Алматыдағы хостел заңсыз жұмыс істеген болуы мүмкін - Бас прокуратура

Алматыдағы хостел заңсыз жұмыс істеген болуы мүмкін - Бас прокуратура
Фото: Massaget.kz

Бас прокурордың орынбасары Жандос Өмірәлиев Алматыда өртенген хостел заңсыз жұмыс істеді деген күдік барын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Өрт салдарынан 13 адам көз жұмған еді. Олардың арасында шетелдіктер де бар.

"Ғимараттың бірінші қабатында және астыңғы қабатында (0-қабат) адамдар тұрған деген ақпарат тарап жатыр. Әрине, бұл заңға сәйкес келмейді. Себебі заңда тұрғын үй және тұрғын үй емес деген норма бар... Менің ойымша, ғимараттың астындағы қабатта адамдардың тұруы заңға қайшы келеді", - деді Жандос Өмірәлиев.

Еске салайық, бұған дейін 30 қарашада сағат 5:33-те Алматыдағы Әди Шәріпов көшесінде өрт шыққаны хабарланды. Кейінірек Алматыдағы хостелден шыққан өрт салдарынан үш адам ауруханаға түскені белгілі болды. Оқиғадан кейін бірнеше адам басқа хостелге ауыстырылды. Алмалы ауданы әкімінің орынбасары Руслан Идрисовтің айтуынша, қазіргі таңда 50-52 адам басқа хостелдерге орналастыру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Алматы әкімі Ерболат Досаев хостелдегі өртке қатысты пікір білдіріп, зардап шеккендердің көбісі Қазақстан азаматтары, бір Өзбекстан азаматы, біреуі РФ-ден екенін, қалғанының құжаттары қаралып жатқанын айтты. Қазақстан Республикасының премьер-министрі Әлихан Смайыловтың өкімімен Алматыдағы хостелден шыққан өрттің себептерін анықтау және оның салдарын жою жөніндегі Үкіметтік комиссия құрылды.

Алматы денсаулық сақтау басқармасы өкілдері хостелден шыққан өрттен зардап шеккендердің жағдайы туралы айтты. Алматы қаласы ТЖД осы дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 292-бабына сәйкес қылмыстық істі тіркеді. Алматы Полиция департаменті өкілдері қаза тапқандар кімдер екенін мәлімдеді. Алматы әкімдігі хостелден шыққан өртке қатысты жаңа дерек айтты.

Аяз Есен

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Massaget.kz