушылығыңыз мен сүйіспеншілігіңіз артса өзіңіз-ақ қалай үйреніп кеткеніңізді сезбей қаласыз. Тіл - ең алдымен қатынас құралы. Сіз ол арқылы жаңа бір әлемнің есігін ашасыз. Өзге тілді үйрену сізге көп мүмкіндік береді. Болашағыңыз өз қолыңызда!

   Тағы бір айта кететін жайт, ағылшын тілінде ешқандай ережеге бағынбайтын сөздер бар. Сондай сөздерді есте сақтауға тырысыңыз. Мысалы, біз әрқашан сөзді көпше түрін жасау үшін 's' немесе 'es' жалғауын жалғаймыз. Ал 'ox' яғни аударғанда өгіз сөзі көпше түрде 'oxen' болады екен. Араларыңызда ағылшын тілінен емтихан тапсыратын жандар болса керектеріңізге жарайды деп ойлаймын.

   Ағылшын курсында мұғаліміміз:"Тілді толықтай меңгеру үшін оның грамматикасын ғана оқып, сөздерін жаттау жеткіліксіз. Сол тілді қолданатын халықтың мәдениетімен де таныс болу қажет" - деп айтатын еді. Сондықтан мұғаліміміз сабақтың аяғында міндетті түрде ағылшынша ән айтқызатын. Алғаш айтқан әндеріміздің бірі өткен ғасырдың өшпес жұлдыздары Британиялық The Beatles тобының әні 'Yesterday' еді. Сол әннен кейін Битлз тобының әндеріне ғашық болдым. Тіпті, интернет беттерінен олардың тарихын оқып, әндерін жаттадым. Ендігі, кітаптан біраз бас алып, ән айтып, өзіме сергіту сәтін, ал сіздерге жақсы көңіл күй сыйлағым келеді!