“ЖЕТТІ ЖАРҒЫ” ҚАЗАҚ ҚОҒАМЫНЫҢ ҰЛТТЫҚ ХАРТИЯСЫ

“ЖЕТТІ ЖАРҒЫ” ҚАЗАҚ ҚОҒАМЫНЫҢ ҰЛТТЫҚ ХАРТИЯСЫ
жеке
блог

              Тәуке хан билікке келісімен Қазақ хандығындағы ішкі тартысты тоқтатып, бірлікті күшейтуге барын салғаны мәлім. Тәуке ханның реформаторлық қызметінің сапынан ерекше орын алатын мәселе – қазақ қоғамының құқықтық жүйесін қалыптастыруы. Мемлекетті нығайтып, тәртіп орнату үшін тиімді, халық мүддесіне сай келетін, орындалуы арнайы тетіктермен қамтамасыз етілетін заң жүйесі болуы шарт.

              Бұл қағиданы Тәуке хан аса көрегенділікпен түсінген. Құқық жүйесін жасау қызметіне қазақ қоғамынан өздерінің қара қылды қақ жарған әділ шешімдерімен елге танымал болған билерді тарта білді. Олардың негізгі өзегін “үш пайғамбар” атанған Төле би, Қаз дауысты Қазыбек және Әйтеке би құрады. Соның негізінде дүниеге қазақ қоғамының ұлттық хартиясы - “Жеті жарғы” келді. Ол тек қана сол заманның талаптарына сай келетін құқықтық құжат емес. Оның мәні және мазмұны жағынан көшпелі қазақ халқының этикалық, шаруашылық ұйымдастыру және географиялық ерекшеліктерге сай қабылданған аса құнды құқықтық ескерткіші болып табылады.

             Тәуке ханның заманында билер кеңесімен қатар «халық жиналысы» өткізіліп тұрған. Ол орыс деректерінде «старшындар жиналысы» делінеді зерттеуші И. Гаполлова. «Присоединение Казахстана к России. А-А. 1948, 121-стр». Орыс елшілері Скибин мен Трошин, Кобяков мәліметтерінде: «20-желтоқсанда (1693) Тәуке хан Қазақ ордасының игі жақсыларын жинады»,-делінген.

           “Жеті жарғының” әрбір бабы қазақ халқының әлеуметтік практикасының жемісі, ұлтты қорғау үшін, көшпелі қоғамдық қатынастарды тиімді реттеуге қабылданған және талқылау барысында идеялық пікірталас, билердің данагөйлігінің қорытындысы болды. “Билер кеңесі” бекіткеннен кейін ауызша түрде ел арасына таралған. Тарихи, құқықтық әдебиеттерде “Жеті жарғы” қай жылы қабылданғаны туралы мәліметтер жоқ. “Жеті жарғыны” тұңғыш болып зерттеген шығыстанушы ғалым Н. Өсеров оны 1680 жылы қабылдады деген пікір айтады. Қазақтың қылмыстық құқығы “Жеті жарғы” талаптарына сай “Қасым ханның қасқа жолы”, “Есім ханның ескі жолы” сияқты заң жинақтарының негізінде кодификацияланды. Қазақ қоғамының көшпелі өмірі, патриархаттық-қауымдастық құрылыстың ықпалы жалпы қылмыстық құқыққа, оның жеке институттарына өте зор болғаны анық.

            Сондықтан қазақтың әдеттік-қылмыстық құқығының талаптары еліміздің шаруашылық ұйымдастыру болмысының, тыныс-тіршілігінің көрінісі ретінде танылады. Бұл туралы оның заңында былай делінген: «Хан, басқа сұлтан, ақсақалдар, ру басылары тең халық ісін шешу үшін күзде жиналуы қажет және мұнда қару жасанып келуге міндетті» А. Левшин. «Описание киргиз-казачьих орд и степей. СПБ, 1832, ч.3. стр. 177». Басқару жүйесінде білікті билер мен батырларды таңдап, оларды қасына топтастыра білген Тәукені орыс тарихшысы А.И. Левшин «Спартаның ақылгөй заңгері Ликургпен» теңеген»- еді. “Жеті жарғы” өзінің баптарында “қылмыс” деген ұғымды ешқандай мазмұнда түсіндіріп, мәнін ашып көрсетпейді.

              Бекітілген нормаларда тек қазақ қоғамының әлеуметтік практикасында жиі-жиі кездесетін зиянды қимыл-әрекеттердің аттары аталып, оларға қолданылатын жазалардың түрлері көрсетілген. Негізінде “Жеті жарғыда” мынандай қылмыстардың құрамдары беріледі: кісі өлтіру; ұрлық; тонау; бүлік шығару; әйелдің ерінің көзіне шөп салуы; денеге, мүшеге зақым келтіру, әйелді алып қашу, экзогамиялық табу, күйеуі бар әйелмен көңілдес болу, тәңірге тіл тигізу, христиан дініне өту сияқты әрекеттерді жауапқа тартуды көздейді. Қылмыс істеген адамдарды қылмыскер деп танымайды, керісінше оларды “жын соққан”, “пері соққан”, “құдай атқан” деген мағынада бағалайды, қылмыскерді “күнәһар” деген ұғыммен алмастырып қарайды.

            Қылмыстық жауапқа тарту 13 жасқа толған мөлшерден басталған. Қылмыс субъектісінің ақыл-есі дұрыс, өз әрекеттеріне толығынан жауап бере алатын болуы шарт. “Он үш жаста отау иесі” деген сөз әр адамның әрекетіне жауап бере алатынының нышаны болса керек. Қазақтың қылмыстық құқығы мақау, есі дұрыс емес адамдарды жауапқа тартпаған. Сонымен қатар қылмыс субъектісі болып құлдар саналмайды. Олардың жасаған әрекеттері үшін иелері жауап береді. Екіқабат әйелдер кісі өлтіргені үшін де жауапқа тартылмайды, бірақ олар елдің қарғысына ұшырайтын болған. Қорыта келгенде 1718 жылы Тәуке хан қайтыс болған соң, оның орнына отырған баласы Болат хан билікті орнымен пайдаланып, халықтың басын біріктіре алмайды. Бұл жағдай Қазақ хандығының саяси жағынан бөлшектеніп, әр жүз хандарының жеке дара билік құруына әкеп соқтырады.

 

1- курс студенті Е.Д.Биғалиев

Әл-фараби атындағы ҚазҰУ-нің

аға оқытушысы Ж.М. Арынов