- Негізгі бет
- Қазақстаным
- Отбасы жөн-жоралғысы...
Отбасы жөн-жоралғысы
Қазақ халқының ырым-тыйымдары ұлтымыздың рухани өмірімен ежелден бері біте қайнасқаны белгілі. Қазіргі кезде олар болашақ ұрпағымыз үшін үлкен тәрбиелік мағынаға ие болып отыр. Оған мысал ретінде той-томалақтардың өз дәстүрімізге сай өтіп жатқандығын айтсақ болады. Қазақта жанұя, шаңырақ көтеру, үй тіршілігі секілді қандай ырым-тыйымдар сақталғандығын көрейік.
- Жеті атаға толмай некеге отыруға рұқсат етілмейді. Бұл ұлт дәстүрінде туыстық қалыпты сақтау үшін, ұрпақ денсаулығының мықты болуы үшін қалыптасып, сақталған.
- Бұрын жалғыз ұл соғысқа алынбаған. Бұл – отбасының ұрпақ жалғастығы үзілмесін деген мағына.
- Баланың кіндігін кесу инабатты, ибалы әйелдерге ұсынылады.
- Жиеннен нағашының жолы үлкен. "Нағашымен күрескен жиен жығылады" деген сөз қалған.
- Өртте, індетте, апатта мал-мүлкі шығын болғандарға бүкіл ауыл адамдары, туыс-туысқандар бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып бірлесе көмектеседі. Халық ынтымағының бекемдігі қиын-қыстау кезеңде көрінген.
- Сырттан қосылған малды ел-жұртқа хабарлайды. Мал иесі сүйіншісін беріп, малын алады.
- Араздасқандарды ел ағалары (ақсақалдары) татуластырады.
- Үйге келгендер қамшысын екі бүктеп ұстайды.
- Оттың орнын аттауға болмайды.
- Үйленген ұлдарға әке-шешесі енші беріп, бөлек шығарады.
- Енші алған балалар әке-шешесіне, жақын туыстарына, үлкендерге арнайы қыстан сыбаға жібереді.
- Асарға, үмеге шақырғанда қалыс қалу өте ұят.
- Туыс адамдар қуанышты, қазалы күндерді бірлесіп көтереді, ат салысады, көмек береді.
- Сұрағандарға қарыз беру үлкен адамгершілік. Егер сұраған адам "Пайғамбар қарызы" деп сұраса оған үндемеу керек. Пайғамбарды ауызға алғаны оның қатты қысылып тұрғандығының әрі сөзсіз қайтаратындығының белгісі немесе кепілі.
- Иесі сатқан малының сілекейін орамалмен сүртеді. "Мал сілекейі" деген бұл ырым мал басы кемімесін, киесі кетіп қалмасын деген ниеттен шыққан.
- Үйге келген кісіні жылы шыраймен қарсы алады.
- Ұзатылып бара жатқан қыз артына қарамайды.
- Біреудің жақыны (әкесі, анасы, бауыры, баласы т.б.) қайтыс болса, сыйласқан адамдар сол кісіні үйге шақырады. Бұл қазақтың ежелден келе жатқан дәстүрі.
- Жігіт – қызға, жас палуан – қарт палуанға, жас ақын – аға ақынға жолын береді. Бұл мәрттіктің, қазақы қалыптың шын белгісі.
- Көршімен жақсы тұру – жақсы қасиет.
- Туыс-туған, ілік жекжаттармен араласып-құраласып тұру – ұлттық парыз.
- Қарттарға сәлем беру, науқастың көңілін сұрау – азаматтық міндет.
- Күйеуі қайтыс болған әйел жыл толмай тұрмыс құрмайды.
- Екіқабат әйелмен айырылыспайды, сонымен ондай әйелмен некеге де отырмайды. Әйел босанғаннан кейін рұқсат етіледі.
- Оң жақта отырып екіқабат болып қалған қыз қалыңдықсыз беріледі.
- Кірдің суын аяқ басып жүрген, көз көретін жерге төкпейді.
- Күлді баспайды.
- Қиын сәттерде жолдасын жолға тастамайды.
- Біреудің үйінде ірілік, дөрекілік жасамайды. Ондай жағдайда "Шаңыраққа қара" деп зіл айтады.
- Үкі тағылған, яғни айттырылған қызға құда жібермейді, сөз салмайды.
- Ұзатылған қызға жыл толмай өз үйіне келуіне рұқсат жоқ. Ол әбестік, ұят іс болып саналады.
- Қазақ әйелі орындыққа аяғын айқастырып отырмайды.
- Бір кісінің екі қызын қатар әйелдікке алуға рұқсат берілмеген. Тек алған әйелі қайтыс болған жағдайда екінші қызын алуға болады.
- Үйге келген кісіге "Сен кімсің?" демейді. Қонаққа ықылас білдіріп, төрге шақыру – ата дәстүріміз.
- Күйеу мен жігіттің төл сыбағасы – төс пен асықты жілік.
- Жаңа түскен келінді күйеудің туыстары арнайы үй көрсетуге шақырады. Оған дейін келін ол үйге бара алмайды.
- Келіншектің туыстары да күйеу баланы үйіне шақырады. Оны "Есік ашар" деп атайды.
- Қонаққа үй иесі аттанарда "Бұйымтайыңыз бар ма?" деп сұрайды. Ол "Тілегіңіз, қалағаныңыз бар ма?" деген мағынада. Қонақтың тілегін орындау парыз әрі құрмет.
- Кәрі кісілерге жұмсақ, дәмді тағам әзірленеді. Мұны "бел көтерер" деп атайды.
- Құрдас адамдар қалжыңдасып, әзілдесіп отырады. Оны ерсі санауға болмайды.
Оқи отырыңыз:
Қазақтар жыл санауды қалай түсінген?
Қазақтың қандай салт-дәстүрлері қазір өз күшінде?
Дайындаған: Жұлдыз Телемісова
Сурет: Massaget.kz
Н. Нұрмаханұлы