Оқи отырыңыз

Өзіңе ұнаған кәсібіңмен шұғылдансаң, өз ұлтыңның туын көкке көтере алсаң – бақыт деген осы!

Автор: Асқар Жұмаділдаев

— Редактор бағаны —

Массагетте қалай блог жазамын?
Массагетте қалай блог жазамын?

Автор: Ербол Жұмабайұлы

Статус: Арнайы жобалар директоры

Материал жіберу БЛОГ ЖАЗУ
Негізгі / Жақсы көрем...

Жақсы көрем...

Жақсы көрем...

Таңертең ерте тұрғанды, ерте жұмысқа келгенді құп көремін. Сол әдетіммен таңертең жұмысқа келе жатқанмын, қатты ойланып кетіппін. Бағдаршамның қызылы жанып тұр екен. Көшенің қақ ортасына келгенде бір көлік тура аяғымның ұшына қатты сигналын беріп кеп, тоқтады. Тағы бір көліктердің шиқылдаған дауыстары естіліп жатыр. Ар жақтағы адамның бәрі "Көзің соқырма, жындымысың!?" сынды сөздерді айтып ұрсып жатыр. Ал менде ес жоқ. Жүрегім аузымнан шығып кетердей болып тұр. Сүйретіліп барып, көшенің шетіне жеттім. Аяғым дірілдеп, жүре алмаймын, көзімде моншақ-моншақ жастар...

Жалпы өлім туралы көп ойлайтын адаммын. Бұл жолы бәрі басқаша, алғаш рет жақсы көретіндерімді ойладым. Жұмысқа жеткенше солай.


Алақаны аялы анамды, жүрегі жылы әкемді, жанымды беруге бар бауырларымды жақсы көремін. Бұрын бір жігіт сұрап қоймаушы еді, "Мен өлсем жылайсың ба? Не істейсің?" деп) Күлетінмін айқайлап. Кеше сол сөздер есіме түсті. Олардан басқа кімге керекпін? Шындығына келгенде, сізде де солай.


Көк аспанды жақсы көремін. Кішкентай кезімде, Жер –жалпақ леген, аспан – соның үсітне төңкерілген шара деп ойлайтынмын. Шараны тесіп шықсам ғой дейтінмін. Өсе келе сол көк аспанға ғашық болдым, көңіл-күйім түссе сонда қараймын, неткен кеееең еді, шіркін! Сондай кең болмаса жердегі адамдардың нашарлығына шыдап тұра алар ма еді?

Адамдарды, уағыз адамдарды жақсы көремін. Бір адамдар бар сондай, ештеңе айтпаса да, жасамаса да, сені өмірге құштар етеді, оның көзқарасынан, күлкісінен, жүріс-тұрысынан талай нәрсе үйренуге болады. Сондай адамдармен болатын бір минут, ішілетін бір кесе шәй үшін барымды сарп етер едім. Бар, бірақ аз олар...


Гүлдерді жақсы көремін. Олармен не байланысым бар екендігін білмеймін, әйтеуір, гүл десе есім шығады. Керек десеңіз, гүлдерді адамдардан қызғанады екенмін. Ерік берілсе, солармен-ақ өмір сүре берер едім, ешкімді керек етпестен. Гүл-ғұмырды армандаймын... Ол бір орындалмайтын арман ғой. Абзал аға бір жазбасында Айгерім бір гүл сияқты деп жазыпты. Қате. Ешкім гүл бола алмайды. Өкінішті, бірақ шындық солай.


Ақ жауыннан кейінгі Алматыны жақсы көремін. Ақ жауыннан кейінгі мұрын жарар ғажап иіс, түк болмағандай шыға келетін күн, шаштары малмандай су болып асыққан адамдар... Осы құбылыстар мені Алматыға байлап қойды. Бұрын Алматыда оқып кеткен бір кісі сөйлескен сайын "Алматының ақ жауынын сағындым, айтып берші, қандай жауыннан кейінгі Алматы, баяғыдай ма?" дегенде мұрынымды тыржитып қашатынмын. Енді мен бұл туралы өмір бойы айтып өтемін. Алматыдан кетсем де, ақ жауыннан кейінгі кереметтей шақты сағынатынымды білемін.


Ауылдың таңын жақсы көремін. Жазда далаға, тапшаңға ұйықтайтынбыз. Ауаның тазалығынан ба, ерте әрі  сергек оянасың. Көзіңді ашқанда мұрныңа бір иіс келеді, гүл-ау, бақшада торғай шырылдайды, сосын араның ба бірнәрсенің ызыңдаған дауысы әлсін-әлсін естіліп тұрады, ал  алыстаааа маңыраған қойдың дауысы... Бәрібір де тыныштық. Осы сәт бітпесе екен дейсің. 


Кітапты, кітаптың иісін, ондағы салиқалы сөздерді жақсы көремін. Кітап оқушы деген мамандық болғанда ғой... Соны жақсы көре тұра, көп оқымауға барымды саламын. Тез жалығатын адам болғандықтан ба, жақсы көретінімнен айырылып қалғым келмейді. Тыныштық, кітап, жылы плет (оранып алуға) – үшеуі керемет үйлесім. 


Жемістерді жақсы көремін. Аузыма салар кезде бір ой келеді: қандай жұмбақ жаратылыссың, ешкім сені пісірген жоқ, ешкім сені туған жоқ, барсың, қайталанбайтын дәмің бар. Білмеймін, ойымды жеткізе алмай тұрған сияқтымын. Дәл қазір жаныңызда бір жеміс болса, мұқият қарап ойланыңызшы, мені түсінесіз.

СМС жазғанды жақсы көрем. Соған әбден тәуелді болып қалғандаймын. Кез келген уақытта ойыма келген нәрсені ойыма келген адамға жазып жіберу керекпін. Жауап келмесе... Ол кездегі күйімді айтпай-ақ қояйын) Тіпті, бетіме қарап тұрған адамға жаза саламын. Кейде қоңырау келіп жатса, "түүүу, СМС жаза салса қайтеді екен?" деп ренжіп сала берем. Таныстарым, қоштасарда, хабарласамыз деп емес, СМС жазысамыз ғой деп жатады. Қысқасы, телефонды СМС үшін ұстаймын.

Әлі жоқ жарымды, балаларымды жақсы көремін. Жоқ болса, не қиялдап отырсың дерсіз, бірақ, мен қазір солар үшін ғана өмір сүріп жүрмін)

Және осы жаратылғандардың бәрін Жаратушыны жақсы көремін! Бәрінен де...

Ойлап отырсам, тым аз нәрсені жақсы көреді екенмін. Бірақ, дәл осылар мені жақсы көрсе, дәл осылар ғана бар өмір берілсе шын бақытты болар едім. Шын бақытты...

23
Рейтинг: +15

Жазылған уақыты: 24 қаңтар 2014, 19:30
Тегтер: Айгерім Сматуллаева, жақсы көру, өмір, өмір сүру

Соңғы аудармалар

Қайсар До Бон Сун  #7
Қайсар До Бон Сун #7

До Бон Сун – ерекше қыз. Өйткені, оның бойында тұқымқуалайтын қасиет алпауыт күшке ие. Ол тек қыздаға беріледі. Бұл қасиеті үшін өзінен ұялатын қыз қалайша барлық қиындыққа қарсы тұра білді? Оған қолдау көрсеткен кім? 

BTS - Go Go
BTS - Go Go

Топ: BTS немесе Beyond The Scene  Дебют: 2013 жыл,...

VROMANCE feat. Obroject -
VROMANCE feat. Obroject - "Ғашықпын" (Fall In Love)

Массагет сайтында жарық көріп жүрген "Қайсар До Бон Сунның" сезімге толы саундтрегін назарларыңызға ұсынамыз.