Алматыдағы өртте қаза тапқандардың арасында 15 жастағы жасөспірім бар

Алматыдағы өртте қаза тапқандардың арасында 15 жастағы жасөспірім бар
Фото: Massaget.kz

Алматыдағы өртте қаза тапқандардың арасында 15 жастағы жасөспірім бар. Бұл туралы Алматы қаласының бала құқықтары жөніндегі уәкілі Диана Ерлан мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Ә.Шәріпов көшесіндегі өрт кезінде қаза тапқандардың арасында 2008 жылы туған бір кәмелетке толмаған адам, яғни Еуразиялық аграрлық колледжінің студенті бар", - деп жазды ол.

Диана Ерлан марқұмның әкесі мен ағасы Алматы қаласына келе жатқанын жеткізді.

"Мен немере ағасымен байланыстамын. Алматы қаласының әкімдігі денені тасымалдауға көмек көрсетеді. Зардап шеккендерге, эвакуацияланғандарға қажет медициналық және психологиялық көмек ұйымдастырылды. Тегін тұру және тамақтану мүмкіндігі бар. Бақытты Отбасы орталығында (Наурызбай батыр,106) қаза тапқандардың туыстарымен жұмыс істеу үшін штаб ұйымдастырылған", - деп жазды ол.

Еске салайық, бұған дейін 30 қарашада сағат 5:33-те Алматыдағы Әди Шәріпов көшесінде өрт шыққаны хабарланды. Кейінірек Алматыдағы хостелден шыққан өрт салдарынан үш адам ауруханаға түскені белгілі болды. Оқиғадан кейін бірнеше адам басқа хостелге ауыстырылды. Алмалы ауданы әкімінің орынбасары Руслан Идрисовтің айтуынша, қазіргі таңда 50-52 адам басқа хостелдерге орналастыру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Алматы әкімі Ерболат Досаев хостелдегі өртке қатысты пікір білдіріп, зардап шеккендердің көбісі Қазақстан азаматтары, бір Өзбекстан азаматы, біреуі РФ-ден екенін, қалғанының құжаттары қаралып жатқанын айтты. Қазақстан Республикасының премьер-министрі Әлихан Смайыловтың өкімімен Алматыдағы хостелден шыққан өрттің себептерін анықтау және оның салдарын жою жөніндегі Үкіметтік комиссия құрылды.

Алматы денсаулық сақтау басқармасы өкілдері хостелден шыққан өрттен зардап шеккендердің жағдайы туралы айтты. Алматы қаласы ТЖД осы дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 292-бабына сәйкес қылмыстық істі тіркеді. Алматы Полиция департаменті өкілдері қаза тапқандар кімдер екенін мәлімдеді. Алматы әкімдігі хостелден шыққан өртке қатысты жаңа дерек айтты.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

Ж. Қадыржанова