жеке
блог

Сіздің дұшпандарыңыз...

Күресе білуді білмесек те, кейде өмір – күрес деп айтып жатамыз. Кіммен, немен күрес? Оны да ойланбаппыз. Сауалдың жауабы болмаса да, ойыма дұшпан деген сөз келіп отыр. Әрине, тура мағынадағы дұшпан, ұйқы да, күлкі де, жалқаулық та емес, өзіміз секілді адамдар.

***

Мика аузынан тастамайтын Виктория Токареваның "О любви и не только..." кітабын оқып жүрмін. Біраз уақыт бұрын автордың "Банкетный зал" атты кітабын оқығам, ұнатпадым, авторды да мойындамадым. Алайда, мына кітап мені өзіне байлап қойды. Алғашқы повестьке "Менің дұшпандарым" деген ат тағылыпты. Ойға батырды...


Ары ойландым, бері ойландым. Дұшпаным жоқ екен, шүкір. Болған дұшпаным. Екеу. Қазір бірі – о дүниеде, бірі – өмірімнен жоғалып кетті. Шынымды айтайын, мен оларды дұшпаным деп ойламаппын. Дұшпан дегеннің не екенін де білмейді екенмін. Мен үшін кинодағыдай сені атып кеткісі, өлтіргісі келетін адамдар ғана дұшпан есептелетін. Дұшпан деген сенің өміріңе келтіргісі келетін, саған жақсылық тілемейтін, құлағаныңа қуанатын, жеңілісіңнен бақыт табатын адамдар. Мына кітап біраз нәрсені түсіндіріп берді. 

Дұшпандық қызғаныштан, көреалмаушылықтан туатын сияқты. Олар да мені көре алмайтын. Әр басқан қадамыма қызғанышпен қарайтын, соның бәрі беттерінде жазулы тұратындай көрінетін. Мен оларға ешқашан жаман нәрсе жасамадым, анық білемін. Сонымды, жүрегімнің таза екендігін дәлелдегім келетін. Өзімді дәлелдеймін деп жүріп көп нәрсе үйрендім, қазіргі Айгерім болдым. Тоқтамаймын деп жүріп, мектеп қабырғасында көп жетістікке жетіп, ауданның үздік оқушысы атандым, айта берсең көп. Оған дейін түк қиындық көрмеген мен өмірде сондай адамдардың бар екендігін білдім, жирендім, тыйылдым, сақтандым.

Екі жыл бұрын бірінің қайтыс болыпты (өзіне қол жұмсаған) деген хабарын естігендегі күйімді айтып жеткізе алмаймын. Мені жек көрген шығар деген ойлар келді... Кешірім сұрағанымда ғой деп өкіндім, не үшін, оның мені көре алмағаны үшін ба? Ал бірі қазір отбасын құрған, кішкентай сәбиі бар. Мен туралы не ойлайтындығын білмеймін, бірақ мен оған шын жүректен бақыт тілеймін! Дүние тар ғой, жолымыз түйісіп жатса, көмек қолымды аямас едім...

Мұның бәрін неге айтып отырмын? Дұшпан керек пе, керек емес пе деген тақырыпты қозғағым келеді. Өмір онсыз да қиын, тағы бір қиындықтың не қажеті бар дейтін шығарсыз... Тек біржақты ойланбаңызшы. Өмірдің әйтеуір бір кезеңінде керек сияқты бір дұшпан. Сіз оның арқасында шыңдаласыз, әлгі жаманға қарап түзел дегендей, өзіңізді тәрбиелейсіз, алға қарай жылжисыз, күресесіз, жеңесіз. 

Соңында дұшпандарынан арылған В. Токарева айтады: "Дұшпандарым менің, мені неге тастап кеттіңдер? Мен өз дұшпандарымды сағынамын. Олар микроб сияқты әрқашан керек екен. Тірі жан залалсыздандырылған ортада өмір сүре алмайды..."

Не айтар едіңіз? Дұшпандарыңыз бар ма? Болған ба? Және дұшпан керек пе?

Бөлісу:
Пікір қалдыру үшін сайтқа кіріңіз
Өзгерту



Жұлдызды блогтар

Жайлауға атпен бардық // Екіаша, Көкбұлақ, Шет Меркі, Орта Меркі
Жайлауға атпен бардық // Екіаша, Көкбұлақ, Шет Меркі, Орта Меркі
Шет Меркі өзені, Тоғызбұлақ ауылының тамаша табиғаты
Шет Меркі өзені, Тоғызбұлақ ауылының тамаша табиғаты
Ораза айының өңірлер бойынша кестесі
Ораза айының өңірлер бойынша кестесі