"Қыз Жібек пен Төлеген" кинофильміндегі Жібек бейнесі

"Қыз Жібек пен Төлеген" кинофильміндегі Жібек бейнесі
жеке
блог

"Қыз Жібек пен Төлеген" кинофильмі -  әрбір қазақтың рухын жинап, ата - бабаның, қазақ халқының салт - дәстүрін, өмірінен, тұрмысынан айтарлықтай нәр, бойына сіңірер ғибрат жинай алатын шедевр туынды.  

Қазақ халқы қыз баласын – болашақ ана, шаңырақтың берекесі деп, оның тәрбиесіне баса мән бергенінің темірқазықтай үлгісін салып берді.

Кинотуындыда қазақ салт – дәстүрінің артефактісі, деректі материалдары айрықша байқалып, көзге түсті: ақжаулықты аналардың кимешек киюі, бір топ қазақ қыздарының дәстүрлі оюларымен бедерленген көйлегі, әшекей бұйымдары, әсіресе бұрымдарындағы ерекше көркем дыбыс беретін шолпысы елең қалдырды. Қазақтың «ағын» көрсетіп, арнайы тостағаншаға құйып беруі - бұл да бір дүниенің көрінісі болды. Алтыбақан, Ханталапай ойыны, киіз үй, салт - дәстүр ғұрыптары көрініс тапты.

Қазақ қызының айқын бейнесі

Жібектің өзі, тұла бойы тұнған тазалық, инабаттылық, қазақ қызына тән әсемділік, ата – анасының мойнына иіліп тұрып, байсалды еркелеуі, құшақтауы – қыз тәрбиесінің мықтылығын аңғартты. Қазақ қыздарының жүрген жүрісі, өзін-өзі ұстауы, мәртебесі - көрерменді елең еткізіп, баурап алады... Әсіресе, сөйлеген сөзі, мәнері, бұлбұлша сайраған әсем үні  – ұлттың бейнесін көрсетті. Ерекше көрініс – бойына тән нәзіктілік пен аса сезімтал қазақ қыздарының ат үстінде ойнауы –мықты, жігерлі, икемділігіне басымдылық берді. Қазақ халқының дәстүрлі киімінде, бұрымды қыпша бел, нұрлы жүз қазақ қыздарының сықылықтап күліп, әнді бірге сала, жүйрік аттың үстінде желмен ескен көрінісі ерекше сезім тулатады.

 Адалдық, инабаттылық бейнесінде көрініс тапқан қазақ қызы - Жібек қандай кербез, қандай әсем. Қыз Жібектің ақылдылығы, өнегелік тәрбиесі ерекше. "Оқтың иесі - отаудың иесі болып кірер, ал екінші оқтың иесі - ақ тілеулі досы болып кірер",- деген бір ауыз сөзінен байқалды. Қыз Жібектің бір ауыз сөзбен даудың дөп шешімін басатын жеріне мінездеме берер болсам, екі жігіттің қайсысына бұйырарын білмей, бұл шешімге тоқталуы – нағыз қазақ қызының бойынан ғана табылатын өжеттілік пен дара қасиет.