Түркияның ішкі істер министрі жарылысқа кімнің қатысы болуы мүмкін екенін айтты

Түркияның ішкі істер министрі жарылысқа кімнің қатысы болуы мүмкін екенін айтты
Фото: Reuters

Түркияның ішкі істер министрі Сүлейман Сойлу Ыстамбұлдағы жарылысқа Күрдістан жұмысшылар партиясының қатысы болуы мүмкін екенін айтты, - деп хабарлайды Deutsche Welle.

Бұл туралы ІІМ басшысы TRT Haber телеарнасында мәлімдеген. 

"Біздің болжам бойынша, бұл іске Күрдістан жұмысшылар партиясы жауапты. Бұған дейін 21 адам ұсталған. Бомбаны жарған адам ұсталды", - деді Сойлу. 

Бұқаралық ақпарат құралдарының қызметін бақылайтын Түркияның жоғарғы радио және теледидар кеңесі оқиғадан кейін көп ұзамай жарылыс пен оның салдарын жариялауға уақытша шектеулер енгізді.

Еске салайық, жексенбіде түстен кейін Ыстамбұлдың басты туристік көшесі саналатын Истикляльдегі жаяу жүргіншілер жолында жарылыс болды. Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанның айтуынша, жарылыс салдарынан алты адам қаза тапқан. Ыстамбұлдың Бас прокуратурасы оқиғаны тергеуді бастады. Қылмыстық сот оқиға орнынан және әлеуметтік желілерден тікелей хабар таратуға тыйым салды. Кейінірек TRT Haber теларнасы қауіпсіздік қызметкерлері осы оқиғадан кейін арандатушылық мәнде жазба жариялаған 25 қолданушыға қатысты тергеуді бастағанын хабарлады. Түркия билігі алдын ала мәлімет бойынша, бұл жарылысқа әйел кінәлі деп санайды. Алғашында оның суреті жарияланды, кейін күдікті қамауға алынды. 

Ал Ыстамбұлдағы ҚР Бас консулдығы жарылыс құрбандары арасында Қазақстан азаматтарының бар-жоғы туралы ақпаратты анықтау үшін Түркияның құзыретті органдары мен қала мэриясымен байланыста.  

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Сатыбалдина