"Қашсам ар азабымен өмір сүре алмас едім". Жер сілкінісі кезінде науқастарды құтқарған медбике оқиға қалай болғанын айтты

Желіде жер сілкінісі кезінде адамдарды құтқарған түрік медбикесінің видеосы тарады. Онда ол жер сілкінісі сезілген алғашқы сәтте өмірінен қызметін бірінші орынға қойғаны көрінеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Видеода қыз палаталарға барып, адамдарға ескертіп, балаларды алып шығуға тырысады. Baku TV мәліметінше, жер сілкінісінің алғашқы минуттары Газиантептегі "Инайет Топчуоглу" ауруханасының бейнебақылау камераларына түсіп қалған. Кадрларда медбике Шейма Алакуч өмірін қатерге тігіп, өз міндетін қалай орындағанын көруге болады.

Желі қолданушылары оның батылдығына тәнті болған.

"Міне, түрік халқының батырлары", "Балаларды тастамағандарыңызға рақмет", "Батырлар, сіздерге құрмет", - дейді пікір жазғандар.

Медбике жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарына оқиға қалай болғанын айтып берген.

"Жел сілкінісін сезген кезде менің міндетім науқастарыма бару болды. Оларды қорғай аламын деп ойладым. Оларды құтқарып, шығарып алдым. Бұл сол кезде ойлаған жалғыз нәрсе болды. Үш палатада менің науқастарым болды. Мына жердегі науқас менің дауысымды естіп шықты. Өйткені айғайлай бастадым. "Жер сілкінісі" деп айғайладым, бірақ олар сабырлы болуы, шошып кетпеуі үшін тырыстым. Мұндай сәтте өзіңді ойламайсың. Сізге мұқтаж адамдар болады. Бұл жер опырылуы, олар сонда қалып қоюы мүмкін еді. Қашып кетсем өмір бойы ар азабымен өмір сүре алмас едім. Не болса да міндетімді орындап, науқастарымды құтқаруым керек. Сол күні де жүрегім сезіп, осында келдім", - дейді ол.

Айта кетейік, Түркиядағы жер сілкінісінен зардап шеккендерге қалай көмек көрсетуге болатыны туралы мына жақтан біле аласыздар. 

Еске салайық, бұған дейін 6 ақпанда Түркияның орталығы мен оңтүстік-шығысында, Сириямен шекаралас жерде жойқын жер сілкінісі болғаны хабарланған болатын. АҚШ Геологиялық қызметі мәліметінше, 7,8 балдық жер сілкінісі жергілікті уақыт бойынша сағат 04:17-де Газиантеп маңында 17,9 шақырым тереңдікте тіркелген. Сондай-ақ, Түркияның әр жерінде тұрғын үйлер мен тарихи Газиантеп бекінісі қирады. Ал Италияда Түркиядағы жер сілкінісінен кейін цунами қаупі ескертілді. 

Зілзаладан кейін Түркия тұрғындары басылымға жер сілкінісі туралы айтып берді. Сонымен қатар, Желіде жер сілкінісінің суреттері жарияланды. Тіпті көпқабатты ғимарат қираған сәт видеоға түсіп қалған. Осы оқиғалардан соң Түркияда жеті күндік аза тұту жарияланды. 

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке Түркиядағы апатқа қатысты шұғыл көмек көрсетуді тапсырды. Кейінірек Мемлекет басшысы Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоғанмен телефон арқылы сөйлесіп, Қазақстаннан құтқарушылар мен дәрігерлер баратынын мәлімдеді. Осылайша, қазақстандық ТЖМ құтқарушылары Түркияға аттанды. ТЖМ өкілдері Түркияда құтқару жұмыстары қалай жүргізілетінін айтты. 8 ақпанда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Түркия Республикасына шұғыл көмек ретінде 1 миллион доллар бөлуді тапсырды. Сонымен қатар, ол Қазақстандағы Түркия елшілігіне барып, көңіл айтты. Танымал әнші Димаш Құдайберген де концертінен түскен қаржының бір бөлігін Түркия мен Сирияға бөлетінін жеткізді. Ал журналист Нұрбек Бекбау Түркиядағы жер сілкінісінен зардап шеккендерге 100 киіз үй жіберуді ұсынды.

Сондай-ақ, Түркияда зардап шеккен және қаза тапқандар тізімінде қазақстандықтар жоқ екені айтылды. Алайда СІМ мәліметінше, Түркияда 75 мың қазақстандық болуы мүмкін. Ал консулдық есепте Қазақстанның 968 азаматы тұр. Кейінірек Түркиядағы жер сілкінісі кезінде қазақстандық жоғалып кеткені белгілі болды. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!