Қазақ ырымдарындағы отбасылық құндылықтар мен табиғатты аялау

Қазақ ырымдарындағы отбасылық құндылықтар мен табиғатты аялау
жеке
блог

Ырымдар- көненің  көзі,  өскелең  ұрпаққа  жол  көрсетіп,  тағлымды  тәрбие  беруші  құрал,  былайша  айтқанда,  қазақ  халқының  символы.  Қазақтың  кейбір  ырым-тыйымдары  бағзы замандардағы  шамандық,  тәңірлік  наным-сенімдердің  сипаты,белгісі  ретінде  көрініс  беріп  жатады.  Қалай  десекте,  ырымдарды  қазақ  халқының  ұлттық  болмысынан  бөле  қарауға  болмайды! Қазақ    ырымдарының  ішінде  отбасылық  құндылықтар,  табиғатты  аялау  дәстүрі  туралы  қарастырыла  ма? Олар  қандай  ырымдар?

       Қазақ халқымен ғасырлар бойы жасасып келе жатқан ырым-тыйымдар жүйесі хал­қы­мыз­дың өмірінде, салт-санасында, әдет-ғұрпында, тұрмыс-тіршілігінде кеңінен көрініс тапқаны белгілі. Ырым-тыйым арқылы бала тәрбиелеу, жат әдеттерден тыю, туындауы мүмкін қауіп-қатерлерді ескерту және  жаман  нәрселерден  бойды  аулақ  ұстауды үйрене  аламыз. Ырымдар- ұлтымыздың рухани кеңістігінде әлі күнге дейін сақталып келе жатқан тарихи, этномәдени, әлеуметтік мәні те­рең дүние. 

   Қазақ  қалқының  ырымдары  көбінесе,  отбасылық  жайттарға  байланысты.  Еңбектеген  баладан,  еңкейген  қартқа  дейін  ырымды  құп  көріп,  қатаң  сақтаған.  Отбасылық  құндылықтарға  байланысты  ырымдар  сәбиге,  келінге,  қызға,  ерлі- зайыптыларға  көбірек  айтылады.  Соның  бірі  де,  бірегейі,  бірден  көзіме   түскені  мына  бір  халқымыздың  ырымы: «Қазақ баласы үйдің ішінде төрге қарап тұрып керілмейді. Төсек кермейді. Шаңырақка, керегеге асылмайды. Бұлай істесе үйдің киесі атып, дертке шалдығады деп ырымдайды.» Егер  шынымды  айтар  болсам,  бұл  ырым  туралы  бұрын-соңды  естімеген  екенмін.  Киіз  үйді  қойып,  ағаш,  там  үйге  көшкенімізден  болар.  Қазақ  баласының  керілуін  жаман  ұғымға  балапты.  Мүмкін  керілу  ерсі  қылық  болғандықтан,  «жаман  әдетке  ұрпақ  баспасын!»- деген  оймен  ата- бабаларымыз  айтқан  болар…

Қазақтың  сәбиге  арналған  ырымдары  жетерлік.  Сәби  туыла  сала   егер  атқамінер  дүниеге  келсе  қырық  күн,  көйлектігер  өмірге  келсе  қырық  күннен  асыра  қырқынан  шығарған.  Бұнысының  мәні,  қыздың  қыдырымпаз, жеңілтек  болмауын  ойлауында  екен.  Тағы  айта  кетерлігі,  сәбиді  алты  айлық  болғанынша  жалғыз  тастауға  болмайды, өйткені  баланы  небір  жын-жыбырлар  торуылдауы  мүмкін,  шошып  қалмауы  үшін  яки  құлап  қалып  мерт  болмауы  үшін  баланың  жанында  үнемі  отбасы  мүшелері  болған.  Тағы  бір  сәби  туралы  қызықты  ырым, сәбидің тілі мезгілінде шықпаса нағашысының үйіне апарып, қой сойдырып, соның тоқ ішегін мойнына байлап береді. Сонда баланың тілі шығады деп жориды. Менің  ойымша,  қазіргі  заматта  бұл  ырым  қолданыста  жоқ  секілді.  Өйткені,  осы  ырым  туралы  талай  адамнан  сұрадым  олар  өмірлерінде  бұндай  жайтты  кездестірмепті,  өзім  де бұл  ырым  туралы  бейхабар  екенмін. Сәби алақанын шапалақтаса — қуанышты хабар келеді деп ырымдайды. Қазақ  халқы  қол  шападақтауды  қуанышқа,  той-думанға  балаған.  Сондықтан  болар,  періште  ғой  деген  ниетпен  сәбидің  қол  шапалақтауына  риза  болып  қараймыз.

   Шаңыраққа  келін  түскенде  оның  көп  нәрседен  тыйылуы  шарт  екенін  білеміз. Қазіргі  заманға  дейін  келін  ата-енесінің  төсегіне  отырмауы  керек, орамалсыз  жүрмеуі  керек, шашын  қиса  кесір  болады  сынды  ырымдар  қолданыста. Тіпті,  келіннің  әр  қадамы  бақылауда десем  артық  айтпағаным  болар  еді. Мысалға,  қазақ қарттары екі кабат әйелге қай аяғын алдымен басар екен деп қарайды. Егер оң аяғымен табалдырықтан бұрын аттап кірсе — ұл туады. Сол аяғымен кірсе - қыз туады деп жориды. Бірақ өз  ойым,  бұл  ырым  үнемі  дұрыс  нәтиже  көрсетпеген  болар,  кейде  жай  болжамның  шындық  болуы  тек  сәйкестік  арқылы  ғана.

   Қазақ   халқында  табиғатқа  байланысты  ырымдар  кездеседі.  Олардың  түп  тамыры,  астарлы  ойы   табиғатты  аялау  мақсатында  айтылады . Табиғат  туралы  ырымның  бірі  мынау: «Жел иесі — Мырқайдар. Қара тұман бұлтты айдар дейтін ырым бар. Қырман соғып, дәнді жерге ұшырып, тазартқанда жел иесі Майдаға сыйынады. Мұнысы — дән көп болсын, қауыз топан аз болсын, Майда ие қолдай гөр дегені».  Тоқшылық  болып,  бейбіт  заман  орнасын  дегені  ғой!  Қазақ  күн  күркіреп,  найзағай  жарқылдаса  жаман  пәлелерге   Құдайдың  қаһары  деп  сенген,  сол  пәлелер  үйге  жоламасын  деп,  үй  айналасын  отпен  аластап  отырған.  Бұл  ырым  кішкене  логикалық  жағынан  қисынды  болып  көрінбеді  маған.  Жыңғылмен атты қамшыламайды, Малды не адамды ұрмайды. Жыңғыл — тікенді бұға. Онымен ұрса мал да, адам да ұшынады деп ұйғарады.  Бұл  ырымның  мәнісі  тікеннің  зиянын  біледі  ғой, казақ  қанша  дегенмен,  сондықтанда  осы  ырым  пайда  болған  сықылды.   Қазақ жазғытұрым алғаш жауған жаңбырды «Алланың нұры» деп басын тосады. Онысы ала жаздай басы ауырмайды, басына бақ қонады дегені.

   Жалпы  айтқанда,  қазақ  ырымдары  қандай  мәселеде  болмасын,  алып  шығар  жол  бағдар.  Ырымды жеке адам бұлжытпай орындау үшін сездірілетін рәміздік әрекеттер жүйесі деуге де болады. Мысалы: Жұлдыз ақса, оны көрген кісі «Менің жұлдызым жоғары» деп айту керек;  Бала сүт тісі түссе, оны майға орап «Жасық тісімді алып, өткір тісімді бер» деп итке беруі керек. Үйдің іргесіне ит сарыса, құт құйылады  деп  жатады.  Қандай  жағдай  болмасын  ата-бабамыз  салып  берген  сара  жолмен  жүрсек  қор  болмаймыз.  Ырым- тыйымдарға  назар  аударсақ  болмысымыз  кеңейіп,  тәрбиені  еселей  түсетінімізге  сенімім  кәміл.  Әрине,  ырыммен  жүріп-жүрмеу  өз  еркіңізде…