- Негізгі бет
- Қазақстаным
- Жақсы сөз –...
Жақсы сөз – жарым ырыс
Сөз қадірін білмеген өз қадірін білмейді. Жылы жылы сөйлесең, жылан інінен шығады. Мұның барлығы ата-бабадан қалған асыл сөздер. Қазақ жұртының жақын туысына, көршісіне деген ыстық ілтипаты сөз мәнерінен көрінеді.
- Кездескен адамдар бір-біріне «Ассалаймағалейкум!» деп сәлем береді. Бұл «Сізге нұр жаусын» деген сөз. Сәлем алушы «Уағалейкуміссалам!» дейді. Мағынасы «Сізге де нұр жаусын».
- Таңертеңгілік немесе таң атып келе жатқанда кездескен адамдар «Қайырлы таң» деп тілектестік білдіреді.
- Наурыз күні «Ұлыс құтты болсын», «төрт түлік ақты болсын» деп айтуды ұмытпаған жөн.
- Жаңа жылда «Жыл құтты болсын», «Бақыт, табыс жылы болсын» деп құттықтайды.
- Халық әдетінде әрбір істі, тамақты «біссімілла» деп бастайды.
- Үйге келген кісі шаңыраққа сәлем беріп кіреді. Үй иесі сәлемін алып, жасы кіші болса қайта сәлем беріп, «хош келдіңіз», «төрге шығыңыз» деп ілтипат көрсетеді.
- Кешкілік үйге келгендер «кеш жарық» деп кіреді.
- Қазақ әрбір сәтті күнде, қуанышта, мәжілісте, тойға келгенде «құтты болсын» деген игі сөзді қосып айтады.
- Тойға жиналғандар «той тойға ұлассын» деп құттықтайды. Мұны қабыл алғандар «айтсын», «айтқаның келсін», «бірге болсын» деген жылы сөздермен қарсы алады.
- Мәжіліске немесе бірнеше адам бас қосқан жерге келген адам «орта толсын» дейді. Үйдегілер «кемісі сізбен толсын» деп орын ұсынады.
- Жұмыс немесе іс басына келген адам «іске сәт» десе, оған «айтсын-ақ» деп жауап береді.
- Жаңа үйленген жастарға «құсың құтты болсын», «отау берік болсын» дейді.
- Ас үстіне келгендер «ас тәтті (дәмді) болсын» деп айтады.
- Жаңа қоныстанып жатқандарға «қоныс құтты болсын» деп жөн сұрасады.
- Көшіп бара жатқандарға « көш өң болсын», «көш көлікті болсын» деп тілек білдіреді.
- Жолаушыдан «қайда барасыз?» деп сұрау дұрыс емес. «Жол болсын», «жолдасың Қыдыр болсын», «сапарың сәтті болсын» деу керек. Ол «әлей болсын» деп жөнін айтады.
- Зат, бұйым сатып алғандарға «игілігіңе тұтын» делінеді.
- Киім сатып алғанға «киімің күйрек, жаның берік болсын» деп айтады.
- Соғым сойған үйге «бұйыртып жегізсін» дейді.
- Жаңа туған айды көргенде «ай көрдім, аман көрдім, ескі айда есірке, жаңа айда жарылқа» деп бата жасайды.
- Ағып түскен жұлдызды көргендер «менің жұлдызым жоғары» деп тәубаға келеді.
- Алғаш күн күркірегенде «жер көк болсын», «ақ көп болсын» деп тілек тілейді.
- Мал төлдетіп жатқандарға «төл көбейсін» дейді.
- Егін егіп жатқандарған «бір дәнің мың дән болсын» дейді.
- Адам түшкірсе «жәрәкімалда» дейді.
- Жел шығарып қойған адамды «шөремді бер» деп құлағынан тартып, ұялтады.
- Ауырған науқастың көңілін сұрап «тез сауығыңыз», «дертіңе шипа берсін» деп тілектестік білдіреді. Кешкілік аурудың көңілін сұрамайды.
- Ересек адам қайтыс болса «иманды болсын» деп бет сипайды.
- Қайтыс болған адам туралы айтқанда «жер хабар бермесін» дейді.
- Ашу үстіндегі кісіге «пәленшеге, бір ашуыңызды маған беріңіз» деп басу айтады.
- Тіл, көз тимес үшін «тіл аузым тасқа», «тіпә-тіпә» деп қояды.
- «Шаңыраққа қараңыз!» Бұл астамсыған, артық сөйлеп, орынсыз мінез көрсеткен адамға айтылатын ескерту.
Оқи отырыңыз:
Қазақтың қандай салт-дәстүрлері қазір өз күшінде?
Ұлттық киімдерге байланысты салт-дәстүрлер мен ырымдар
Айдар, кекіл, тұлым қою: қайта жаңғырған салт-дәстүрлер
Дайындаған: Жұлдыз Телемісова
Сурет: Massaget.kz
Н. Нұрмаханұлы