Қасиетті деп нені атаймыз?

Қасиетті деп нені атаймыз?

Жалған намыс - қасиет емес, ар сақтаған – қасиет. Қазақ жұрты сан ғасырлық тарихы бар жәдігерлерді жиып-теріп, оларды қасиетті санаған. Мұның барлығы - ұлт қазынасы, атадан қалған асыл мұра.

  • Атамекен, туған жер – әркімнің ата-бабасы, өзі туып өскен жер. Туған жерді, өскен елді құрметтеу, оған барып-қайту азаматтылықтың белгісі. «Алтын бесік» деп әспеттеп айтатын жаңа келген баладан бастап ересек адамдарға дейін туған жеріне аунатып алатын қазақ ырымы бар. Бұл бала отаншыл болсын, үлкендердің ауру-сырқауы, шер-шемені кетсін деген ұғымнан туған;
  • Қарашаңырақ – ата-бабадан қалған үй. Атадан балаға қалып келе жатқан киіз үй (қыстау) қасиетті орын есебінде сақталған. Мұндай үйді күтіп, таза сақтайды;
  • Киелі орындар – әулие-әнбилердің, батырлар мен би-шешендердің, атақты адамдардың мекен-жайы, қабірі қасиетті деп саналады. Мұндай орындарға халық әдейі барып зират етеді, түнейді, тілек тілейді;

  • Ананың ақ сүті – адам баласы үшін қадыр-қасиеті ерекше ұғым. Ананың ақ сүтін ақтау - өте үлкен парыз. Аналардың «Ақ сүтім ақталды» деп марқаюы балаларына деген ризашылықтың белгісі. Ананы риза ету - құдайды риза ету деген сөз;
  • Құран кітап – Мұхаммед пайғамбарымызға түскен қасиетті  төрт кітаптың бірі. Сол сияқты хадистер мен діни шариғат жинақтары да киелі саналады. Діни кітаптар таза қолмен ұсталып, таза жерде сақталады;
  • Дастархан – тағам,  дәм байлығы мен берекенің бейнесі, символы. Жақсы келіндер мен мырзалардың, қолы берекелі әйелдердің аттары осы кең дастарханнан шыққан. Дастарханды аттамайды, дастархан үстінде әдепсіз сөз айтылмайды;
  • Қара қазан – тоқтық пен мырзалықтың айғағы. Сонымен бірге ол ас пен адалдық қазынасы ретінде қастерленеді;

  • Ошақ – қазан-ошақ деп қосарлана айтылатын киелі де, иелі заттың бірі. «Ошақтың үш бұтынан бер» деген қазақта ізгі ақ тілек қалыптасқан;
  • От орны – киіз үйдің ортасында ошақ құрылып, қазан асылып, от жағылатын орын. От орнын аттамайды;
  • Төр – үйде қонақ отыратын жоғары, әрі қасиетті орын. Үйге келген адамға «төрге шығыңыз» деген ілтипат пен ақ ниет осыдан шыққан;
  • Батырлардың қару-жарағы – нағыз киелі заттар деп бағаланады. Қабанбай, Бөгенбай, Кенесары, Ағыбай сынды ерлердің қылыш, найзасы, сауыты мен дулығасы, ер-тұрманы, садағы, шоқпарлары ғасырдан ғасырға сақталатын мәңгілік мұра;
  • Аңшы, шебер құралдары – мергеннің мылтығы, аңшының қақпаны, үйшінің үкісі, ұстаның балғасы, етікшінің бізі де қасиетті мүлік есебінде сақталады. Ол ешкімге берілмейді, сатылмайды және оны жоғалтпай ұстайды;

  • Ұлылардың қаламы – сирек кездесетін бағалы мұра ретінде мұражайға, әрі үйде сақталады;
  • Ұстаның көрік үйі«халық ұғымында сақтайтын иесі, соған киесі бар деседі». Сондықтан оған жай адамдар, әйелдер кіре бермейді;
  • Жылқышының қара қосы – береке үйі деп халық оны жоғары бағалайды. Қыста «қара қоста» әрқашан жылқының семіз ет-майы, сорпасы мен құрт көжесі үзілмейді. Мұнда келгендер тойып жолға аттанады. Сондықтан жылқышының қара қосында қонақтар көп болады;
  • Ертеден қалған ескерткіштер – ежелгі қала орны, ата-баба жұрты, ескі қорымдық киелі орындар. Ондай жерге жай адамдар көп бара бермейді. Мұндай орындар барлық мемлекетте қамқорлыққа алынған;

  • Бұлақ – тазалық пен нәр көзі есебінде қасиетті. «Бұлақ көрсең көзін аш» деген қағида оның маңыздылығын білдіреді;
  • Өнер иелерінің мүлкі – әншілер мен композиторлардың, ақындар мен жазушылардың, қобызшылар мен домбырашылардың саз аспаптарын,  киімі мен тұтынған заттарын  халық ерекше мүлік ретінде қастерлеп ұстап, сақтап келген;
  • Бақан – шаңырақ көтеретін киіз үй мүлкі. «Бақанды аттама» деген тыйым оның өзіндік мәні барын білдіреді;
  • Мал басы (төл басы) – әр үйде «малымыздың басы құтты» деп айтатын киелі жануары болады. Олар: үйірін ит-құсқа бермейтін – айғыр, соңынан төл ерткен – ана бие, қой бастайтын – серке т.б. Қазақ мұндай мал басын сатпайды, айырбастамайды. 

 

Оқи отырыңыз:

Қазақтар жыл санауды қалай түсінген?

Сәрсенбі неге сәтті күн немесе аптаның әр күнін қазақ қалай түсінген?

Дайындаған: Нұрбол Нұрмаханұлы

Сурет:www.kyzdar-alippesy.kz,culturemap.kz

Н. Нұрмаханұлы