Алматыдағы 13 адамның өлімі: бас прокурор тапсырма берді

Алматыдағы 13 адамның өлімі: бас прокурор тапсырма берді
Фото: Massaget.kz

Алматыдағы хостелде шыққан өрт бойынша қылмыстық іс қозғалды. Бас прокурор тапсырма беріп, істі білікті мамандар тергейді. Бұл туралы бас прокурордың орынбасары Жандос Өмірәлиев айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Алматыда болған өрт - өте ауыр жағдай. Біріншіден, мен (өрттен - еск.) қаза болған азаматтардың жақындары мен туысқандарына көңіл айтқым келеді. Өздеріңіз білесіздер, бүгін түнгі сағат 5.45-те (Алматы қаласы ТЖД-ға - еск.) өрт туралы хабарлама түсті. Бір сағаттың ішінде өрт сөндірушілер өртті сөндірді. Дегенмен 13 адам қайтыс болды. Бұл дерек бойынша Ішкі істер органдары қылмыстық іс қозғады", - деді Жандос Өмірәлиев Мәжілістің жалпы отырысынан соң.

Ол бұл іске қатысты бас прокурор Берік Асылов арнайы тапсырма бергенін мәлімдеді.

"Бұл қылмыстық іс сапалы, жан-жақты тергелуін қамтамасыз ету үшін бас прокурор тиісті үкім шығарды. Оның тапсырмасына сәйкес Бас прокуратураның білікті қызметкерлері, сондай-ақ, Алматы қаласы Прокуратурасының қызметкерлері тергеу тобымен бірге барлық күш-жігерімізді салып, қысқа уақытта істі жауапкершілікпен тергейміз", - деді бас прокурордың орынбасары.

Еске салайық, бұған дейін 30 қарашада сағат 5:33-те Алматыдағы Әди Шәріпов көшесінде өрт шыққаны хабарланды. Кейінірек Алматыдағы хостелден шыққан өрт салдарынан үш адам ауруханаға түскені белгілі болды. Оқиғадан кейін бірнеше адам басқа хостелге ауыстырылды. Алмалы ауданы әкімінің орынбасары Руслан Идрисовтің айтуынша, қазіргі таңда 50-52 адам басқа хостелдерге орналастыру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Алматы әкімі Ерболат Досаев хостелдегі өртке қатысты пікір білдіріп, зардап шеккендердің көбісі Қазақстан азаматтары, бір Өзбекстан азаматы, біреуі РФ-ден екенін, қалғанының құжаттары қаралып жатқанын айтты. Қазақстан Республикасының премьер-министрі Әлихан Смайыловтың өкімімен Алматыдағы хостелден шыққан өрттің себептерін анықтау және оның салдарын жою жөніндегі Үкіметтік комиссия құрылды.

Алматы денсаулық сақтау басқармасы өкілдері хостелден шыққан өрттен зардап шеккендердің жағдайы туралы айтты. Алматы қаласы ТЖД осы дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 292-бабына сәйкес қылмыстық істі тіркеді. Алматы Полиция департаменті өкілдері қаза тапқандар кімдер екенін мәлімдеді. Алматы әкімдігі хостелден шыққан өртке қатысты жаңа дерек айтты.

Аяз Есен

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

Massaget.kz