Дін және мәдениет
жеке
блог

Дін және мәдениет

Мәдениет – ішкі күйдің сыртқы суретті бедері. Ол –  шектеулі. Мәдениет –  шектеулі ғылымдардың, ұғымдардың бірі. Өйткені, ол адам болмысына байланысты. Адам –  шектеулі зат. Мәдениет – шектеулі заттың шектеулі іс-әрекеті. Басқаша оның ешбір ғажайып, құпия белгісі жоқ. Газет, алфавит, үй, жол, фабрика, киім-кешек, ауқаттың неше түрі, осының бәрі – адамның қолынан шыққан, жасалған мәдениет түрі. Мысалы, ай, жұлдыз, күн, бұлт, тал, су, адам, құрт-құмырсқа, жел, шөп, жануар, тау, жер, көк бұлар – бұлар адамның мәдениеті ме? Жоқ. Олар –  Аллаһтың жаратқаны. Оларды біз меншіктей аламаймыз. Біздің меншіктейтініміз жоғарыда білдірілген нәрселер. Солар біздің мәдениетіміз. Аллаһ фабрика соққан жоқ. Аллаһ жұлдыз жаратты. Жұлдызды болдырды. Адам фабрика соқты.
Аллаһ өзі жаратқан дүниені билесін деп адамға дінді түсірді. Адам өзі жасаған бар затты игеру үшін ғылым іздеп тапты. Физика, химия, ботаника, алгебра, медицина, генетика т.б. Дін мен мәдениеттің бір байланысы осындай. Әрине, біз оны түсінуге өте оңай болсын деп осылай оңайлатып айтып отырмыз. Оңайлату деген ол – ғылымның басты шартының бірі. Ғылым қиындатудан тұрмайды. Оңайлатудан тұрады. Ғылымның өзін адам өз тіршілігін оңайлату үшін іздеп тапқан. Аллаһтың бізге берген бұйрығы осындай. Оңай жолды таңдаңдар дейді. Дүние өзі жаратылысынан оңай емес. Бірақ, біз оның қиынынан оңайына қашамыз.
Бірді айтып, бірге кеттік. Меніңше, бірді айтып, бірге кету ол – үлкен өнер. Ғылым. Бір – әдіс, метод. Тек бірді айтып, бір орында тұрып қалу ол – өнер емес. Ол бір орында тығылып, тұрып қалған көлік секілді. Даму қайда қалады? Әлем: жер-ғарыш қозғалыста, үздіксіз дамуда, ғарыш ғалымдардың дәлелі бойынша күннен-күнге кеңеюде. Үлкеюде. Үрлеген шар сияқты. Сол сияқты, адамның денесі дамымайды, оған қарағанда ішкі рухани дамуы зор. Осы күшті, зор рухани күш, қозғалыс дінмен келеді. Оның қозғаушы күші – дін. Аллаһтың діні. 
Яғни, дін – Аллаһ Тағаладан. Мәдениет – адамнан. Дін – адамды басқаратын нәрсе. Ол адамға бағынышты нәрсе емес Адам – мәдениетті басқаратын нәрсе. Адамды дін басқарған кезде ғана –  адам. Адамды мәдениет басқарған кезде ол адамшылықтан айырылады. Өйткені, мәдениет адамды басқаруға жаратылған нәрсе емес. Ол адамға қызмет етуге жаратылған нәрсе. Дін –  аспаннан түсірілген нәрсе. Мәдениет –  жерде пайда болған нәрсе. Мәдениетті басымызға шығарып алмауымыз керек. Онда оңбаймыз. Батыс мәдениетті басына шығарып алған. Олар –  мәдениеттің құлы. Олар дінді аяқ асты етті. Аяқ астында жаншуда. Бізде керісінше болу керек.
Мәдениет – форма. Дін – мағына. Дін –  рухани өмірдің кілті. Оны реттеуші күшке ие. Мәдениеттің қолынан ол келмейді. Адам жаратылысы өздігінен ол жартыкеш нәрсе. Толық қалыпқа  ол ие емес. Толық қалып деген ол – екі дүниені де бірдей ескере алу. Тек, бір дүниемен қалу адам жаратылысының жарты көрінісі. Мәдениет тек осы дүниеге ғана қызмет ете алады. Дін екі дүниеге де қатысты болып, екі дүниенің де мәселесін шешеді.
Ұлт мәдениеті
Қазақ ұлт мәдениеті алуан сатылардан тұрады. Мысалы, Қорқыт. Қорқыт –  атымыз да, затымыз да Түрік боп тұрғанда көрік басқан тұлға. Қорқыт – түрік қоғамының сол кездегі рухани символы  сияқты болған тұлға. Жартылай  мифтік, жартылай тарихи тұлға. Қорқыттың тағы бір ерекшелігі – мұсылмандықтан бөлініп көрінетін сияқты болуы. Олай болатын себебі – оның түрік нәсілінің Ислам дінімен қауышатын, өтпелі кезеңде өмір сүретіндігінен.
Одан кейінгі мәдениетіміздегі бедерлі бір тұлға – әл-Фараби. Әл-Фараби –  әлемге аты шыққан, әйгілі философ.
Одан кейін, түріктік тұтас ұлт көрінісінен біз қазақ деп, жеке дара бөліндік.  Бұл тарихта ХV ғасырда саяси түрде іске асқан. Бұл тарихи оқиға – біртұтас Алтын Орда қираған соң, ондағы түрік нәсілі шашылып, қазақ өз алдына орда болды. Біз орда болайын деп болған жоқпыз, тарих солай болдырды. Абай – осы қазақ этносының данышпаны. Бір халыққа бір алып тарихи тығырыққа тірелген кезде, оның көкірек көзін ашу үшін жіберіледі. Абай сондай тұлға. Әрине, ол –  заманына шақталған, сол заманға сай, лайықты тұлға. ХІХ ғасырда қазақ ұлт ретінде әлемдік өркениет ішінде өз проблемасымен жеке дара қалған. Саяси тұтқынға түсті. Хандық институты жойылды. Өзі онсызда  мешеу тұрмыстық формада тұрған халық отаршылдық қалпына түскен соң, рухани мүлде құлдырап кетті.  Халықты саяси-интеллектуалдық қараңғылық басты. Халық ел болудан қалған еді. Абай осы кезде халқына рухани жол көрсетуші болған еді. Ол оны есін, рухын жиюға шақырды. Сондықтан мына сөз дөп айтылған: «Қазақ халқын надандықтың айсыз қараңғы түні ғылым сәулесінен бүркеп, тұншықтырып тұрған кезінде, тұншыққан елге дем болуға, қараңғы жерге нұр болуға, надандық-аждаһаны өртеуге Құдай жіберген хақиқаттың ұшқыны Абай туды» деген (Екеу. Абайдың өмірі һәм қызметі // Абай. 1918. №2).
Сол Абайдың рухани-интеллектуалдық талпынысынан алаш қозғалысы өрбіген. Тарихта бәрі сабақтастық жолымен жүреді. Алашорда ұлттық либерализм жолын ұсынды. Алашорда қозғалысының зор бір белгісі ол –  қазақтың саяси намысын оятуы. Жаңа өркениеттік өреге халықты үндеуі. Қазақ ХХ ғасыр басына дейін тарихи салғырттықтан көшпенділік қалыпта қалып қойған. Олар сол құрсаулы, қара түнек сананы бұзуға тырысты. М.Дулатов сондықтан, өзінің атақты «Оян, қазақ!» шығармасында:
                              «Аз емеспіз, алты миллион халықпыз,
                               Әлхамдулиллаһ, надандыққа ғарықпыз.
                               Жайымыз жоқ одан басқа мақтанар,
                               Сахарада дикар болып қалыппыз» – 
деген еді. Артынан бұл қозғалыстың саяси трагедияға ұшырағаны белгілі. Ол қозғалыс өз стихиясымен толық жүре алған жоқ. Оларды тарих аренасынан тобықтан шалып ұшырған кеңес үкіметі еді.
Кеңес  үкіметі өз идеологиясына сай өз мәдениетін ұсынды (Өйткені, әуелі, әр мәдениеттің  сүйенер өз идеологиясы болады). Кеңестік мәдениет – өтірік, жалған мәдениет. Оның белгісі мысалы – орақ пен балға, бесжұлдыз т.б. деген сияқты өлі белгілер болды. Олардың түсінігінде бұ дүниеде орақ пен балғадан қасиетті нәрсе жоқ. Ол бүгінде біз үшін күлкілі. Коммунистер – экономиканың, тұрмыстың құлы болды. Және олар дінді фантазия деп түсінді.  Осындай түсініктегі адамдардың  жүрген жерін бүлдіретіні белгілі. Қазақ халқы да олардан көп зардап шекті. Өзінің болмысынан, төлтума мәдениетінен айырылуға шақ қалды. Құдай оңдап, қанды бесжұлдыз, орақ пен балға апатынан  әзер құтылдық. Енді нағыз ұлт мәдениетін сомдауға күш салатын кез келді. Ұлт мәдениеті ол – өлі мәдениет емес. Онда жасандылық жоқ. Оның негізігі бағыты: дін, тіл, тарих, салт-дәстүр, өнер, әдебиет, ғылым, экономика, саясат, менталитет т.б. Енді, осының бәрін біріктіру керек. Оған арнайы жоспар жасау керек. Қазақтың кеңестік менталитетін –  ұлттық, мұсылмандық, өркениеттік менталитетке өзгертуіміз керек. Ол үшін үлкен рухани реформа керек. Сонда ғана ұлттық мәдениет жасалады. Оның шын мәні шығады.   Бізге тұтас ұлт реформасы керек. Үлкен сілкініс керек. Қазақ сондай сілкіністің алдында тұр. Қазаққа ғасырлық ұйқыдан оянатын кез келді. Ол күнделікті ұйқыдан ояну емес. Үлкен ұйқыдан ояну. Құдай өзі бізге жәрдем берсін! 
Әлемдік мәдениет
Әлемдік мәдениет көп. Оның ішінде шыны да, өтірігі де көп. Ең ежелгі ескі мәдениеттердің бірі – Египет. Египет дегенде еске пирамида екерткіштері келеді. Бесікке бөленген баладай алтын саркафакқа салынған өлі патша  ойға оралады. Хамурапи патша кезінде шыққан Вавилон өркениеті де бар. Оның өмірі атақты Ефрат пен Тигр өзендеріне қатысты. Вавилондықтар ежелгі календарь өнерін жасағыш болған. Ассирия патшалығында ең ескі алфавит жасаған. Мысалы, қазіргі (к)  әрпін  олар теріс қаратып  салған болса ( ), (т) әрпін  крес, шармық (+) сияқты белгілеген. Финікия жазуы біздің эрамыздан бұрынғы ІV мың жылдықта пайда болған. Қытайлар зор мәдениет. Олар қағазды ойлап тапты. Сыма Цянь – олардың атақты тарихшысы. Гректердің Геродоты секілді.  Арабтардың әт-Табариі секілді. Моғолдардың Мұхаммед Хайдар Дулатиі секілді. Гректер миф толған ел болған. Олардың қаптаған өтірік құдайлары: Посейдон, Гефест, Гермес, Апалон, Зевс т.б. Римнен демократия, юстиция өнері шыққан. Қазіргі әлемді билеп тұрған демократия, конституция деген ұғымдар сол римдіктерден қалған мұра. Грек – Римнен Еуропа деген мәдениет шығады. Еуропалық бір мәдени философиясы ол – Евгеника. Евгениканы кезінде Гитлер де тұтынған. Ол тұқым қуалаушылық деген өнер. Асыл тектілік деген менмен, тәкәппар философия. Сол еуропада қазір бұзылған өнерлер көп. Ол мысалы – гомосексуализм, суицид, комромат, процент, ерес, наркотик, рок музыка, порнография т.б. Осының бәрі вирус боп әлемге жайлып жатыр. Әлем осы ауруларды бойына таратса онда кешікпей өледі. Бұл дүниедегі өмір мағынасы өзіңді өлімге бұзық, былғаныш жолмен дайындау емес, өмірді иманмен, таза өткізу. Өлім өзі ешкімнен сұрамай келеді. Ең соңғы өлім ол – ақырзаманда болады. Еуропада оны –  апокалипсис деп атайды. Ол –  жаппай өлім. Сол өлімге кәйтіп барасың, гәптің бәрі сонда. Қазір дүние бір түрлі быт-шыт, кір-қоқыс, әрі-сәрі қалыпта тұр. Әлемде зор дағдарыс бар. Сырттай да, іштей де. Әлемді билеуші Американың өзінің шақшадай басы шарадай боп отыр. Қазақстанға не жорық, сірә. Жалпы, Америка билігімен әлемге – қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман орнай  қойған жоқ. Неге? Өйткені, Америка толыққанды әлемдік әміршіге айнала алмады. Олар тек қара күштің әміршісі. Яғни, әскери қожайын, лидер. Ал, адамзат баласына қара күшпен қоса рухани да лидер керек. Осы екі лидерлікті бойына дарытқан ел ғана әлемді билейді. Әлемді түзейді. Әлемдік мәдениет жасайды. Ол мәдениеттің ордасы – Ислам! Осы мәдениетті кім қолға түсірсе, сол әлемді  билейді.

 

 

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті
философия және саясаттану факультеті
дінтану және мәдениеттану кафедрасы
2курс студенті Джасыбаева В.

Жетекшісі: Кантарбаева Ж.У.

www.kaznu.kz