Түбірім - терең, тұғырым - емен

Түбірім - терең, тұғырым - емен

Тұма сезімнің тұнығын жырлап, құла жүйріктің бірі болып әдебиетке ат ізін салып кірген жас ақын - Қайсар Қауымбек. Жүрегі баладай, тілегі даладай болған, болмысынан-ақ ақындық тұрпаты айқын аңғарылып тұратын осы бір нәзік те аңғал ағамыздың өлеңдері сіздердің назарларыңызда. 

Алматы - о, менің жаралы жүрегім!
                                             М.Шаймаран

Құлай сүйіп өмірімен, өлеңмен, 

Сені Алматы - ару дейді ел, 

Сенем мен. 
Көйлегіңнің етегіне ілесіп, 
Көлбең қағып мен де артыңнан жөнелгем. 


Қарсы алдымда жалаңаштап кіндігін, 
Сол Алматы маған қарап тұр бүгін. 
Алатаудың жас тоқалы секілді, 
Жанарына жасырған бір сұмдығын. 


Кездесу де, күю, сүю - түс бәрі, 
Есімде жоқ қалай құлап, құшқаным. 
Жүрегім деп айтты кейін сені ағам, 
Мен жағамды ұстадым. 

Ал сенің ше?!
Түрің де жоқ қымсынар, 
Ақ төсіңе шайыр біткен ұмсынар. 
Айдындықтай білегіңді жастанып, 
Ақындардың өлетіні шын шығар. 

Қайран, менің аппақ арлы далам-ай, 
Қалай кеттім қайрылып бір қарамай. 
Абайсызда арбалған бір бейбақпын, 
Кешір мені, аңғал, аңқау ағам-ай!

 

ОРАЛМАН

Түбірім - терең, тұғырым - емен, 
Тірімін әлі, Тұраным, оңда!
Ғұмырым - қыран, тұнығым - өлең, 
Құбылам - қағба, құраным қолда. 

Сері де менмін, шері де менмін, 
Қызылдың қырғын үркіні келген. 
Бел асып кеткен бөрі де менмін, 
Төсімді түгел Түркі, Ғұн емген. 

Төбең де менмін, төрең де менмін, 
Сүйегім аппақ, тұмарым аман. 
Шерді де жұттым, шемен де болдым, 
Құл басқа шықса, кінәлі - заман!

Зар мұңым жырда, азабым күйде, 
Тағдырым қимас бақты ойлай бердім. 
Бөркімді алған әзәзіл-дүние, 
Бетімнен неге қақпайлай бердің?!

Қазығым елде, азығым көпте, 
Ажырап қалған солардан қолым. 
Тамыры жерде, тәңірі көкте, 
Ғұмыры бұраң "оралман" болдым!

 

Сүйем мен жез тырнақты дүниені, 

 Қайт дейсің, не істе дейсің енді маған?!

                               Есенғали РАУШАНОВ

 
Қобыз қайғымды қоздатқан сенсің!
Бота мұңымды боздатқан сенсің!
Жек көрем сені, жаныңа келсем, 
Жетімек қылып сорлатқан сенсің!

Шер болды маған сені көргенім,
Шешемдей болып еміренбедің. 
Әкелген жалғыз қуанышыма, 
Әкемдей болып тебіренбедің!

Сарылып күтіп, сағына алмадың, 
Сарғайып жетсем жарыла алмадың. 
Адасып қалған ұлдарың үшін, 
Атамдай болып аңырамадың!

Жоқ дейсің бе әкем, жоқ дейсің бе анам?!!
Жүрек қой мынау дерттей сыздаған. 
Өзекке тепсең өзің біл енді, 
Сонда да сүйем!
Не істейсің маған, 
АЛМАТЫ?!!!

Сурет: жеке мұрағаттан

 


Л. Лига