Түркияда үйінді астынан аман қалған адам табылғаны рас па?

Түркияда үйінді астынан аман қалған адам табылғаны рас па?
Фото: Ашық дереккөз

Түркиядағы жер сілкінісінен кейін үйінді астынан аман қалған адам табылғаны туралы ақпарат шындыққа жанаспайды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі iz.ru-ға сілтеме жасап.

Түрлі БАҚ-та құтқарушылар қатты жүдеген адамды жер сілкінісіне үш айға жуық уақыт өткен соң үйінділерден шығарып алып, бақылау үшін дәрігерлерге тапсырғаны жазылды. Порталдар денесін жара басқан, төсек тартып жатқан ер адамның суретін жариялады. Бұл сурет әлеуметтік желілерде тарады.

"Алайда суреттің 6 ақпанда Түркияда болған жойқын жер сілкінісіне ешқандай қатысы жоқ", - делінген An Nahar басылымы хабарламасында.

Басылым мәліметінше, суреттегі ер адамның аты - Ахмед Әл-Суси, ол Сирияның Идлиб провинциясында тұрады және псориаздың ауыр түрімен ауырады.

Ахмедтің немере ағасы бұл ақпаратты растаған әрі тарап кеткен сурет шамамен жеті жыл бұрын түсірілген екен. Ол інісінің денесіндегі жаралар "үйінділердің астында үш ай болғаннан" емес, аурудан пайда болғанын түсіндірді.

Еске салайық, бұған дейін 6 ақпанда Түркияның орталығы мен оңтүстік-шығысында, Сириямен шекаралас жерде жойқын жер сілкінісі болғаны хабарланған болатын. АҚШ Геологиялық қызметі мәліметінше, 7,8 балдық жер сілкінісі жергілікті уақыт бойынша сағат 04:17-де Газиантеп маңында 17,9 шақырым тереңдікте тіркелген. Сондай-ақ, Түркияның әр жерінде тұрғын үйлер мен тарихи Газиантеп бекінісі қирады. Ал Италияда Түркиядағы жер сілкінісінен кейін цунами қаупі ескертілді. 

Зілзаладан кейін Түркия тұрғындары басылымға жер сілкінісі туралы айтып берді. Сонымен қатар, Желіде жер сілкінісінің суреттері жарияланды. Тіпті көпқабатты ғимарат қираған сәт видеоға түсіп қалған. Осы оқиғалардан соң Түркияда жеті күндік аза тұту жарияланды. 

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке Түркиядағы апатқа қатысты шұғыл көмек көрсетуді тапсырды. Кейінірек Мемлекет басшысы Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоғанмен телефон арқылы сөйлесіп, Қазақстаннан құтқарушылар мен дәрігерлер баратынын мәлімдеді. Осылайша, қазақстандық ТЖМ құтқарушылары Түркияға аттанды. ТЖМ өкілдері Түркияда құтқару жұмыстары қалай жүргізілетінін айтты. 8 ақпанда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Түркия Республикасына шұғыл көмек ретінде 1 миллион доллар бөлуді тапсырды. Сонымен қатар, ол Қазақстандағы Түркия елшілігіне барып, көңіл айтты. Танымал әнші Димаш Құдайберген де концертінен түскен қаржының бір бөлігін Түркия мен Сирияға бөлетінін жеткізді. Ал журналист Нұрбек Бекбау Түркиядағы жер сілкінісінен зардап шеккендерге 100 киіз үй жіберуді ұсынды.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова