Алматы облысында ауыл әкімі өрт кезінде ерлік жасады

Кеше Қонаев қаласына жақын орналасқан Шеңгелді ауылдық округіндегі үйлердің бірінен өрт шықты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Алматы облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ведомство мәліметінше, өрттен шыққан түтінді сол сәтте қасынан өтіп бара жатқан ауыл әкімі Мақсат Жазиев байқап қалып, бірден өртеніп жатқан үйге барған.

"Үй жанына тоқтадым. Осы кезде үй иесі әйелі мен балаларын терезеден алып шықты. Ойлануға уақыт болмады. Жақын жерде болған бір адаммен бірге үйден газ баллонын шығардық. Олар өрт сөндірушілерді күтіп тұрғанда үйдің төбесіне шығып, шлангтан су құйып, отты ұстап тұрдық", - деді Мақсат Жазиев.

Қонаев қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі оқиға орнына 86621 әскери бөлімінің өрт сөндіру бөлімі шұғыл жеткенін мәлімдеді. Өрт толығымен сөндірілді. Қаза тапқандар мен зардап шеккендер жоқ. Үйді қалпына келтіруге әкімдік қолдау көрсетеді.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!