«Жас  ҚАЗАҚ ҮНІ»  болып,  барша «ҚАЗАҚ ҮНІ»-не айналған газет
жеке
блог

«Жас ҚАЗАҚ ҮНІ» болып, барша «ҚАЗАҚ ҮНІ»-не айналған газет

Бастапқыда «Қазақ үні» газеті «Жас қазақ үні» деген атпен 2000 жылдың 11 тамызында 15 мың данамен жарық көрді. Кейін ұлт зиялыларының ұсынысымен 2013 жылы 1 қаңтардан бастап, «Қазақ үні» деген атпен оқырманға жол тартты. Газет ең алдымен «Жас қазақ» деген атпен тіркелмек болып, ЖШС аты «Жас қазақ» тәуелсіз газеті редакциясы» деген атпен тіркелген болатын. Дегенмен басылымды бұл атаумен сол кездегі Ақпарат министрі тіркеуден бас тартқаннан соң, біраз айлық айтыс-тартыстан кейін газет «Жас қазақ үні» болып тіркелді. «Жас қазақ үні» ел ішінде «Жас қазақ» деген атпен де белгілі болып, танылып келді.

 «Жас қазақ үні» газеті республикаға белгілі, белді де беделді қоғамдық-саяси ұлттық басылым. Шынайылығы мен өткірлігі және басылымдар арасындағы саясат тақырыбын өткір де пайымды, батыл сынайтындығымен ерекше көзге түседі. Ең басты мақсаты – Ұлт мүддесінің ұпайын түгендеу болса, негізгі тақырыбы – мемлекет пен ұлт мүддесін қорғау болды.

«Қазақ үні» газеті әлеуметтік желіде де өте белсенді басылымдардың қатарында, тіпті алдыңғы қатарда. Өзінің жеке порталы арқылы қалың көрермен қауымын жинап, еліміздегі қазақтілді инернет басылымдары арасында рейтинг бойынша көш бастап тұр. Сондай-ақ, QAZAQUNI.KZ деп аталатын ұлттық порталы – Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы Қорының Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25-жылдығына орай өткізген үздік қазақтілді интернет-сайт байқауының жеңімпазы. «Фейсбук», «Твиттер» сынды әлеуметтік желілерде белсенділігімен ерекшеленіп, тәулік бойы ақпарат таратып, халыққа қалтқысыз қызмет етуде. Егемен елдің дамуы жолындағы елеулі мақалалары ел арасында айрықша талқыға түсіп жатады. Осыдан-ақ басылымның сауатты, мәнді-мазмұндық жағынан сапалы екендігін байқауға болады.

Басылым айдарларына көз жүгіртер болсақ «Жаңалықтар», «Қоғам», «Саясат», «Руханият», «Сен тұр, мен айтайын», «Әдебиет», «Алаш», «Информлента», «Спорт», «Керек кеңес», «Фотобаян», т.б осы сынды айдарлар төңірегінде жарық көреді. Айдарлар санының көптігі, қаншалықты ақпараттың барлығын көрсетіп тұр-ау!

Мақалалар ішінен «Сен тұр, мен айтайын» айдары бойынша 2021 жылдың 29 сәуірінде жарық көрген «Көбейе беретін қазақ санын қайта-қайта азайтып қояды – Мұхтар Тайжан» деген тақырыпты көзім шалды. «Бұл билік Қазақстандағы қазақтың санымен ойнап жүр, дейді желіде Мұхтар Тайжан.

Соңғы статистикалық деректер жарияланып, онда ұлты қазақтардың үлесін қайтадан 69% етіп көрсетіп қойыпты.

2009 жылғы санақта қазақтың үлесі 69% болған еді, сосын қателесіп қалыппыз деп алдымен 65%-ға дейін, кейін тіпті 63%-ға дейін төмендетіп қойған еді. Енді міне, қазақтың үлесін 69%-ға қайта жеткізіп қойыпты. Марқұм Мақаш Тәтімовтың дерегі мен болжамына сәйкес, 2009-шы жылы қазақтар расымен де 69% болған, ал 2020 жылы 80% болуы тиіс еді. Қазір елдегі қазақтың үлесі 80 пайыз екені былай-ақ көзге көрініп тұр ғой. Айтпағым, мен бұл демографиялық деректерге сенбеймін, қазақ қайтадан 69% болып қалды дегендері өтірік, деп жазады ол.» - деп Мұхтар Тайжанның желідегі пікірімен бөліседі. Мақала қалың оқырманның көзінен тасада қалмады, біраз пікірлерде баршылық. Шындықты ашына жеткіз ген осындай пікірлерді бөлісіп, ой талқыға салу кез келген басылым қолынан келе бермейтін іс деп білемін.

Осылайша қазіргі таңда «Жас қазақ үні» – бар айналды «ҚАЗАҚ ҮНІ»-не айналды. Мәнді де мағыналы, сапалы, ой толғамды, белсенді, ел мүддесі үшін қызмет етер басылымдарымыз көп болғай. Ал, «ҚАЗАҚ ҮНІ» газеті ұжымына толғай табыстар тілей отырып, басылымның ғұмыры ұзақ, оқырманға берері тағылымды ойлары қашанда көп болсын деймін!!!