"Екі рет оқ атылғанын естідім": Шымкенттегі атыс туралы жаңа дерек айтылды

"Екі рет оқ атылғанын естідім": Шымкенттегі атыс туралы жаңа дерек айтылды
Фото: ©️ Tengrinews.kz / Тұрар Қазанғапов

Шымкентте ер адамды бұрынғы таныстары атып кеткен. Оқиға 2 сәуірде Т.Шевченко көшесінде болған. Ер адамға травматикалық қарудан оқ атқандар дереу қолға түсті. Қазір тергеп-тексеру жұмыстары жүріп жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі otyrar.kz-ке сілтеме жасап. 

Шымкенттегі жеке үйлердің бірінің алдында жанжал болып, соңы атысқа ұласты. 2 сәуірде сағат 12:00 шамасында Т.Шевченко көшесінде  жігітті біреулер травматикалық қарумен атып кеткен. Оқиға орнына дереу тәртіп сақшылары жетті. Жәбірленушінің көршілері мұндай жағдай бірінші рет болғанын, дегенмен бұл үйде үнемі шу болатынын айтты.

"Екі рет оқ атылғанын естідім. Соған шықтым. Үйінде атыс болған шығар. Естіп келдім жаңа. Баласын білмейді екенмін. Осы жерде тұратынын ғана білемін. Аман ба, көрген жоқпын", - дейді көршісі.

Полиция департаментінің мәліметіне сүйенсек, ер адам мен оның бұрынғы танысының арасында жанжал туындаған. Соңында екінші тарап травматикалық қарудан оқ жаудырған. Оқиғаға қатысы барлар ұсталды.

"2 сәуірде Шымкент қаласы Т.Шевченко көшесіндегі үйдің алдында бұрынғы таныстардың арасында жанжал шыққан. Жәбірленуші медициналық көмектен бас тартты. Соталды тергеп-тексеру әрекеттері басталды", - деп жазылған Шымкент қаласы ПД баспасөз қызметінің хабарламасында.

Жәбірленуші ауруханаға жеткізіліп, алғашқы көмек көрсетілген соң, ауруханаға жатудан бас тартуына байланысты үйге қайтарылған. 

Еске салайық, бұған дейін Шымкентте атыс болғаны хабарланды. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова