Жақпаса да, болғанына қуанамын
жеке
блог

Жақпаса да, болғанына қуанамын

Мұқағали ақынды ерекше сүйемін, әсіресе өлеңдеріне ғашықпын... Бақыт деген сенің бала күндерің, Бақытсыз-ақ бақытты боп жүргенің... деп мыңдаған ғалымдар бірігіп таба алмаған жауапты, бір ауыз сөзімен-ақ жеткізді.

Расымен де, балалық шақтан асқан бақыт бар ма? Сағат дегенді ойға алмай пистолетпен атыспақ, тығылмаш, үйіншік-үйіншік, кукла, одан қалса бөтелкеге су құйып, қақпағын тесіп алып бір-бірімізге су шашысып ойнап жүрген шаққа не жетсін. Уайым-қайғыны білмейсің, құлап қалсаң ойынды қимай сумен бір сүйкей салып қайтадан жүгіресің. Тіпті қарның ашқанын да сезбейсің.

Балалық шағымды есіме алсам, күлкім келеді. Құрбым екеуіміз бір-біріміздің үйімізге барып үйіншік ойнайтынбыз. Әке-шешем де қостап шөптен жасалған тағамдарымызға қошемет сөздер айтып кетеді. Оған риза болып «Онда ертең укроп қосылғанын жасамасам» деп қоясың. Ал мектептегі күндеріңіз естеріңізде ме? Бір-бірімізге лақап ат қойып, мазақтаса үйге айтып барып немесе өздерін де мазақтай түсетініміз.

Ал ең қызығы сол лақап аттардың мәңгілік сақталатыны. Біздің сыныпта ара, баклажан, инелік, сары, бақа, мысық, мияу, бұзау, балға, боксер, зомби, буратино, шлянгі (өзімдікін айтпай-ақ қояйын) сынды лақап аттар болған.

Мектепте жүргенімізде онша ұната қоймасақ та, сол лақап аттарымыздың болғаны жақсы ма деп қоямын. Кездесу кештерінде бар қызығымыз лақап аттарымыздың қашан, қалай шыққанын талдап, ішек сілеміз қатқанша күлумен өтеді. Фамилиясын ұмытсақ та, лақап аттарын ұмытпаймыз...

Ал сіздің мектепте оқып жүрген кезде лақап атыңыз болды ма?