Мен бір байдың баласы

Мен бір байдың баласы

Ретбек Мағазұлы 1989 жылы ҚХР, Алтай өңірінде дүниеге келген. 2007 жылы атажұртқа оралған. Абай атындағы қазақ ұлттық педагогикалық университетінің түлегі.

Он түйме

Ең ежелгі ата баба салтында,

Қасиет бар берілмейтін алтынға.

Осы салтпен ақ босаға аттайтын,

Ару қыздар, ары таза қалпында.

 

Небір жарым әбестікті шын жырлап,

Осы дәстүр жалғасыпты мың жылдап.

Онда қыздар құрақ сынды тербеліп,

Бұлақ сынды күледі екен сыңғырлап.

 

Мөлдіреген жанарындай дала шық,

Таңмен бірге атады екен таласып.

Бестемшелеп өрген қара бұрымы,

Тұрады екен камзолына жарасып.

 

Әппақ жүзін шарпып айдай нұрлы леп,

Өскен дейді сымбатты да сырлы боп.

Шолпысындай жалт-жұлт етіп жанары,

Үкісіндей жүреді екен үлбіреп.

 

Қырық үйден тыйым көріп жол айқын,

Ана болып ертеңіне қарайтын.

Онда қыздар камзолының өңіріне,

Қатар-қатар он түймені қадайтын.

 

Байсалдырақ болған дейді көш бұдан,

Ол заманның жігіті де қас қыран.

Іздейді екен сүйген жарын сағынып,

Ат сабылтып алты қырдың астынан.

 

Алты қырдан келген ерді жол алып,

Ай сәулесі түскен шақта бозамық.

Айдай ару күтеді екен алдынан,

Тұлпарының шылбырына оралып.

 

Жігіт ер боп, сөз айтуға жараса,

Қыз ару боп наздануды қаласа,

Кетеді екен дәл сол түні қос ғашық,

Сол ауылдан көзден таса, оңаша.

 

Ғашықтарды қауыштырып түнгі ызғар,

Қалқа болып тұрады екен шың-құздар.

Ай анасы барлық іске куә боп,

Жымың-жымың күледі екен жұлдыздар.

 

Желік сезім шығар бәлкім көктемгі ол,

Желіктіріп әлдеқайдан жеткен жел.

Камзолының түймесіне арудың,

Жігіт бір кез салады екен еппен қол.

 

Бұл қандай түн...

Құпиялы қара түн,

Қандай пенде тәуекелге баратын.

Арыстандай алып-ұшқан жігітті,

Сол он түйме көп сарсаңға салатын.

 

О, он түйме, ар-ұят қой сірә да,

Аққуларын аттатпайтын күнәға..

Дәл сол сәтте қыз бетіндей қызарып,

Көкжиектен көрінетін күн ана...

 

Міне, солай сөгілетін қара түн,

Қызғалдақтар еркін қауыз жаратын.

Ақ табиғат ардақтаған еркесін,

Өз қолымен арашалап қалатын.

 

...О, он түйме, бұл күн маған кермексің,

Не себепті еріккенге ермексің?!

Алаң ашық қалды бүгін орының,

О, он түйме, сен жоқсың...

 

О, аққулар, емін-еркін самғай бер,

Хақ тағала сұлулықты қолдай көр.

Аққу мойын арулардың төсінен,

Он түймені үзіп алған қандай қол?

 

Ебелектер елбеңдейді кешкілік,

Он түймені қойшы дедік, ескілік.

Ат сабылтып алты қырдың астынан,

Түйме ағытып қиналған жоқ еш жігіт.

 

О, он түйме, қадіріңді білдім бе,

Сол себепті махаббат жоқ бұл күнде.

Сұлу келіп шылбырыма оралып,

Енді қайтіп міне алмаспын дүлдүлге...

 

Сұлулықты қорғау

Сен өзі ғарыштан ба, жерден бе едің?

Тілінген мен бір ақын шөлден ерні.

Сыйлаған Хақ тағала табиғатын,

Жердегі періштедей пенде ме едің?

 

Бетінде дөңгеленген керең жердің,

Мен бәлкім ешкімге де еленбермін.

Астына орамалдың орап қойған,

Бар құнын сұлулықтың сенен көрдім.

 

Шығыстан шұғылалы таң сағынам,

Бар әлем жүрегімен салса бір ән.

Сен қайтып ұйпаланбай аман қалдың,

Күнәһар, кір ғаламның саусағынан?!

 

Асқынып арзан ойын, күлкі – желік,

Бұл заман бұлаңдайды түлкі болып.

Сен қайтып билеп кетіп қалмағансың,

Ес – түссіз, шайтандардың ырқына еріп.

 

Сезініп қор болғанын асылдың көп,

Ұялап жанарыңа ғасыр мұң боп.

Ақ жүзіңді, аққудай мойныңды,

Тойымсыз жанарлардан жасырдың кеп.

 

Пәнидің мәңгілікке еместігін,

Сезіндің екі дүние кеңестігін.

...Кімнің көзін үлгірсін көлегейлеп,

Көкірегімді сыздатқан көмескі үнім.

 

Ташкент қызы

Киелі сезім қаласа бізді,

Көктемге балап қараша күзді.

Шымкентте алғаш ұнатып қалдым,

Ташкенттен келген тамаша қызды.

 

Қаларын білмес ызғарға бала,

Сұлуды менен қызғанба қала.

Келбеті сирек кездесер еді,

Шығыстық әсем қыздарда ғана.

 

Періште сезім аймала мені,

Шығыстың өпсін жай ғана лебі.

Еркін бір жүрген еліктей сергек,

Түрік ерінді, ай қабақ еді.

 

Алтайдың асып айбынды белін,

Келгенде сездің қайғымды менің.

Қап – қара түнде оңымнан туған,

Айнұрым – әппақ айдың нұры едің.

 

Тұманнан аршып басымды қалың,

Тәрк етіп тастап ақылдың бәрін.

Есіме сосын ештеңе түспей,

Кешіп ем үнсіз Хафиздың халын.

 

Татымас саған бүгінгі қала,

Төге бер қалқам нұрыңды дара.

Амалсыз сенен алыстап кеттім,

Тартуға тастап жырымды ғана.

Ташкент қызы...

 

Кербұғы

Қоңыр елдің бүгінгі көр ғұмырын,

Өр Алтайда жоғалтқан өр қылығын.

Қызыл қанға құныққан есіріктер,

Кесіп жатыр мүйізін кербұғының.

 

Еркіндігі жоғалған кербұғы - елге,

Туар ма екен бір ерлік енді жерде.

Баяғы сол қоршауды шыр айналып,

Қоса алмай жүр жалған – ай, дөңді дөңге.

 

Қатыгездік жайлаған ғасыр мына,

Мүйіз түгіл жұтпақшы басымды да.

Арсыздардың аузымен опат болды,

Бабалардан жалғасқан асыл дұға.

 

Бүгін бізде мүйіз жоқ сала - сала,

Қара басым қансырайды қарашада.

Тек, ғайыптан таматын жалғыз тамшы,

Иманым жүр ортада арашаға.

 

Дөңгеленген бетінде жалғыз жердің,

Сағынады бір ащы жалбызды ернім.

Айбатынан айырылған қу басыма,

Басынғысы келеді әркімдердің.

 

О, Қазағым, қоңыр ел, кербұғы анам.

Қобыз үнін сүйеді шерлі ғалам.

Қайратымды қайтарып бойымдағы,

Айбатымды бере көр енді маған.

 

Гималай (Бұланай)

«Дегенде Бұланайды, Бұланайды,

 Бұланай жер құласа, құламайды...»

                        Қара өлеңнен

Бурыл-бурыл Бұланайды басқан бұлт.

Бұйра-бұйра Бұланайдан асқан бұлт.

Жаңбыр болып төпеп-төпеп алуға,

Бұлт та болса аңсап барады бостандық.

 

Соңына ерген жылан тілді жарақтар,

Ажал бүркіп қатуланған қабақтар.

Барады асып Бұланайдың мұз басын,

Араласып бұлтпен бірге қазақтар.

 

Қар үстінде қалқа болмай лашық,

Туған жерді қимай-қимай жыласып.

Жаһандағы тіршілік жоқ өңірден,

Атам қазақ бара жатты тірі асып.

 

«Елім-айлап» салған әні жаңғырып,

Көш келеді туған жерін қалдырып.

Қара атанның ізі қалды қан тамған,

Мөрдей болып мұздықтарда мәңгілік.

 

Көздің жасы айнала алмай бұлаққа,

Үрейлі бір үндер жетіп құлаққа.

Гималайда қатып қалды қанша жан,

Кәлимасын айтып қалды бірақ та...

 

Жүректерге қадалса да қорғасын,

Жаратқанның сүйген құлы болғасын,

Ертеңіне сенімдері жоғалмай,

Еркіндікпен құрғатыпты көз жасын,

Бостандық!

 

Ертістің бойы құмды алқап...

Ертістің бойы құмды алқап,

Қараған түбін шіл жортады.

Сексеуіл, жыңғыл, тораңғы,

Көп өсетұғын ши, жантақ.

 

Сандық, сандық, Сандыққұм,

Құрмады сенде салдық кім?

Аралыңда келіп өмірге,

Арманды қуып, арды ұқтым.


Айғайда, айғай, Айғайқұм,

Аязды күні қой жайдым.

Ғұмырым жайлы толғандым,

Шырылын естіп торғайдың.

 

Мәмәділ-маңғыз құм жақты,

Қызартып қанша күн батты.

Сергелдең қалпы мен кеттім,

Сендегі сезбей жұмбақты.

 

Күн асқан құмды мен де асып,

Аспандап емес, жер басып.

Күн түбіне жорттым,

Күлтегін күрсінісімен мұңдасып.

 

Алтайым, асыл, арман жер,

Ақселеу-жазық, балбал-бел.

Іркемін әрең жасымды,

Күлтегіннен де қалған жер.

 

Шымырлап Ертіс аққан жер,

Бабалар қазық қаққан жер.

Қасқыр боп жортып түн барады,

Қиялым менің қақпан бел.

 

Мен бір байдың баласы...

Мен  бір байдың баласы қалаға келген,

Елде туған, Алтайды сағалап өнген.

Әке көріп оқ жонып, отын да тасып,

Қара өлеңнің қамшысын шаранада өрген.

 

Қыран даусы жететін жаңғырып көктен,

Көк дөненін Ертіске салдырып та өткен.

Мен бір байдың баласы, қазынасы мол

Қарапайым әкесі қалдырып кеткен.

 

Көк пен жерді арманы тұратын жалғап,

Әкім емес, бұйырса, түбі ақын болмақ.

Мен бір байдың баласы, қалаға келіп,

Кедейлердің пәтерін тұратын жалдап.

 

Өмір сүрер көмкеріп ғасырын гүлмен,

Жасығы менен жалғанның асылын білген.

Мен бір байдың баласы, көпке керексіз

Балағынан байлығы шашылып жүрген.

Дайындаған: Қайсар Қауымбек

Сурет: жеке мұрағаттан

Қ. Қауымбек