ЖАҢҒЫРТЫЛҒАН ЖӘДІГЕР - "ЖЕБЕЛІ ҚЫЛШАН"

ЖАҢҒЫРТЫЛҒАН ЖӘДІГЕР - "ЖЕБЕЛІ ҚЫЛШАН"
жеке
блог

Бүгін, Алматы облысы, Есік қаласындағы «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінде Халықаралық ескерткіштер мен тарихи орындарды қорғау күніне арналған мерекелік іс-шара аясында шамамен IX-X ғғ. жататын қайың қабығы, ағаштан жасалған «Жебелі қылшанның» таныстырылымы өтті. «Жебелі қылшанды» елімізге белгілі қалпына келтіруші (реставратор) Қырым Алтынбеков таныстырды. 2018 жылы жәдігер «Остров Крым» ғылыми-реставрациялық зертханасында қалпына келтірілген болатын. Айта кетейік, аталған зертхана жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары барысында табылған жәдігерлерді алдын-ала сақтау, қалпына келтіру, құжаттау, фото және графикалық фиксациялау, жаңғырту жұмыстарын жүргізумен айналысады. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында айтылғандай дала өркениетінің зор қуаты мен эстетикасын әйгілейтін мұндай тарихи жәдігер Жетісу жерінде бұрын-соңды кездеспеген. 

Қырым Алтынбеков, белгілі қалыпқа келтіруші (реставратор):

Бұл жәдігер біздің қолымызға тиген кезде адамға түсініксіз бөлек-бөлек заттар болатын. Оның ішінде қайың қабығы, ағаш, қола, тері, жібек мата болатын. Мұның бәрі маңызды заттар. Әрбір жәдігер ақпарат тасушы. Біз сол тарихи жәдігерді зерттей отырып, тарихты жазамыз. Осының бәрін 2015 жылдан бастап осы биылға дейін ғылыми түрде зерттеп, құрастырып шыққанда, мінекей, осындай Қимақ уақытындағы қылшан шықты. Бұл Жетісу бойында көп кездесе бермейтін жәдігер.

Тарихи ескерткіштерді, музейлік құндылықтарды консервациялау және қайта қалпына келтіру (реставрациялау) кәсіби біліктілікпен қатар асқан төзімділікті қажет ететін өте күрделі жұмыс әрі музей ісінің айрықша саласы болып табылады. 

Музей директоры - Тасқын Тойбаев

Тасқын Тойбаев, «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі РМҚК директоры:

Мектеп деңгейіндегі балалар, жастар қазақ елінің тарихын, салт-дәстүрін, елдігін танып, ата-бабаларымыздан қалған мұраларды, мәдениетін санасына сіңіріп өсуі үшін ұлттық дүниетанымды қалыптастыруымыз қажет. Бұл бағытта музейіміз белестерді бағындырып келеді. Бүгін біз таныстырылымын жасап отырған «Жебелі қылшан» 2010 жылы «Есік» қорық-музейіне тапсырылған. Тапсыру кезінде бұйым ұсақ бөлшектелген күйінде берілген (105 дана). Бұдан соң музейдің ғылыми қызметкерлері қосымша зерттеу жұмыстарын жүргізу мақсатында, жәдігерді 2015 жылы реставратор Қырым Алтынбековке көрсеткен. Араға төрт жыл салып, ғылыми түрде зерттеу жүргізіп, өз кезегінде реставратор бұл бұйымның қайың қабығынан жасалған қылшан екенін анықтап, қайта қалпына келтіріп, бүгін міне ел назарына ұсынып отыр.

ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің өкілдері, музей басшылары, елімізге белгілі археологтар мен ғалымдар қатысқан іс-шарада қылшанның тұсаукесерімен қатар «Ұлы даланың ұлы мерекесі – Наурыз» аталып өтті. Мереке аясында туризм және БАҚ саласындағы әріптестерге музей ісіне қосқан үлесі үшін арнайы марапаттар тапсырылды. 

 

Олжас Болатбекұлы, 

"Есік" мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің баспасөз хатшысы