- Негізгі бет
- Білесіз бе?
- Болашақта ұстаздың орнын...
Болашақта ұстаздың орнын планшеттер баса ма?
Жаңа технологияның жылдам дамуына байланысты дәстүрлі оқыту әдістерін қайта қарауға тұра келуде. Бұл үрдіс әртүрлі пікірлердің қалыптасуына да септігін тигізіп келеді. Айта кетсек, мамандардың бір тобы жаңа технологияның ұстаз орнын толық иемдену мүмкіндігіне оң қараса, екінші бір тобы гаджеттердің адам баласын бағдарлама шектеуінде ғана оқытатынын айтады.
Бірнеше ай бұрын қолға алынған финдік, швейцарлық және бельгиялық мамандардың біріккен жобасы «жаңа технология заманындағы ұстаздың рөлі қандай болуы керек» деген тақырып аясында болды. Кейбір құрылғылар сабақ барысында тек пайдалы болып қана қоймай, дәрістің қызыққа толы өтуін қамтамасыз етеді. Қазіргі өсіп келе жатқан ұрпақ кітаптың орнына планшет қолдануды жөн көреді. Расында бұл біздің мойындауымыз тиіс болатын шындық.
Болашақта ұстаз өзінің негізгі білім беру межесінен қарапайым бақылаушы қызметіне ауысады. Ол сабақ барысында туындаған сұрақ немесе мәселені шешуге технологияның қауқары жетпеген кезде ғана іске кіріседі. ScienceDaily ғаламтор ресурсының жазуынша, жаңа технологиялық гаджеттерді білім беру саласында пайдалану жаңа мүмкіндіктерді ашады. Финляндияның білім беру саласын дамыту институтының профессоры Райя Хямяляйнен мобильді девайстарды мектеп бағдарламасына бейімдеу қажет екенін айтады.
Зерттеу барысында білім беру мен жұмыс арасындағы байланысты смартфондар мен планшеттердің көмегімен жүзеге асыру әдістері де талқыға салыныпты. Мысалы, жұмыс орнында алынған тәжірибелік білім беретін видеоны мектептегі сабақ барысында қолдануға болады.
Соңғы жылдары девайстарды тек ойын-сауық мақсатында пайдалану үрдіске айналған. Сондықтан көптеген елдің білім беру институттары бұл әдісті мақұл көрмей отыр. Дегенмен, қазіргі жас балаларға күрделі жазылған оқулыққа қарағанда электронды нұсқаларды қамтитын планшеттерді қолдану әлдеқайда оңай болатынын ескерген жөн. Ендеше планшеттер мен смартфондарды пайдалдана отырып, сабақ жүргізу әрі қызық, әрі пайдалы болмақ.
Профессор Хямяляйненнің айтуынша, смартфондар педагогикалық тәжірибенің мүмкіндігін арттырады. Оқушылар қолындағы гаджеттердің көмегімен жылдам ақпарат алмасатын болады. Мысалы, арнайы мектеп бағдарламасына бейімделген қосымшалар оқушының жаттығуларын жасауға дұрыс әдістерді көрсетеді. Одан бөлек, сыныптың ортақ тілдесу ортасы онлайн құрылымға ауысуы мүмкін. Қазіргі кезде мұның да қаншалық ұтымды болары анықталуда.
Ендеше жақын болашақта мектептегі білім беру жүйесі интерактивті процеске толық ауысады. Ол үшін әрине мұғалімдердің де жаңа технологияны пайдалана білуі міндетті болмақ. Себебі оқушы пайдаланатын гаджетті ұстаз да қолдана білуі тиіс. Сабақ барысында білімді шыңдайтын онлайн ойындарды қолдану да талқыға салынуда екен.
Сіз қалай ойлайсыз, жақын болашақта мобильді құрылғылар адамның орнына ұстаздық ете ала ма, әлде барлық үдерісті сырттай бақылап отыратын тұлға қажет пе? Сондай-ақ, мұның өсіп келе жатқан ұрпақ дамуына қандай әсері бар деп ойлайсыздар?
Сурет: blogs.cisco.com, www.animoca.com
Оқи отырыңыз:
Проектр қосымшасы бар планшет пайда болды
HP компаниясы жаңа планшет жасап шығарды
Әлемдегі ең жұқа планшет таныстырылды
Apple әлемдегі ең үлкен планшет шығарады
Dell 3D-камерасы бар планшет шығарды
Ж. Өрісбай