Түркияда жер сілкінісінен кейін тағы бір қазақстандық іздестіріліп жатыр

Түркияда жер сілкінісінен кейін тағы бір қазақстандық іздестіріліп жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

"Қазақстанның тағы бір азаматы әлі күнге дейін хабар-ошарсыз кетті деп есептеліп отыр. Ол 6 ақпаннан бері байланысқа шықпады, тұратын жері - Кахраманмараш қаласы. Әпкесі министрліктің "жедел желісіне" хабарласқаннан кейін оның іздеу жұмыстарын бастадық", - делінген ведомство хабарламасында.

Қазір Қазақстан елшілігінің қызметкері осы қалаға барып, түрік құтқарушыларымен бірлесіп, оны іздестіріп жатыр. Көршілердің айтуынша, үй қираған кезінде ол ішінде болған.

Сонымен қатар, хабар-ошарсыз кетті деп есептелген тағы бір қазақстандық Хатайдан табылған. Ол екі күн бойы байланысқа шыға алмаған. Қазір аман-сау, қауіпсіз жерде. Тұратын үйі зардап шеккен жоқ.

Айта кетейік, Түркиядағы жер сілкінісінен зардап шеккендерге қалай көмек көрсетуге болатыны туралы мына жақтан біле аласыздар. 

Еске салайық, бұған дейін 6 ақпанда Түркияның орталығы мен оңтүстік-шығысында, Сириямен шекаралас жерде жойқын жер сілкінісі болғаны хабарланған болатын. АҚШ Геологиялық қызметі мәліметінше, 7,8 балдық жер сілкінісі жергілікті уақыт бойынша сағат 04:17-де Газиантеп маңында 17,9 шақырым тереңдікте тіркелген. Кейінгі деректер бойынша, оқиға салдарынан екі елде 7200 адам қаза тапты. Сондай-ақ, Түркияның әр жерінде тұрғын үйлер мен тарихи Газиантеп бекінісі қирады. Ал Италияда Түркиядағы жер сілкінісінен кейін цунами қаупі ескертілді. 

Зілзаладан кейін Түркия тұрғындары басылымға жер сілкінісі туралы айтып берді. Сонымен қатар, Желіде жер сілкінісінің суреттері жарияланды. Тіпті көпқабатты ғимарат қираған сәт видеоға түсіп қалған. Осы оқиғалардан соң Түркияда жеті күндік аза тұту жарияланды. 

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке Түркиядағы апатқа қатысты шұғыл көмек көрсетуді тапсырды. Кейінірек Мемлекет басшысы Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоғанмен телефон арқылы сөйлесіп, Қазақстаннан құтқарушылар мен дәрігерлер баратынын мәлімдеді. Осылайша, қазақстандық ТЖМ құтқарушылары Түркияға аттанды. ТЖМ өкілдері Түркияда құтқару жұмыстары қалай жүргізілетінін айтты. 8 ақпанда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Түркия Республикасына шұғыл көмек ретінде 1 миллион доллар бөлуді тапсырды. Сонымен қатар, ол Қазақстандағы Түркия елшілігіне барып, көңіл айтты. Танымал әнші Димаш Құдайберген де концертінен түскен қаржының бір бөлігін Түркия мен Сирияға бөлетінін жеткізді. Ал журналист Нұрбек Бекбау Түркиядағы жер сілкінісінен зардап шеккендерге 100 киіз үй жіберуді ұсынды.

Сондай-ақ, Түркияда зардап шеккен және қаза тапқандар тізімінде қазақстандықтар жоқ екені айтылды. Алайда СІМ мәліметінше, Түркияда 75 мың қазақстандық болуы мүмкін. Ал консулдық есепте Қазақстанның 968 азаматы тұр. Кейінірек Түркиядағы жер сілкінісі кезінде қазақстандық жоғалып кеткені белгілі болды. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!