Алматыдағы хостелде қаза тапқан студенттерге қатысты жаңа дерек айтылды

Алматыдағы хостелде қаза тапқан студенттерге қатысты жаңа дерек айтылды
Фото: Massaget

Алматыдағы хостелде қаза тапқан студенттерге қатысты жаңа деректер белгілі болды. Бұл туралы ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Төтенше жағдай кезінде 2 студент қаза тапқан.

"Бүгін түнде Алматы қаласында қайғылы оқиға болды. "Almaty Hostel" хостеліндегі болған өрт салдарынан 13 адам қайтыс болды. Өкінішке қарай, осы апатта 2 студентімізден айырылып қалдық. Олардың бірі Каспий қоғамдық университетінде білім алса, екіншісі Еуразия технологиялық университетінің студенті. Қаза болған азаматтардың отбасылары мен жақын туыстарының қайғысына ортақтасып көңіл айтамын. Әрине, бұл - орны толмас қайғы. Апаттың себебі мен салдары мұқият тексеріліп жатыр және осыған байланысты тиісті шаралар қабылданады. Мұнда атап өтерлік тағы бір жағдай, тамызда менің бұйрығыммен ЖОО ректорларына студенттерді хостелдерге орналастыру туралы тапсырма берілген болатын. Оған қоса, хостелдерде студенттерден өзге ешкімнің тұрмауын біз ерекше назарға алдық және де хостелдерде құзырлы орындамен бірлесіп, санитариялық-тазалық жұмыстары мен өртке қарсы техникалық қауіпсіздікті күшейттік", - деді министр.

Сондай-ақ, Саясат Нұрбек апат болған хостелге байланысты пікір білдірді.

"Бүгінгі күнге дейін университеттермен келісімшарт орнатқан хостелдерде ешқандай келеңсіз жағдайлар болмағанын жеткізгім келеді. Осыған байланысты Алматыдағы бірде-бір жоғары оқу орны студенттерін бұл жатақханаға орналастыруға ешқандай келісім жасамағанын хабарлаймыз", - деді министр.

Еске салайық, бұған дейін 30 қарашада сағат 5:33-те Алматыдағы Әди Шәріпов көшесінде өрт шыққаны хабарланды. Кейінірек Алматыдағы хостелден шыққан өрт салдарынан үш адам ауруханаға түскені белгілі болды. Оқиғадан кейін бірнеше адам басқа хостелге ауыстырылды. Алмалы ауданы әкімінің орынбасары Руслан Идрисовтің айтуынша, қазіргі таңда 50-52 адам басқа хостелдерге орналастыру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Алматы әкімі Ерболат Досаев хостелдегі өртке қатысты пікір білдіріп, зардап шеккендердің көбісі Қазақстан азаматтары, бір Өзбекстан азаматы, біреуі РФ-ден екенін, қалғанының құжаттары қаралып жатқанын айтты. Қазақстан Республикасының премьер-министрі Әлихан Смайыловтың өкімімен Алматыдағы хостелден шыққан өрттің себептерін анықтау және оның салдарын жою жөніндегі Үкіметтік комиссия құрылды.

Алматы денсаулық сақтау басқармасы өкілдері хостелден шыққан өрттен зардап шеккендердің жағдайы туралы айтты. Алматы қаласы ТЖД осы дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 292-бабына сәйкес қылмыстық істі тіркеді. Алматы Полиция департаменті өкілдері қаза тапқандар кімдер екенін мәлімдеді. Алматы әкімдігі хостелден шыққан өртке қатысты жаңа дерек айтты.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

Ж. Қадыржанова