Мен - елімнің ертеңімін! (байқау)

Мен - елімнің ертеңімін! (байқау)
жеке
блог

Армысыздар, "Массагет" сайтының оқырмандары және "Мақсатыңа Массагетпен бірге жет!" сайысына қатысушылар!

"Мұзбалақ" тобының мүшесі, өмірге де, өнерге де ғашық  қазақтың  ару қыздарының бірі мен, яғни Аяжан Нұрланқызы - 1999 жылы ақпан айының 18 жұлдызында Алатаудың баурайындағы ару қала Алматыда дүниеге келдім. Асқар таудай әкем - Нұрлан, аяулы анашым - Назгүл Мұқағалидай мұзбалақ,  ақиық ақынды дүниеге келтірген қасиетті топырақ Нарынқол жерінің тумасы. Қамқор ағам мен сүйкімді сіңілім Айзередей бауырларым бар. Ата - анам бізді қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай өсірді, жақсы тәлім- тәрбие берді.

Өмірлік ұстанымым: Абай атамыз айтпақшы "Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп" тірі жан иесін ардақтап, дос тұту менің өмірдегі мақсатымның бірі.

Мен болашақта сахна шебері, яғни актриса болуды армандаймын. Бұл өнерге қызығушылығымды тудырған, Қазақстанға әйгілі актрисалардың бірі - Әлия Телебарисова. Ол 2011 және 2012 жылы көптеген басты рөлдерді сомдады. Жас актриса "Жаужүрек мың бала",  "Жас ұлан", сондай-ақ "Балкон" фильмдері және "Сыныптастар" мен "Ағайындылар - 2" сериалдарына түсіп үлгерген. Сонымен қоса Америкада білім алған. Жасы небәрі 20 жаста болса да көп жетістіктерге жеткен. Қазақ қызы деген атқа әбден лайық. Қазақ қызының тамаша бейнесі ретінде санағандықтан, осы кісіні пір тұту мен үшін үлкен мәртебе. Міне, сондықтан өзіме - Әлия Телебарисованы үлгі тұтамын. Сол кісі  сияқты сахна саңлағы атану - ізгі арамыным.

Бос уақытымда айналысатын ісім, яғни хоббиім: өлең шығару, сурет салу, билеу. Анам жастайымнан жан - жақты болуды үйреткен. Анамның арқасында өнерге бір табан жақын болдым.

Жазғы уақытты бос өткізбей, өзіме алдағы уақытта керек, пайдалы нәрселермен айналысу, сол айналысатын ісіме қатысты мәліметтер турасында іздену, зерттеу және де өзім сияқты Қазақстанның түкпір - түкпірінде тұратын білімді , парасатты, өмірге де , өнерге де құштар замандастарыммен танысу үшін бұл байқаудың берері көп болады деген сенімдемін.

Массагет сайтының оқырмандар үшін болашақта мынадай сайыс өткізуді өзімнің тарапымнан ұсынғым келеді.

Қатысушылар ( мүмкін олар бір топ болса да болар) өздерінің туып өскен жері, тұрғылықты мекендегі көрнекті жерлері мен сол жердің тарихы , т.б. туралы көпшілік біле бермейтін деректерді іздену, сол ізденітерін эссе ретінде жазу, фотоға түсіру, көпшілік назарына ұсыну. Бұл сайыстың Массагеттік оқырмандарға берері мол, тағлымды байқау болады ма деген ойым бар.

Байқау туралы оқыған сәттен бастап, қатысуға қызығушылығым оянды. Шарттармен танысып, үздік әрі мықты жетекшім Ербол Молдажановты таңдағанда жеңіс біздікі екеніне 100 пайыз кәміл сендім. Сонымен қоса, екі ай уақытым қызықты әрі Массагетпен өтетініне қуанамын.

Сөз соңында айтарым: Мен елімнің ертеңімін! Сондықтан, еліме қызмет етіп, тек биіктерден көрінемін! "Мақсатыңа Массагетпен бірге жет!" байқауының қатысушы топтарға сәттілік, ал біздің  "Мұзбалақ" тобына жеңіс тілеймін!