Жас ақындар жыр оқыды жалындап

Жас ақындар жыр оқыды жалындап

Кеше ғана «Жас ақындар Алматыға жиналады» деп жар салған едік. Ол күн де өтті. Қай кезде де тойдың болғанынан боладысы қызық болған. Жас ақындарымыз бұл кешті асыға күтті. Еліміздің әр түкпірінен жиналады деп жоспарланғанымен, алыс облыстардан жастарымыз жете алмады. Себеп әрқалай. Хош. Сонымен сайдың тасындай іріктелген жас ақындар Алматыда бас қосты. Дәлірек айтсақ Жазушылар Одағында жиналды.

«Қазіргі заман жастар әдебиеті» атты жиынның бағдарламасы бойынша, алдымен жас ақындарға мастер-класс ұйымдастырылды. Мастер-класты Исраил Сапарбай, Дидахмет Әшімхан, Аманхан Әлімұлы, Бақыт Беделхан, Мұрат Шаймаран секілді белгілі ақын-жазушылар жүргізді. Айтары бар ағалар мен жастар арасында болған кездесуде әдебиет төңірегіндегі келелі мәселелер қозғалды. Поэзия мен прозаның бүгінгі бет алысы, жас ақындардың аяқ алысы жайында ой-пікірлер айтылды. Бақыт Беделханша айтсақ, «бұл кездесу ешқандай да ақыл айту емес, жастармен пікірлесу, ой бөлісу, өзара ымыраласу» болды.

Мастер-класс соңы Одақ сахнасындағы жыр кешіне ұласты. Тараздан Хамит Есаман, Табиғат Абаилдаев, Наурызбек Сарша, Нұржан Қыдырәлі келсе, Шымкенттен Әлімжан Әлішер, Астанадан Ажар Ерболған, Көкшетаудан Саян Есжан, Қарағандыдан Салтанат Жүсіпова, Қапшағайдан Мақпал Мысалар келді. Алматы қаласындағы әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің филология факультетінен Қайсар Қауымбек бастаған Бекзат Смадияр, Бауыржан Мырзақұлов, Әріби-Әрібек Дауыл, Асылан Тілегенов, Нұртас Тұрғанбек, Марғұлан Ақан, Ықылас Тұрсынбекұлы, Тұрсынбек Башар, Абылайхан Жұмаш, Жандарбек Жұмағұловтар қатысты. Ал осы университеттің журналистика факультетінен Бауыржан Әліқожа, Алаш Тұрсынәлі, Жақсылық Қазымұратұлы, Ерзат Асыл есімді жас ақындар болды. Орта Азия университетінен Еламан Хасен, Абай атындағы ұлттық педагогикалық университетінен Құндыз Жұбаева, Қайнар университетінен Қуаныш Жазай, сондай-ақ Бағашар Тұрсынбайұлы, Ретбек Мағаз сында жас ақындар да Одақ сахнасын жырға бөледі.

Бұл жас ақындардың алды екі кітап шығарып үлгерген, ел танып қалған жастар болса, соңы университет қабырғасына биыл түскен студент. Кештің жүргізушісі Ерлан Жүніс, алғашқы сөзді Жазушылар Одағы төрағасының орынбасарлары, қос ақын Маралтай Райымбек пен Жанарбек Әшімжанға берді. Кешке аз көрермен жиналса да, жас ақындар бірінен соң бірі өлең оқып, дуанды бастап жіберді. Алыстан алып-ұшып келген қонақтардың ішінен Саян Есжан, Наурызбек Сарша сынды жас перілерге көрермендер ықыласы ерекше болды. Өздерін «Қайсардың қағанатымыз» деп таныстырған ҚазҰУ-дың бір топ жас ақындары «Әдебиетке тағы бір жаңа буын келе жатырғанын» бір дәлелдей түсті.

Сахнаға көтерілген әр жас ақынға қалағанынша өлең оқуға мүмкіндік берілді. Кешке ұйғыр әдебиетінен де қаламгерлер келді. «Қазақ әдебиеті газетінің» тілшілері, бірі сын саласында бірі проза саласында қалам тартып жүрген Бағашар Тұрсынбайұлы мен Алмас Нүсіп өз қатарлас жас ақындар мен жас жазушылар жайында баяндама жасады. Кеш соңында белгілі сыншы, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Әлия Бөпежанова, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, Тәуелсіз «Платиналы Тарлан» сыйлығының лауреаты Исраил Сапарбай сөз сөйлеп, кешті қорытындылады. 

Кештен көрініс:

Дайындаған: Шерхан Талапұлы

Сурет: Шерхан Талапұлы

Ш. Талап