- Негізгі бет
- Поэзия
- Жанарың жебедей кеп...
Жанарың жебедей кеп жыртып өтіп, өлімсіреп, өле алмай жатам кейде
Құрметті оқырман, бүгін біз сіздерді жас ақын Әрібибек Дауылдың қаламынан тамған мөлдір жырларымен сусындатпақпыз. Ұтымды ой, көркем сөз қоладаныстарын пайдалана отырып, әдемі жыр жолдарын түзетін жас ақынның шығармашылығына үңілейік.
Өлгенде тыныштық бер
Түн кетерде туатын «шолпан» шырай,
Саған сыйым болмай жүр «ортаншыдай»
Сүйемін ғой, сондықтан сорпам шыға,
Жүрек жалтақ, байқатты қорқар сыңай.
Қырау қабақ, қатыгез қатал бейне,
Қарашығың «қолқадан атам» дей ме?!
Жанарың жебедей кеп жыртып өтіп,
Өлімсіреп, өле алмай жатам кейде.
Түнерген тұтқыр тұман, түнек пе едің?
Қаймығып қамалады жүректегі үн.
Жанымда жадап қалды-ау, жүдеп менің,
Есіңе ал бірнеше мың күн өткенін.
Жастығым желік беріп желпіп ұштық,
Көзің сұсты болғанмен, көркің ыстық.
Сол ұшқаннан мол ұшып, қона алмадым,
Қанат күйіп өлген күн бер тыныштық!
Мұңлықтардың мекені
«Мұңлықтардың» мекені мына мекен,
«Зарлықтардан» қалатын мұра бөтен.
«Шұға» обасын құшақтап қанша ғашық,
Өксік атып қаншама жылады екен?!
Періштем пейілімді білші менің,
Мұңлықтың тыңдаймысың мың тілегін?!
Түршігемін, сергимін, сілкінемін,
Жас басыммен жабығып күрсінемін.
Құмарлық ғашықтықты бөле қарап,
Жүргенде жіберді екем неден ағат!?
«Қозы-Баян», «Шұғаның белгілері»,
Сәл мұңайсам көңілге келе қалад.
Томпиған молалары келе қалад,
Монтиған құл «Қодарлар» жебе қадап.
Аңқиған «Қозы» жігіт өле қалад.
...Жібекті жарытпайды Төлеген ап...
Махаббат мұра қылған мұң дастанын,
Төгілтіп, толқып айтып тұрды аспаным.
Жерленген ыстық құшақ жазылмастан,
Қарашы, моласында шым басқанын...
Мұңлықтар осы ма әлде сынбас тағың?!
Жаным шыға, жындана жыр бастадым.
Шұғадай ару тауып сыр да ашпадым,
...Сонша сүйдім, көнбеді ол,
...құрымас бағым...
Сурет: milla2.mindmix.ru
А. Әбілхан