Бала ересектердің төбелесін көріп шошып қалса, не істеу керек?

Бала ересектердің төбелесін көріп шошып қалса, не істеу керек?
Фото: Тұрар Қазанғапов

Балаңыз ересектердің төбелесін көріп шошып қалса, не істеу керек? Ол өзін қауіпсіздікте сезіну үшін оған қалай көмектесе аласыз? Бұл сұраққа Tengri Life-ке қазақстандық психолог Асанәлі Хамзин жауап берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Маманның айтуынша, егер бала ересектердің төбелесін көріп, шошып қалса, ата-ана балаға оның қауіпсіздікте екенін жеткізу керек.

"Үрей пайда болуының екі себебі бар. Біріншісі - қауіп төндіретін нәрсенің болуы, екіншісі - қауіпсіздікпен қамтамасыз ететін нәрсенің жоқтығы", - деді Асанәлі Хамзин.

Сондықтан бала қайтадан өзін қауіпсіздікте сезіну үшін оған көмектесу керек.

"Ересек қауіпсіздіктің кепілгері ғана емес, үрейді жеңуге мүмкіндік беретін ойынның белсенді қатысушысы бола алады. Ойынның балаға қорқыныш жағдайын өткеруге көмектесетін үлкен терапиялық потенциалы бар. Қорқыныштыны күлкілі немесе түкке тұрмайтын нәрсеге айналдыру керек, ал өзін үлкен және мықты ету керек", - деп түсіндірді Астана қаласы әкімдігінің Қалалық психикалық денсаулық орталығының психологы.

Маман баламен мысалы, оның қорқыныштарын құмға "көміп тастауға" көмектесетін ойын ойнауды ұсынды.

"Ол үшін қорқытқан нәрсеге ұқсайтын ойыншықтар (жануарлар, жәндіктер, көлік немесе т.б) алыңыз немесе егер ондай ойыншық болмаса, пластилиннен жасап алыңыз. Содан соң оларды аулаға немесе құмы бар ыдысқа көміңіз. Бұл қиын емес, бірақ еліктіргіш әрекеттер баланың қорқынышын жеңуіне үлкен әсер береді", - деп санайды психолог.

Кейде ата-аналар баланың төбелесті көруі оған қатты әсер береді деп санамайды. Олар әдетте "бала әлі кішкентай, ештеңе түсінбейді" деп ойлайды. Алайда Асанәлі Хамзин баланың қорқыныштары мен уайымдарын құнсыздандырмау маңызды екенін айтты.

"Барынша оның уайымына ортақтасу керек. Баланың уайымын елемей қоюға және оны кемітуге болмайды. Адамдарға түрлі сезімдер мен эмоциялар сезіну тән екенін балаға ерте жастан түсіндіру керек. Бұл қалыпты. Кей сезімдерді ауыр көтереміз, сол үшін кейде оларды "жағымсыз" деп айтамыз. Бірақ жақсы немесе жаман эмоциялар болмайды, адам үшін әр эмоция маңызды, сондықтан оларды өткеріп үйрену маңызды", - деді психолог.

Маман оқиғадан кейін 3-5 күн бойы бала жағдайын мұқият бақылауға кеңес берді:

  • мазасыздық, күні бойы күйгелектену;
  • қандай да бір нәрсеге зейін қою проблемасы;
  • бет және мойын бұлшықетінің тырысуы;
  • жылауықтық, еркелік;
  • ұйқы және ұйықтап кету проблемасы.

"Егер осы айтылған белгілер байқалса, жедел түрде маманға көріну керек. Ол тексеріп, бала қорқынышынан арылудың нақты әдісін ұсынады", - деді ол.

Еске салайық, Желіде Бейбіт Шүменовтің қолында баласы бар ер адамды соққыға жыққан видеосы тараған болатын. Боксшының бұл әрекеті расталып, полиция пікір білдірді. Кейін Бейбіт Шүменов балалы ер адамды не үшін ұрғанын айтты.

А. Жапатова